Популярные темы

«Ақша 5 жыл босқа жатты». Нығматулин ауыл шаруашылығы министрі мен қызметкерлерін сынады

Дата: 10 июня 2020 в 12:03 Категория: Новости политики



5 жыл бұрын үш жобаға бөлінген ақша неліктен кәдеге жаратылмай бюджетке қайтарылды? Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Звольский ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа осындай сұрақ қойды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 5 жыл бұрын республикалық бюджеттен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған 3 жобаға ақша бөлінген. Бірақ Сапархан Омаровқа дейінгі ауыл шаруашылығы министрлері Асқар Мырзахметов пен Өмірзақ Шөкеев жобаға қатысты сұраққа түрлі жауап берген. Түптің түбінде жоба іске асырылмай, ақша бюджетке қайтарылған. Депутат бұл ақша бес жыл бойы айналымға енгізілмей, неліктен «бос» жатқанын сұрады.

«2016 жылдың сәуірінен бастап «ҚазАгроның» есепшотында 1,8 миллиард теңге болған. Бұл тікелей инвестицияға байланысты Қазақстан-Венгрия қоры туралы екенін түсініп отырмыз.

Мен және менің әріптестерім сол қаржының пайдаланылуы туралы бірнеше рет сұрадық. Екі апта бұрын бұл ақшаның республикалық бюджетке қайтарылғанын кеше білдім. Бірақ бұл ақша 5 жыл бойы пайдаланылмай жатты. 2017 жылда 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуының есебін тыңдаған кезде сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Мырзахметов (Асқар Мырзахметов — ред.) іске асырылуға және қаржыландыруға дайын үш жоба бар екенін мәлімдеді.

Алайда жыл өткен соң бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев (Асқар Мырхахметовтен кейін ауыл шаруашылығы министрі болды — ред.) менің сұрағыма жауап берді. «Қазір ережені өзгертуді қарастырып жатырмыз, я болмаса бұл қаржыны жұмсайтын бағытты өзгертеміз. Сол кезде осы қордың ақшасын пайдалануға болады» деген еді. Екі жыл өтті. Осы ережелер қайта қаралды ма? Сондай-ақ, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін жұмыс істей алатын ақша неліктен жұмсалмағанына кім жеке жауап береді?», — деп сұрады депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жобалардың нормативтік-құқықтық актілері болмаған соң іске асырылмағанын айтты. Ал кім жауап беру керек деген сұраққа жауап айтып жатқанда техникалық ақау болып, сөзі толық естілмей қалды.

«Иә, бұл ақша екі жобаны құруға бөлінген еді... Бұл ақша нормативтік құжаттардың болмауынан пайдаланылмады және жобалар венгр тарапы мен «ҚазАгро» АҚ-ның қаржыландыруынан іске асырылды. Қазір ақша республикалық бюджетке қайтарылды. Жауапкершілікті өзіңіз айтып кеткен екі тұлға... (бейнежазба үзілді, техникалық проблемалар болды — ред.)», — деді Омаров.

Ал Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин министрдің жауабына қанағаттанбай, ведомствоның қызметкерлі ереже дайындай алмайтынын атап өтті.

«Сіз қазір өте жұмсақ жауап бердіңіз, Сапархан Қисықбайұлы. Нормативтік-құқықтық актілер болмаған соң 5 жыл жатты, қатып тұрды дей салдыңыз. Бірақ қарапайым халыққа түсінікті болу үшін былай айтыңыз. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері 5 жыл бойы тиісті ережелер әзірлей алмады», — деп премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловқа сөзін бағыттады.

«Екі емес, тіпті, үш жоба болу керек... Міне, міне, ережені бекітіп жатырмыз, үстелімнің үстінде тұр. Қол қою керек. Бекітеміз. Ертең-ақ бұл ақша жұмыс істей бастайды. 5 жыл жатты. Сосын ақшаны бюджетке қайтарды. Тиімді пайдалану керек қой. Ақша бар, жоба бар, аппарат бар. Сіз ереже әзірлетуге мәжбүрлей алмайсыз ба сонда?» — деді Мәжіліс төрағасы. 

Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин салық төлеуші (халық — ред.) осындай жағдайды естігенде заңды түрде сұрақ қойып, талап ете алатынын атап өтті.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Тэги новости: Новости политики
Поделитесь новостью с друзьями