Популярные темы

«Онлайн-көрсетілім ұйымдастырылады». ҰБТ биыл қалай өтеді?

Дата: 02 июня 2020 в 12:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Коронавирус пандемиясына байланысты биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде барлық санитарлық шара сақталады. Ата-аналар баласын үйде күтуіне тура келеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында ҰБТ-ға қатысты биыл қандай өзгерістер болатынын айтты. Tengrinews.kz тілшісі биылғы түлектерді ҰБТ кезінде қандай өзгерістер күіп тұрғанын түсіндіреді.

Түлектерді Face ID-мен тексереді

Биыл ҰБТ 17-рет өткізіледі. Осы кезеңде 2 миллионға жуық адам тестілеуге қатысқан. 2019 жылдан бері ҰБТ жылына төрт рет өтіп жүр — қаңтар, наурыз, маусым және тамызда.

Министрдің сөзінше, биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Барлығы — 5 пән: үш міндетті және екі бейімдеу. Тест қағаз жүзінде өтеді. Тест тапсырмаларының саны — 120, ең жоғары балл — 140.

«Жалпы биыл мектеп түлектерінен тестіге қатысу үшін 111 109 немесе 82 пайыз өтініш түсті. Бұл былтырмен салыстырғанда, 11 пайызға немесе 15 мыңға жуық түлекке көп. Сондай-ақ, алдыңғы жылдары мектеп бітірген түлектерді қосқанда, биыл барлығы 131 755 адам тест тапсырады. ҰБТ бекітілген мерзімде, яғни, 20 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 ҰБТ пунктінде өткізіледі», — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр биыл өтініштерді қабылдау онлайн форматта өткенін айтты. Тек интернеті жоқ өңірлерге дәстүрлі форматта құжаттарды тапсыру мүмкіндігі берілген.


© Тұрар Қазанғапов

Аймағамбетовтің айтуынша, биыл ҰБТ тапсырушылардың бет-әлпетін Face ID көмегімен сәйкестендіреді.

«ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жыл сайын берілетін қағаз сертификаттың орнына биыл ҰБТ-ның электрон сертификаты және білім грантын тағайындау кезінде де электрон куәлік беріледі. SAT, ACT және IB сияқты халықаралық тесттердің баллдарын ҰБТ ұпайына аудару шкаласын енгіздік. Сондықтан, көрсетілген сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ тапсырудан босатылып, білім беру грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан баллымен қатыса алады. ҰБТ шекті баллын жинамаған тұлғалар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие», — деді министр.

ҰБТ уақыты ұзартылды

Сонымен қатар, биыл педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін талаптар күшейтіліп жатыр екен. Мысалы, педагог болу үшін шекті балл былтыр 50-ден 60-қа көтерілсе, биылғы шекті балл — 70.

Аймағамбетовтің сөзінше, талапкерлерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда не ол бейнежазбаны сараптау кезінде анықталса, ҰБТ нәтижесі мен білім беру гранты жойылады.


Фото ©Тұрар Қазанғапов

Тесттен өтушілерге тапсыру орындарында қарапайым калькулятор беріледі екен. Сонымен қатар, тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа ұзартылған.

«Талапкер жақсырақ дайындалуы үшін оларға орталықтың сайтында ақысыз 70 нұсқалы сынама тест берген едік. Түлектер осы сынама тесттерді тапсыруға мүмкіндік алды. Оған қоса биылғы түлектер мектепте тапсырылатын қорытынды емтихандардан босатылған, осы шараның бәрі түлектерге үлкен көмек екені сөзсіз», — дейді ол.

Коронавирусқа байланысты қандай шаралар қолданылады?

Биыл ҰБТ кезінде коронавирус пандемиясына байланысты түрлі сақтық шарасы қолданылады. Мысалы, биыл ата-аналарға баласын ҰБТ тапсыру пунктінде күтуге тыйым салынады. Оның орнына министрлік онлайн-көрсетілім ұйымдастырмақ.

«Ата-аналарға және басқа да алып жүруші тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пунктілерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ барысын сол жерге бармай-ақ, үйде отырып көруі үшін оларға онлайн көрсетілім ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пунктілері баррикадалық ленталармен жабдықталады. Пунктіде түлектердің екі метр қашықтықты сақтауы қамтамасыз етіледі. Осы ленталар арасында тиісті нүктелер қойылады. Екі метр қашықтық аудитория ішінде де сақталады», — дейді Аймағамбетов.


Фото ©Турар Казангапов

Білім министрінің сөзінше, коронавирустан қорғану үшін 5 сақтық шарасы қолданылады.

«Коронавирус тарауының қаупін азайтуға арналған қосымша бес сақтық шарасы қолданылады. Біріншіден, тест тапсырушыларды залалсыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден, аяқ киімдерді арнайы залалсыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшіншіден, қолды санитайзерлермен залалсыздандыру. Төртінші — әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші — бір реттік жаңа маска беру», — дейді ол.

Министр ҰБТ өткізу кезеңінде түрлі гаджет, байланыс құралын, шпаркалка, әдебиеттер мен калькулятор кіргізуге тыйым салынатынын ескертті.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями