Популярные темы

«Шіркін, Зидан қазақ болғанда ғой». Жұрт Амангелді Сейітхановтың қанатты сөздерін еске алып жатыр 17 августа 2021, 13:01

Дата: 17 августа 2021 в 13:13 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Стоковые изображения от Depositphotos

Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханов кеше 52 жасында дүниеден өтті. Әріптестері Желіде ол туралы түрлі естелікті бөлісіп жатыр. Қазақ спорт комментаторларының мектебін қалады деп бағаланды. Tengrinews.kz тілшісі Амангелді Сейітхановтың әріптестерімен сөйлесіп, ол туралы естеліктерін сұрады. 

«Келесі сапарға барамын»

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Амангелді Сейітхановтың футболды қалай жақсы көретінін еске алды.  

«Аман аға туралы бүгін осылай естелік айтып отырамын деп ойламадым, расында. Кешегі жайсыз хабарды естіп, осындай қиын жағдайда қалып кеттік. Ұстазымыз еді. ҚазҰУ-да оқыдық, сол кезде таныстық. Кейін мен Қазақстан футбол федерациясына кіргелі бері қасымда жүрді. Ұлттық құраманың матчтерінен қалмайтын, шетелдегі ойындарға да алып барып жүрдім. Өткенде Македонияға бардық, ұлттық құрама жеңіліп қалды, бір футболшымыз алаңнан қуылды, төреші пенальти берді. Соған Амангелді аға күйіп-пісіп, құрамаға жаны ашып қайтқан», — дейді Ермұхамед. 


Фото: instagram.com/e.maulen 

Оның айтуынша, Амангелді Сейітханов алдағы уақытта құраманың матчтеріне баруға дайындалып жүріпті.  

«Негізі бізбен бірге 3 қыркүйекте Финляндияға, 7-сінде Босния және Герцеговинаға баруы керек еді. Өткенде «Қазір еңбек демалысындамын, үлгермеймін, келесі сапарға барамын» деп жазып жіберіпті. Құжатын, паспортын алып, виза жасатып жатыр едім. Сол сапарға бара алмайтын болды», — деді ол. 

«50-ден ассам да, бабымдамын»

Ал тағы бір спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай Амангелді Сейітхановпен бірге жүргізген соңғы эфирін еске алды. 

«Аман ағамен танысқаныма он жылдай болыпты. Кішкентайымыздан көріп өскенбіз, сол кезде мені танымаса да, жылы шырай танытып еді. Аман ағадай комментатор болсақ, сол кісінің жолын қусақ деп армандадық. Бірақ ол сияқты болу қайда. 

Наурызда футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан — Франция матчін Аман аға екеуміз жүргізгенбіз. Аман аға — ерекше адам, эфирде отырысы, сөз саптауы, суреттеуі, ойыншыларды қамшылап отыруы ерекше. Қазақстан жеңіліп жатқанда Аман ағаны көрсеңіздер, шын жанкүйер, отыруға жер таппай кетті. Өте намысшыл еді. Бір өзі қазақша спорт комментаторлары мектебін қалады деп айтуға болады. Бүгінде комментаторлық салада жүрген жастың бәрі Аман ағаға еліктеді», — дейді ол.


Фото: instagram.com/u.kosanbay

Оның айтуынша, Амангелді Сейітханов футбол ойнауды да жақсы көретін.

«ҚФФ ұйымдастырған жарыстарға келіп, жастармен бірге доп теуіп, футбол ойнайтын. Бірде пенальтиден гол соққан. Сол кезде «50-ден ассам да қалай тептім, әлі бабымдамын, Құдайға шүкір» деп күліп еді. Соңғы рет үш апта бұрын футбол жаттығуында көргенмін. Сол кезде басымнан сипап, ақ батасын беріп еді. Біртуар азамат. Осындайда әттеген-ай деп қаламыз. Кейінгі жылдары эфирде көп көрінбейтін, жақсы бағдарлама ашып беруге болар еді», — деді Уәлихан Қосанбай. 

«Бір күні кітап жазамын»

Желіде Амангелді Сейітхановтің әріптестері естеліктер жариялап жатыр. Онымен бірнеше жыл бойы «Хабар» телеарнасында бірге жұмыс істеген сенатор Дана Нұржігіт спорт комментаторы өмірде қандай болғанын жазған.  

«Досым-ау, сен де кеттің бе?! Өзекті өртеген өкініш, өксік пен ыза... Жасты да,кәріні де аямайтын мына індеттің жұтып-жұтып тоятын кезі келе ме өзі?!

Айтыскерлігі, комментаторлық шеберлігі, әңгімешіл, көпшіл, ұлтжанды, бәйге, жарыс дегенде делебесі қозып, шегінуді білмеген ақ көңіл Амангелді досым-ай! Өзіңмен жүргізген тікелей эфирлер қандай еді! Желіп отырып жүргізетін едік қой! «Осының бәрін тізіп, бір күні кітап жазамын!» деген арманың арман боп қалды енді... Сен өте жақсы адам едің, Аманжан!», — деп жазды ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Дана Нұржігіт (@dana_nurzhigit)

«Жеңісті күндерде жүздескенше»

Ал журналист Жарқын Түсіпбек Facebook желісіндегі парақшасында спорт комментаторының эфирдегі түрлі сөзін еске алған:

«Сен туғанда шешең бекер қалжа жемеген екен...» (қазақ спортшысы жеңіске жеткенде) «Дель Пьеро мен Тотти шықпай Италияның қалақшасы қар бұзбайды, бұны біз емес әккі маман Ариго Сакки айтыпты…» (2000 жылғы ЕУРО финалында) «Бір голдың болатыны сөзсіз бүгін, дәл қай минутта екенін айта алмаймын» (1998 жылғы ӘЧ финалында) «Допты ұршықша үйірген Зидан...» «Ан мықты ма, Кан мықты ма?» (Оңтүстік Корея мен Германия матчінде) «Капитан, ақылгөй — Дидье Дешам» «Барысша атылып, кенеше жабысты» (қақпашылардың шеберлігіне) «Былай қарасаң екі қол, екі аяқ біздің де футболшыларда бар иә?..» (күйінгенде). 


Фото: instagram.com/amangeldyseitkanov_official

Желіде пікір білдіргендер де Амангелді Сейітхановтың есте қалған сөздерін жазыпты. Көбі бірден «Жеңісті күндерде жүздескенше» деген сөзін еске түсіреді. 

«Шіркін, Зидан қазақ болғанда ғой», «Сен салмадың, мен салдым деп Роналдо гол салып кетті», «Түйенің қос өркешіндей жарасып келе жатқан Фло мен Каннаваро», «Аюдың апанындай қақпа тұрғанда алақандай ғана маңдайшаға тигені несі депті ауылдағы бір апамыз» деген секілді сөздері ел арасына тарап кеткен. 

Амангелді Муатқанұлы Сейітханов 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде жұмыс істеді. 1994 жылдан «Қазақстан ТРК«-ның «Тұғыр» бағдарламасының авторы және жүргізушісі, спорт бөлімі бас редакторының орынбасары. «Құмсағат» бағдарламасының спорт ақпараттары продюсері. 1997 жылдан «Хабар» агенттігінде жұмыс істеді.

Сейітханов футболдан «Франция-98» Азия ойындары (1999), Банкгок, Бусан, Оңтүстік Кореядан чемпионатынан, Сиднейдегі (2000), Солт-Лейк-Ситидегі (2002) Олимпиада ойындарынан хабар жүргізді. С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2000).

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями