Популярные темы

«Көзі, жаны барды жемеймін». Алматылық веган неге еттен бас тартқанын айтты 29 сентября 2021, 16:51

Дата: 29 сентября 2021 в 17:03



Стоковые изображения от Depositphotos

47 жастағы алматылық Гүлнара Насырбекова қазір ет және жануарларға қатысы бар тағамдарды мүлде жемейді. Оның 71 жастағы анасы мен 27 жастағы қызы да тек өсімдіктен жасалған тағамдарды тұтынады. Кейіпкеріміз Tengrinews.kz тілшісіне вагандыққа қалай келгенін, ол үшін веган деген кім және «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазаққа ет-сүтсіз қалай өмір сүруге болатынын айтып берді. 

Вегандыққа апарған жол

Гүлнара Насырбекова мамандығы — бухгалтер-экономист. Өмір бойы осы салада жұмыс істеген. Алайда бір күні айналысатын ісін ауыстыруды ұйғарып, 13 жыл қызмет еткен компаниясынан кетеді. Алдымен Мәскеу инновациялық психотехнологиялар институтында білім алады. Кейін нутрициолог мамандығын оқиды. Осылайша өмір салтымды, тамақтанудағы әдеттерімді өзгерте бастадым, дейді ол.  

«Бастапқыда вегетариан болдым, ол кезде тек еттен бас тартқанмын. Алайда жұмыртқа, сүт өнімдерін, балықты қолдана беретінмін. Бірақ ағзамды тазартқаннан кейін таза өсімдіктен жасалатын тағамдарға көштім. Тазарту дегенім — жылына екі рет дуоденал зондтау жасаймын және ашығамын» , — дейді ол. 

Осылайша Гүлнара «көзі, жаны барларды жемейтін болдым», дейді. Оның айтуынша, 71 жастағы анасы да өсімдікке көшкенде аса қиналмаған, себебі өмір бойы дұрыс тамақтанып келген екен. Ал қызы пескетарианец, оның рационында балық бар, бірақ өте аз мөлшерде.

Гүлнара Насырбекова 40-тан асқанда вегандыққа аяқ басқан. Бұған саналы түрде келдім, дейді. 

«Мен дәмді тамақ жегенді жақсы көретін адамдардың қатарындамын. Нан өнімдерін жақсы көремін. Осыдан веган тәттілерін жасаумен айналыса бастадым. Маған бұрыннан бар тәттілер бірсарынды, қанықсыз, эстетикалық тұрғыдан көріксіз көрінетін. Сондықтан осы саланы зерттей бастадым, қазір веган тәттілерін жасаймын», — дейді әйел.

Нағыз вегандық деген не?

Тамақтанудың кез келген түрінің негізі ақуыздар, майлар мен көмірсулар екені белгілі. Ал өсімдіктен жасалған тағамдарға көшу үшін сіз жай ғана жануарды өсімдікке алмастыруыңыз керек екен. Еттен бас тарту және басқаша тамақтануға көшу бұл ережені бұзбайтынын түсінген жөн.

«Мен үшін веган болу тек тағаммен байланысты емес. Вегандық деген экологияны ойлау, артымызда із қалдыру. Біз жануарларды аз қолданған сайын ресурстарды ұтымды пайдаланамыз. Дүниеге келген әр адам өз артынан із қалдырады. Ал біздің із экологиялық тұрғыдан тиімді болмақ, біз немере-шөберемізге көбірек су қалдырамыз. Мысалы, бір келі ет өндірісіне 8 жыл ішетін су қажет. Ал өмір бойына қанша ет жейміз?» — дейді Гүлнара Насырбекова.

Оның айтуынша, бүгінде жануар тағамдарынсыз-ақ өмір сүруге болады.

«Тамақ — адамға энергия алу үшін қажет, ал өсімдік тез қорытылады. Ет ағзада өте баяу ыдырайды, біздің ішектер ұзын, сондықтан олар ағзада ұзақ сақталуы мүмкін. Яғни, ағзада қышқыл бөлінеді. Аурыдың бәрі асқазаннан дейді, ол шындық. Қуат алу үшін жануарды тұтыну міндетті емес, оны өсімдіктен тезірек алуға болады», — дейді ол.

«Ет жеу — әдет»

Қазақ етсіз өмір сүре алмайды дейді, бірақ нутрициологтың сөзінше, мұның бәрі әдет.

«Мәскеуде тұратын қыздарды білемін. Оларда үш ұрпақ веган. Ет жемей өскен, балалары да сондай. Олардың дені сау, ақылды, бай-қуатты адамдар. Ет жаман демеймін, бұл тек әдет, адам ет жеп үйреніп қалған», — дейді маман. 

Қазіргі таңда әлемде балама өсімдік етін жасайтын ірі компаниялар бар, деп жалғастырды ол. 

«Негізі еттің дәмі жоқ, біз оған түрлі дәмдеуіштер қосып дәм береміз. Бұл балама ет те солай жасалады, бірақ бұршақ негізінде, түсін келтіру үшін қызылшаның суы қолданылады. Ал дәмі сол котлет, шұжыққа өте ұқсайды, бұл сол дәмді сағынған адамдарға арнап жасалатын шығар», — дейді Гүлнара Насырбекова.

Тамақтану түрін ауыстыруға қанша уақыт қажет? 

Кез келген тамақтану түрінен басқасына көшкенде 1-2 жыл уақыт қажет екен. Осы кезде асқазан микрофлорасы жаңа тағамдарға бейімделеді. Сондықтан ағзада өзгерістер болады.

«Ет ақуыз көзі дейді, алайда ол өсімдіктерде де өте көп. Бұршақ, жасымық, күнжітті көбірек жеу керек, олар өте дәмді, түрлі тағам жасауға болады. Ал вегандыққа көшу үшін алдымен бір аптаға меню жасап алып, соны ұстанып көруге тырысу қажет», — дейді ол. 

Қазіргі таңда көптеген компания жануар терісінен де бас тартып отыр. Орнына өңделген шикізат, матаның, терінің экологиялық түрлерін қолданады.

«Немесе, португалиялық компания бар, олар авокадо жаңғағын қолдана отырып кеды жасайды. Ал көбіне қайта өңделген полиэстер, басқа да матадан тігеді», — деп мысал келтірді Гүлнара Насырбекова. 

«25-30 жылда халықтың жартысы өсімдік тағамдарына өтеді деп ойлаймын»

Инновациялық психотехнологиялар институтын тәмамдағаннан кейін «бұл әлемде өзімізге тиесілі жалғыз бір нәрсе — денеміз» деген ойға тоқталдым, ал дені саудың — жаны сау, дейді Гүлнара. 

«25-30 жылдан кейін Жер шарындағы адамдардың жартысы өсімдік тағамдарына ауысады деп ойлаймын. Тек денсаулыққа пайдалы деп емес, экологияны да ойлап. Біз бұл өмірге жақсылық жасау үшін келгенбіз. Мен жануарларды жемей, өлтірмей, қолданбай әлемге қандай да болсын пайдамды тигізіп отырмын деп ойлаймын. Табиғатқа зиян тигізбейтінімді білемін. Қоқысты да сұрыптау керек. Сен қандай болсаң, айналаң да солай өзгереді. Мен үшін вегетарианизмнің басты мақсаты — экологияға пайдалы болу. Тағамда ғана емес, ойың, істеген ісің де таза, дұрыс болуы керек. Өсімдікпен тамақтану дегеніміз — рационалды тұтыну, экология, денсаулық, руханилық, барша тірі жанға махаббат», — деді ол.

Суреттер Гүлнара Насырбекованың жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Алматы
Поделитесь новостью с друзьями