Популярные темы

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі — қоғамның дамуына қосылған үлес

Дата: 02 октября 2021 в 22:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі —  қоғамның дамуына қосылған үлес
Стоковые изображения от Depositphotos

Әр ұжымдағы еңбеккерлердің әлеуметтік жағынан қорғалуы, еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, еңбек қатынастарының заң аясында болуы тек еңбек өнімділігіне ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылыққа да әсер етеді.

Кеше Ақтөбеде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен «Компаниялардың әлеуметтік саясаты: тәжірибесі және даму перспективалары» атты семинар-кеңесте осы мәселелер талқыланды. Жиын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның ғимаратында өтті.

Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, батыс облыстары әкімдерінің орынбасарлары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық жұмыс берушілер ассоциацияларының, ҚР кәсіподақтар федерациясының, аумақтық, салалық және жергілікті кәсіподақтардың, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде еңбеккерлердің көңіл күйі, еңбек қатынастарында заң талаптарының сақталуы мәселелерінің маңыздылығына айрықша тоқталды. Ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде 2008 жылы Жезқазғанда өткен республикалық форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық қазақстандық бизнес көшбасшыларына «Табыспен бірге жауапкершілік» формуласын ұсынғанын еске салды.

— Әр компаниядан, әр ұжым басшысынан әлеуметтік жауапкершілікті сезіну талап етіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет пен бизнестің тек экономикалық қана емес, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерді шешуде де толыққанды серіктес болуы керектігін атап өткен еді. Еңбек қақтығыстарының алдын алудың елдегі тұрақтылықты сақтауда да маңызы зор, сондықтан бұл мәселе әрдайым басты назарда болады, — деді облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев осы бағытта біздің облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Келтірілген деректерге сай, бүгінде облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтар кеңесі мен жұмыс берушілер арасында, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын реттеу мақсатында, 4700 меморандумға қол қойылған.

— Біз әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселелерін барлық ірі және орташа кәсіпорындар басшыларымен бірлесе талдап, соның нәтижесінде 4700 меморандумға қол қойылды. Еліміздің басқа өңірлеріндегі секілді, осы мәселелерге орай құрылған облыстық штаб пен үшжақты комиссия тұрақты жұмыс істейді. Кәсіпорындар мен мекемелердің 75 пайызында ұжымдық келісімшарттар жасалған. Тұрғындарды жұмыспен қамту, еңбекақының уақытылы төленуі, қысқартуға ұшыраған азаматтар мен жаңадан ашылатын жұмыс орындарының саны, түрлі даулы жағдайлардың алдын алу мәселелерін әрдайым бақылауда ұстап отырмыз, — деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерде жаппай қысқарту оқиғалары орын алмаған. Сондай-ақ, облыс басшысы қазіргі күні 7 кәсіпорынның еңбекақы бойынша қарызы барын және бұл мәселенің бақылауға алынғанын айтты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жиында сөйлеген сөзінде алдымен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу мәселесінде кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін көтерудің маңызын атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігіне тоқталды.

Министр бұл жиында корпоративті әлеуметтік жауапкершілікті дамытуда батыс өңірдегі кәсіпорындардың өзара тәжірибе бөлісетінін, ал мұның өте маңызды екенін де атап көрсетті. Бүгінгі күні батыс аймақтағы 4 облыста 20 мыңнан астам кәсіпорын бар, осы кәсіпорындарда 1 миллионнан астам адам еңбек етеді. Батыс өңірлер бойынша орташа жалақы республикалық көрсеткіштен жоғары. Барлық ірі және орташа кәсіпорындардың 95 пайызында ұжымдық келісімшарттар жасалған.

Министр Мәдина Әбілқасымова деректерді алға тарта:

— Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын орта есеппен 1,5 мың адам өндірістік жарақат алып, олардың 250-і қаза табады. Өндірістік жарақаттардың 20 пайызы батыс облыстардан тіркеліп отыр, — дей келіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталды.

Сондай-ақ, ол шетелдік компанияларда жұмыс жасайтын азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы әрдайым назарда ұсталатынын, осы бағытта жүргізілген тексерулердің қорытындыларын айтты.

Жиында ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Марат Тоқжанов еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасындағы қатынастарды реттеудегі кәсіподақтардың ролі жөнінде айтып, кәсіподақ қозғалысын дамыту мақсатында өз ұсыныстарын жеткізді. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік сала мен әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов корпоративті әлеуметтік жауапкершілікті дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол бүкіл әлемде үлкен өзгерістер жүріп жатқан қазіргі уақытта кәсіпкерлердің әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене араласуы керектігін атап көрсетті.

Жиында, сондай-ақ, «Теңізшевройл» ЖШС-ның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Кәрімов, «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Ван Цзюньжэнь, т.б. бірқатар кәсіпорындар басшылары мінбеге көтеріліп, өз компанияларында еңбеккерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында жасалып жатқан істер жөнінде баяндады.

Жиын соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі залдан түскен сауалдарға жауап берді.

— Компаниялардың әлеуметтік саясаты еңбеккерлер мен жұмысшылардың өзара қарым-қатынасына, еңбек өнімділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, еңбек қатынастарындағы түрлі даулы мәселелердің алдын алуда, еңбеккерлер құқығын қорғауда кәсіподақтар қызметін жандандыра түсу керектігін тағы да атап өткім келеді. Еліміз бойынша кәсіподақ ұйымдарына мүше еңбеккерлердің қатары әлі де өссе түссе дейміз, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Индира ӨТЕМІС.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями