Популярные темы

Карантиннің ұзаруы немесе ұзармауы сіз бен бізге байланысты — Көлгінов

Дата: 07 июля 2020 в 16:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Карантиннің ұзаруы немесе ұзармауы сіз бен бізге байланысты - Көлгінов

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада карантин мерзімінің ұзаруына байланысты ойын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның пікірінше, қаладағы карантиннің ұзару-ұзармауы тұрғындарға тікелей байланысты.

«Карантиннің ұзаруы немесе ұзармауы сіз бен бізге байланысты. Осыған дейін біз бір ай төтенше жағдай жариялап, карантин енгізіп, қатаң талаптарды сақтадық. Ол көмектесті. Бірақ 11 мамырдан бастап, біртіндеп карантин талаптары жеңілдеді. Осы сәттен бастап, азаматтар карантин талаптарын сақтауды ұмытып кетті. Өкінішке қарай, бірден ауру жұқтырғандар саны өсті. Осы қателікті біз қайталамауымыз қажет», — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Алтай Көлгінов астаналықтар карантин талабын сақтаған кезде, елордадағы эпидемиологиялық ахуал бақылауда болғанын атап өтті. 

«Тәртіп сақтаған уақытта барлығы дұрыс болды. Дәрігерлерге, мемлекеттік бюджеткен мұнша салмақ түскен жоқ. Мемлекет — сіз бен біз. Төтенше жағдай кезінде көп адам жұмыссыз тәртіпті сақтап, үйінде отырды. Бұл да шығын болды. Мысалы, кәсіпкерлерден салық түскен жоқ. Кейін карантин талабын одан әрі жеңілдеткен соң талапты сақтауды ұмытып кеттік. Бұл қате болды», — деді қала әкімі.

Ол Нұр-Сұлтанға карантин тәртібін енгізуге мәжбүр болып отырғанын ашық айтты.

«Бірақ мұнда біз мейрамхананың сыртында орналасқан орынға жұмыс істеуге рұқсат бердік. Яғни мейрамхана жабылып қалмауы керек. Себебі, қала үлкен болғаннан кейін оларға сұраныс бар. Сонымен қатар, таза ауада жүруге рұқсат етілді. 3 адамнан артық жүруге болмайды. Бірақ далада маскамен жүру керек. Сондай-ақ, ашық алаңда орналасқан сауда орталықтары мен базарларға рұқсат берілді. Себебі, онда көптеген адам жұмыс істейді. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Бірақ жабық орындар мен ірі сауда орталықтары уақытша жабылды», — деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, қала әкімі егер тұрғындар тәртіпті сақтамаса, карантин мерзімін созуға тура келетінін жеткізді.

«Біз оны қаламаймыз. Оны созбау үшін қазірден бастап, біз бұрынғы қателіктерді ескеріп, қайталамауымыз қажет. Қолымыздан келгенше барлық мемлекеттік қолдауды көрсетіп отырмыз. Әрине, бұл шектеу мемлекетке де керек емес. Карантин, төтенше жағдай кезінде қала бюджетіне 60 миллиард теңгеден астам қаражат түспеді. Сондықтан бұл шектеудің кәсіпкерлерге, азаматтарға қажеті жоқ. Біз тәртіпті сақтап, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Тәртіпті сақтағанымыз — дәрігерлерге қол ұшымызды бергенмен бірдей», — деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова астаналықтар коронавирусқа тестіні қайда тапсыра алатынын айтқан болатын.

Нұр-Сұлтанда 5 984 адам COVID-19 вирусын жұқтырды. 3 248 науқас індеттен айықты, 63 адам қайтыс болды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 49 683-ге жетті. 16 298 науқас жазылды, 264 адам аурудан көз жұмды.

По сообщению сайта Tengrinews

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями