Популярные темы

«Оппозиция қатыспады». Өзбекстанда президент сайлауы қалай өтті? 26 октября 2021, 17:31

Дата: 26 октября 2021 в 17:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Стоковые изображения от Depositphotos

Өзбекстанда 24 қазанда президент сайлауы өтті. Оның қорытындысы бойынша, Шавкат Мирзиеев 80,1 пайыз дауыспен екінші рет президенттікке сайланды. Алайда сарапшылар оған қарсылас бола алатын лайық кандидат болмағанын айтып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Өзбекстандағы сайлауға шолу жасап, БАҚ-тағы сарапшылар пікірін баяндайды. 

80,4 пайыз адам дауыс берді

Өзбекстанда сайлауға дауыс бере алатын 19,86 миллион адамның 80,4 пайызы қатысты. Бұл 16 миллионнан аса адам. Елде 11 мыңға жуық сайлау учаскесі жұмыс істеді, ал шетелде тұратындар 38 елдегі учаскелерде дауыс бере алды.

Биылғы сайлауда 5 үміткер президент лауазымына таласты. Бес жыл бұрын Ислам Каримовтың орнына сайланған Шавкат Мирзиеевтің басты қарсыласы — кандидаттар арасындағы жалғыз әйел Максуда Ворисова саналды. Ол 6,6 пайыз дауыс жинады.

Сонымен қатар, «Адолат» («Әділдік») социал-демократиялық партиясының жетекшісі Бахром Абдухалимов 3,4 пайыз, «Миллий тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») демократиялық партиясының басшысы Алишер Кодиров 5,5 пайыз және Экологиялық партиядан Нарзулло Обломурадов 4,1 дауыс жинады. 

Сайлау учаскелері 24 қазанда жергілікті уақыт бойынша 8:00-де ашылды. 11:00-де сайлау ресми түрде өтті деп есептелді, себебі сайлаушылар саны 33 пайыздан асты. Жергілікті уақыт бойынша 13:00-де сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерді.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет тарапынан сайлауға жақсы баға берілгенін, тәртіпбұзушылықтар аз болғанын және тұрғындар жоғары белсенділік танытқанын хабарлады. Сайлау барысын жергілікті бақылаушылармен қатар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының мүшелері қадағалады. Алайда олардың пікірі биліктен алшақтау.

«Өзбекстан президентінің сайлауы демократиялық реформаларды жалғастыру қажет екенін көрсететін тәртіпбұзушылықтармен өтті», — деді ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясының арнайы үйлестірушісі Рейнхольд Лопатка баспасөз мәслихатында.

«Дауыс беру күні бейбіт өтті. Бірақ біз айтарлықтай процедуралық заңбұзушылықтарды байқадық», — деді Лопатка. Оның сөзінше, «Президенттікке кандидаттар қазіргі мемлекет басшысын сынау мүмкіндігінен айырылды» және «БАҚ-тың ашықтығына қарамастан, ел тұрғындарының еркін пікір білдіру құқығы шектеулі» болған.

Сайлауға оппозициялық партиялар қатыспады

Мирзиеевтің жеңісіне күмәнданған адам кем де кем. Мысалы, Беларусь басшысы Александр Лукашенко оны сайлаудың алдын-ала нәтижелері жарияланғанға дейін шамамен бір сағат бұрын «сенімді жеңісімен» құттықтады. Шавкат Мирзиеевтің екінші мерзімге сайланатынын сарапшылар мен бақылаушылар да бұған дейін болжаған еді. 

Мысалы, Берлиннің Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Беате Эшмент DW басылымына берген сұхбатында «Бұл сайлау науқаны мен сайлаудан тосынсый күтудің қажеті жоқ» деген болатын.

«Президенттікке үміткерлерді тек елде тіркелген саяси партиялар ұсынды, ал Өзбекстанда оппозиция болмасаң ғана партия тіркей аласың. Сондықтан мұндай жағдайда тірі сайлау болады деп айту мүмкін емес», — деді Беате Эшмент.

Алайда, Эшменттің айтуынша, халықтың көп бөлігі бәрібір де Мирзиеевке дауыс берер еді.

«Бұл, Қырғызстанды қоспағанда, Орталық Азия республикаларындағы классикалық жағдай, халықтың көбі әдет бойынша қазіргі президентке дауыс береді», — дейді сарапшы.

Еуропа мен Орталық Азия бойынша Human Rights Watch директоры Хью Уильямсон да Өзбекстанда жүргізіліп жатқан реформалар сырт елдердің назарын аударып отырса да, сайлауға оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар жіберілмеуі реформалардың шегі деген пікірде.  

«Билік үкіметтің бағытын сынайтын кандидаттарды сайлауға қатыстыру арқылы нақты реформаларға деген шынайы адалдығын көрсете алар еді, бірақ бұлай болған жоқ», — деді ол.

Айта кетейік, 2021 жылдың басында сайлауға оппозициялық «Эрк» демократиялық партиясы мен «Шындық және Прогресс» социал-демократиялық партиясынан екі кандидат сайлауға ниет білдірген болатын. Алайда олар жіберілмеді. 

Саясаткер Алишер Ильхамов «Настоящее время» басылымына берген сұхбатында да бұл сайлауда Миризеевке қарсы лайықты қарсылас болмағанын мәлімдеді. Сондықтан оны «шынайы немесе әділ деп те айта алмаймын» деп мәлімдеді.  

«Халық «Осы бағытты қолдайықшы» деген болуы да мүмкін. Халықтың бір бөлігі, яғни сайлаушылар, шамасы, Кәрімовтің кезіне оралмау үшін оған дауыс берді», — дейді ол.

Өзбекстанда президент сайлауы бес жылда бір өтеді. Еске салайық, 2016 жылы елді 27 жыл басқарған Ислам Кәрімов қайтыс болып, Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен, онда сол кездегі премьер-министр Мирзиеев жеңіске жеткен еді. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями