Популярные темы

«Екі апта шыдасақ». Біртанов коронавирус ауылдарда да тіркеле бастағанын айтты

Дата: 03 апреля 2020 в 16:33



Карантин шаралары күшейгеннен кейін елде коронавирус инфекциясының жаппай таралу деңгейі төмендеп келеді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ онлайн-брифингінде айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Енгізілген карантин шаралары жалпы жақсы әсер етіп жатыр. Еліміз бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында инфекцияның өсімі төмендеп, біздің бақылауымызда. Әрі қарай да карантин шаралары осы екі қалада күшейтіліп, енгізілетін болады. Басқа өңірлерде өсім бар. Көріп отырсыздар. Бірақ осы карантин шаралары негізінде күн сайынғы өсім бір деңгейде», — деді ДСМ басшысы.

Осы орайда Елжан Біртанов коронавирус инфекциясы тек қалада емес, ауылда да тіркелгенін ескеріп, ауыл тұрғындарын карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды.

«Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының деңгейіне жеткізу үшін әрі қарай да карантиндік шараларды енгізу қажет. Оны барлығымыз түсініп, пайдалануымыз қажет. Мысалы, Түркістан облысында, Қызылорда облысында, басқа да өңірлерде тек қалаларда емес, ауылдық жерде, аудандық деңгейдегі науқастар тіркелді. Ол жерде тұратын кейбір азамат коронавирустық инфекция бізге жетпейді деп сенбейді. Үлкен қауіп. Ауылдық жерлерде де карантиндік шараларды қабылдау керек. Азаматтар мүмкіндігінше 2 аптаның ішінде отбасымен бірге үйде отыру керек», — деді Біртанов.

Сонымен қатар, министр елдегі карантиндік шаралар күшейген соң эпидемия деңгейі төмендегенін атап өтті.

«Екі апта шыдасақ. Өздеріңіз көріп отырсыздар, эпидемияның деңгейі төмендеп келеді», — деді ол.

Айта кетейік, қазір елімізде 453 адам коронавирус індетін жұқтырған. 29 адам сауығып шықты және 3 адам қайтыс болды.

Поделитесь новостью с друзьями