Популярные темы

Pfizer вакцинасы: қазақстандықтарға маңызды 10 сұрақтың жауабы 11 ноября 2021, 14:42

Дата: 11 ноября 2021 в 14:53 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Pfizer вакцинасы: қазақстандықтарға маңызды 10 сұрақтың жауабы
                11 ноября 2021, 14:42
Стоковые изображения от Depositphotos

Қазақстанда Pfizer вакцинасы жеткізілді. Қазір вакцинаның 379 мың дозасы өңірлерге жіберіліп жатыр. Pfizer вакцинасы кімдерге салынады? Tengrinews.kz тілшісі Pfizer вакцинасы туралы қазақстандықтар білуі қажет 10 сұрақтың жауабын жинады. 

Қазақстанға Pfizer вакцинасының қанша дозасы жеткізіледі?

Кеше елімізге Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді. Ол бүгіннен бастап өңірлерге жіберіліп жатыр. 

«СҚ Фармация» баспасөз қызметінің басшысы Әйгерім Смайылованың айтуынша, Қазақстан Pfizer вакцинасының жалпы 4 миллион 230 мың дозасын сатып алды. Яғни, бұл вакцинаны 2 миллион 115 мың қазақстандық салдыра алады.  

Pfizer вакцинасы кімдерге салынады?

Қазақстанда Pfizer вакцинасын 12 мен 18 жас арасындағы балаларға салу жоспарланған. Сондай-ақ, бұл вакцинаны жүкті немесе бала емізетін әйелдер салдыра алады.

Балаларға келсек, вакцина алдымен 16 және 18 жас арасындағы жасөспірімдерге салынады. Кейін жас төмендей береді — тиісінше 15, 14, 13, 12 жастағы балалар екпе алады. Балаға вакцина тек ата-анасының рұқсатымен салынады. 

Ал әйелдерге келсек, вакцинаны жүктіліктің 16-37 аптасы мерзіміндегі жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін бала емізетін әйелдер салдыра алады.

Pfizer вакцинасын кімдер салдыра алмайды?

Pfizer вакцинасы балалар, жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге арналған. Басқа топтарға салынбайды.

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, әзірше басқа топтағы азаматтарда Pfizer вакцинасын салдыру мүмкіндігі жоқ. 

«Бүгінде Pfizer вакцинасы үш санатқа жататын адамдарға: 12 жас пен 17 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балалар, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанынан 42 күн өткен әйелдерге арналған. Басқа топтағы адамдарға бұл вакцина әзірге қарастырылмаған», — дейді Әсел Қалықова ӨКҚ брифингінде.

Бірақ бұл топқа жатпайтындар Pfizer салдыруға өтінім қалдыра алады. Егер доза артық қалса, басқа топтағы адамдарға салынады. 

Pfizer салдырған жүкті әйелдің баласы дүниеге сау болып келе ме?

Жүкті әйел вакцина алса, баласы коронавирусқа қарсы иммунитетпен дүниеге келеді. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді.

Ол вакцина кезінде тырысқақ, туберкулез сияқты індеттерді жеңуге көмектескенін атап өтті. 

«Жүкті әйел вакцина алса, баласында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет болады. Бірақ оның антиденесі қаншалықты болатыны әр ағзаға байланысты. Бала иммунитетпен дүниеге келеді деп айта аламыз», — деді Светлана Сұлтанғазиева. 

Оқушыларға вакцина қайда салынады?

Қазақстанда балаларға вакцина мектептерде де салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

«Балаларды вакциналау бұрыннан оқу орнындарындағы егу пункттерінде, яғни білім беру ұйымдарында жүргізіледі. COVID-19-ға қарсы вакцинация білім беру ұйымдарында және республиканың егу пункттері желісінде де жүргізілді. Вакциналау ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің басқа да заңды өкілдерінің ерікті түрде келісімінен кейін ғана жүзеге асады», — деді Цой.

Балаға Pfizer вакцинасын салу алдында қандай шаралар болады?

— ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен 12 жастан 18 жасқа дейінгі егілетін адамға тексеру және сұрау жүргізіледі;

— иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, егуді жүргізуге рұқсат ресімделеді,

— егілетін адамға және/немесе оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық егу, ықтимал реакциялар мен иммундаудан кейін жағымсыз жайттар, егуден бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпарат беріледі.

Pfizer вакцинасы қалай сақталады?

Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімін қамтамасыз ету үшін сақтау мен тасымалдаудың әртүрлі деңгейлерінде «суық тізбек» қамтамасыз етіледі.

Pfizer өндірісінің вакцинасы минус 60-90 градус температурада облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларында сақталады.

Білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдардың егу пункттерінде күнтізбелік 31 күнге дейінгі мерзімге плюс 2-8 градус температурада сақталады.

Pfizer вакцинасын салдырғандар кейін ревакцинациядан өтуі керек пе?

Иә, ДСМ, мәліметінше, Pfizer вакцинасын салдырғандар да ревакцинациядан өтуі керек, яғни үшінші доза салдырады.

Pfizer вакцинасын салдырғандар алты айдан кейін ревакцинаға бара алады. Үшінші доза ретінде оларға инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник V) вакцина салдыру ұсынылған. 

Pfizer вакцинасын балаларға егу қай елдерде жүріп жатыр?

Pfizer вакцинасына қатысты таяуда сынақ өткен. Онда бестен 11 жасқа дейінгі 4,5 мың баланың жартысына Pfizer вакцинасы, қалған жартысына плацеба салынған. Нәтижесінде сынаққа қатысқандардың иммунитеті артқан.

Қарашаның басында АҚШ-та балаларға 5 жастан бастап вакцина салу мақұлданды. Бұл елде балаларға Pfizer вакцинасы салынады. 

BBC мәліметінше, Франция, Дания, Германия, Ирландия, Италия, Испания және Польша секілді еуропалық елдер 12-15 жас арасындағы балаларға Pfizer/BioNTech вакцинасын салуды мақұлдаған.

Қазанда Украинада да 12 жастан асқан балаларға осы вакцинаны салуға рұқсат етілді. 26 қазандағы жағдай бойынша, Украинада 12-17 арасындағы 13,5 мың бала екпе салдырған. 

Көрші Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарына қарағанда, көрші елде қыркүйекте 12-15 жас арасындағы балаларға Pfizer/BioNTech вакцинасын салдыруға рұқсат берілген. Қыркүйекте Өзбекстанға америкалық вакцинаның 1,2 миллион дозасы жеткізілген. 

Алматыда қанша ата-ана баласына вакцина салуға келіскен?

30 мыңнан аса алматылық баласына Pfizer вакцинасын салдыруға келісім беріп отыр. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді.

«Алматыда 12 мен 17 жас аралығындағы 170 мың бала бар. Оның ішінде ата-ананың 20 пайызы баласына Pfizer вакцина егуге келісті, бұл 30 мыңнан аса ата-ана. Бірақ бұл көрсеткіш артады. Біз вакцинацияға жауапты 20 медициналық ұйымды іріктеп алдық, мамандандырылған бригадалар мектептерге барып, екпе салады», — деп түсіндірді Светлана Сұлтанғазиева.

Бұған дейін ревакцинацияға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын дайындаған едік.

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями