Популярные темы

Тәліптердің басшысы Хайбатулла Ахундзада деген кім? 01 сентября 2021, 10:22

Дата: 01 сентября 2021 в 10:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Тәліптердің басшысы Хайбатулла Ахундзада деген кім?
                01 сентября 2021, 10:22
Стоковые изображения от Depositphotos

Таяуда «Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған — еск.) жетекшісі Хайбатулла Ахундзада Ауғанстанға барды. Қазір ел билігін құру мәселесін шешіп жатыр. Дегенмен Хайбатулла Ахундзада тәліптердің басшысы болса да, есімі желіде көп атала бермейді. Ол кім? Tengrinews.kz тілшісі Хайбатулла Ахундзада кім екенін баяндайды.

Ол кім?

BBC мәліметінше, Ахундзада 1961 жылы Ауғанстанның Кандагар провинциясында туған. Әкесі ауыл имамы болған.

Ахундзада 1980-жылдары кеңес әскерімен соғысып жатқан жасаққа қосылған. Бірақ ұрыстарға қатыспаған. Кейін отбасымен Пәкістанға қоныс аударған. Елдің солтүстігіндегі Кветта қаласында медресеге түскен.

1994 жылы Омар молда бірнеше діни мектептің студенттерін қосып, «Талибан» радикал қозғалысын құрған болатын. Ахундзада да сол жылы осы қозғалыс мүшесі атанды.


AFGHAN ISLAMIC PRESS

1996-2001 жылдары тәліптер Ауғанстанда билік құрды. Сол кезде Ахундзада шариат соттарының бірін басқаған. Ол кезде тәліптердің заңы қатал болған. Телевизия, кино, музыка, косметика мен спортқа тыйым салынған. 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына да болмайтын еді. Таспен ұру, қол кесу, көпшілік алдында ұрып-соғу секілді әдістер қолданылды.

2001 жылы Ауғанстанға АҚШ әскері кірген кезде Ахундзада радикал қозғалыс ішіндегі сот жүйесіне жауап бере бастады. Ол көптеген фетваның авторы, ол радикал ағым көзқарасымен теракт әрекеттерін ақтап жазылған.

2016 жылы билікке келді

2016 жылы мамырда «Талибанның» сол кездегі басшысы Ахтар Мансур молда америкалықтардың соққысынан қаза тапқан. Көп ұзамай тәліптер жаңа басшысын сайлады — бұл дін маманы Хайбатулла Ахундзада болды. Алғаш рет «Талибан» басшысы болып әскери көшбасшы емес, діни тұлға сайланды.

Америкалық арнайы қызметтің мәліметі бойынша, Хайбатулла Ахундзада тәліптер арасында рухани басшы ретінде танылған, бірақ ол әскери командир ретінде қарастырылмаған. Арнайы қызмет дереккөздері оның шешендік қасиеттерін, ислам туралы кең білімі мен харизмасын атап өткен.


Фото: Reuters

«Әл-Жазира» телеарнасы Ахундзаданы «консерватор, діни маман ретінде танылған, ұялы телефонды қолдануды білмейтін және көпшілік алдына шығуды ұнатпайтын» адам деп сипаттайды.

2017 жылы Ахундзаданың 23 жастағы ұлы жарылғыш зат тиелген жүк көлігімен Ауғанстанның оңтүстігіндегі әскери базаға басып кірген. Ал 2019 жылы ағасы Кветта мешітінде болған жарылыстан қаза тапқан.

АҚШ әскері бар кезде Пәкістанда тығылған

Ауған БАҚ-тарының мәліметінше, Хайбатулла Ахундзада Ауғанстанға таяуда ғана барды. Себебі ауған елінде АҚШ күштері мен оның одақтастары бар кезде Ахундзада Пәкістанда жасырынған.

Ал қазір ол кейінгі бірнеше күннен бері Кандагарда жүр.

«Ахундзада «Талибан» көшбасшыларымен бірге Ауғанстандағы жағдай мен жаңа басқау жүйесін талқылап жатыр», — деп жазды Ariana News басылымы.

Желіде суреті тарады

Sputnik Ауғанстан Telegram-каналының мәліметінше, «Талибан» қозғалысының өкілдері Ауғанстанда билікті қолына алғаннан кейін алғаш рет жетекшісі Хайбатулла Ахундзаданың суретін жариялады.

«Бірқатар ақпарат көзі «Талибан» жетекшісін өлді деп есептеді. Бұл — ол туралы ұзақ уақыт ақпарат шықпағаннан бергі алғашқы суреті», — деп жазады Telegram-канал.

«Талибан» көшбасшысының суретін алғаш болып Twitter-де ауған журналисі Муслим Ширзад жариялады. Ол жергілікті саяси шолушы Назар Мохаммад Мотмаэнге сілтеме жасады.

NEW — Taliban leader Haibatullah Akhundzada in #Kandahar province.

Pic: Nazar Mohammad Mutmaen pic.twitter.com/BkC2yovIrU

— Muslim Shirzad (@MuslimShirzad) August 30, 2021

Бірақ желі қолданушылар бұл сурет екі жыл бұрын түсірілгенін айтып жатыр.

Негізі Ахундзада көпшілік алдына шықпайды, ешқандай мәлімдеме жасамайды. Бірақ ол «Талибандағы» ең басты адам саналады.

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями