Популярные темы

«Локдаун. Төтенше жағдай». Елімізде COVID-19-ға байланысты қандай болжамдар айтылып жатыр?

Дата: 22 октября 2020 в 17:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 109 мыңнан асты. Қазақстан COVID-19 жұқтарған науқастардың саны бойынша дүние жүзінде 42-орында тұр. Мамандар еліміздегі эпиджағдайға байланысты түрлі болжам айтып жатыр. Қажет болған жағдайда төтенше жағдай да жариялануы мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі еліміздегі коронавирусқа байланысты қандай болжам жасалғанына шолу жасады. 

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны өсіп жатыр — ДСМ

Бұл туралы кеше, 21 қазанда денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы аптада өңірлерде COVID-19 вирусының өсу дерегі байқалған.

«Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттану 12 өңірде өсу есебінен 1,2 есеге өсті. Науқастардың ең көп саны Нұр-Сұлтан — 125, Шығыс Қазақстан облысы — 95, Алматыда — 79, Павлодар облысы — 79, Солтүстік Қазақстан облысы — 74, Қарағанды облысы — 69, Атырау облысы — 58 дерек тіркелді. Бұл жалпы сырқаттанудың 74 пайызы», — деді вице-министр.

Қазақстанда локдаун желтоқсанда енгізілуі мүмкін

7 қазанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда эпиджағдайдың өзгеруінің үш сценариін атады. Оның айтуынша, бірінші сценарий бойынша, егер адамдардың тек 60 пайызы маска тағу режимін ұстанса, қазан-желтоқсан айларында науқастардың саны 190 мыңға жетуі мүмкін.


© elements.envato.com 

«Тағы 65 мыңға жуық адамға орын қажет болады. Локдаун желтоқсан айының ортасына қарай енгізілуі мүмкін. Екінші сценарий бойынша, әлеуметтік қашықтық пен 70 пайыз маска тағу режимі сақталған жағдайда 2020 жылдың қазан-желтоқсан айларында науқастардың саны 90 мың болады деп болжанды. 30 мыңға жуық адамды ауруханаға жатқызу қажет болады. Бұл жағдайда локдаун қаңтарда енгізілуі мүмкін», — деді министр коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы жиында.   

Алексей Цой әлеуметтік қашықтық және маска тағу режимі 100 пайыз сақталған жағдайда қатаң карантин жарияланбайтынын айтады. Бұл оптимистік сценарий негізінде 2020 жылдың қазан-желтоқсан айларында науқастардың сан 40 мыңға жетіп, 15 мың адам аурухана жатуы керек болады.

Елімізде төтенше жағдай режимі қайтадан енгізілуі мүмкін бе?

Бұл сұраққа денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 14 қазанда жауап берген болатын. Министрдің айтуынша, мұның бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

«Егер жағдай мұны қажет етсе, ол енгізіледі. Бірақ біз қазір Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаймыз деп үміттенеміз, өйткені әрбір азамат жаппай іс-шаралар ұйымдастырмай, қашықты сақтай отырып, маска тағып, халықты қорғауға бірлесіп атсалысады. Егер мұның бәрі жасалса, онда біз карантинсіз шығуымыз мүмкін», — деді Цой.

© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қараша-желтоқсанда антидене әлсірейді

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, қазақстандықтардың коронавирус жұқтыру қаупі артқан. Елімізде коронавирус инфекциясының жаппай таралуы маусым-шілде айында болса, талдау жасап, шамамен үш айдан кейін — қараша-желтоқсанда ауруды ауыр өткерген науқастардың да антиденесі бәсеңдейді. Сондықтан коронавирус жұқтыру қаупі жоғары.

«Маусым-шілде айына талдау жасап, шамамен үш айдан кейін — қараша-желтоқсанда ауруды ауыр өткерген науқастардың да антиденесі бәсеңдейді. Сондықтан коронавирус инфекциясын жұқтырудың қаупі жоғары. Қазір әлемде қайта жұқтыру жағдайлары көп, Қазақстанда жоқ. Бірақ қауіп әрқашан бар», — деді ол.

Еске салайық, Қазақстанда коронавирус инфекциясы 109 907 адамнан анықталды. Оның ішінде, 105 385 аурудан айықса, жалпы 1796 адам қайтыс болды. 

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями