Популярные темы

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Басты мақсат — тұрғындардың әл-ауқатын арттыру

Дата: 01 февраля 2020 в 18:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Оңдасын ОРАЗАЛИН: Басты мақсат — тұрғындардың әл-ауқатын арттыру

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Байғанин, Темір, Алға және Мұғалжар аудандарында болып, аталған аудандар әкімдерінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиындарына қатысты.

Жиындарда өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Сонымен бірге көпшілікті мазалаған мәселелер облыс әкімі назарына ұсынылды.

Облыс басшысы қандай да айтылған жайдың ескерусіз қалмайтынына тоқталып, Президент тапсырмасына сәйкес, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» талаптары тұрғысынан іс-шаралар жүзеге асатынын алға тартты.

Байғанин: Мал басы да, өнімі де молаюда

Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы кеңінен баяндады.
Мал шаруашылығы басты сала болып табылатын ауданда мал басының өсу ағымы байқалып отыр. Жыл ішінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша жоспарланған асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, инвестиция тарту, мал азығын дайындау жұмыстары жоспардан артық орындалды. Мал басының өсімі мен сапалық құрамының жақсартылуы нәтижесінде өндірілген мал өнімдерінің көлемі де алдындағы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 13,5 миллиард теңгені құраған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 66 адамға 431,3 миллион теңге несие берілген.

Аудан аумағында 613 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 366,8 миллион теңге  төленген. Жыл ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасынан еңбекке қабілетті 402 адамның 218-і жұмыспен қамтудың белсенді  шараларына  тартылған. Шағын және орта бизнесті дамыту саласы да жақсы жолға қойылып, жыл ішінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 1250 бірлікті құраған. Кәсіпкерлер мен жаңа кәсіпкерлік бастаушы 69 адамға 402,4 миллион теңгеге қаржылық қолдаулар көрсетілген. Ауданның сауда дүкендеріндегі азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында Қарауылкелді, Ащы ауылдық округінің орталықтарында көкөніс сақтайтын қойма жасақталған.
Жиын барысында облыс басшысы аудан әкіміне мал шаруашылығын дамытуды, елді мекендерге газ құбырын тарту, көше жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтауды, ұялы байланыс жүйесін жақсартуды тапсырды.

Облыс әкімі сондай-ақ аудан тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.
— Байғанин ауданы қаймағы бұзылмаған, ежелден атакәсіпті жалғастырып келе жатқан шаруашылықты өңір. Мемлекетіміздің басты ұстанымы — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру, әрбір тұрғынымыздың үніне құлақ асу, пікірімен санасу. Бүгінгі көріп отырған есептегі барлық нәтиже — бірлескен адал еңбек пен тынымсыз тірлігіміздің, ауызбіршіліктің жемісі. Ел тұрғындарының бастамасына қолдау көрсетіп, әр азаматтың үнін есту — ең басты міндетіміз. Өсер елдің жігіттері қашанда бірін-бірі қолдап отырған. Қазіргі таңда бір басшыға мың қосшы болып, сенім артып, алға жылжу, тәуелсіздікті сақтау, жастарды тәрбиелеуге үлес қосу маңызды. Жалпы ел тұрғындары көтеріп жатқан проблемаларға түсіністік танытуымыз қажет. Қозғалған мәселелердің ешқайсысы да жауапсыз қалмайды, жергілікті әкімдік әрбір азаматтың сұранысына жауап беруі тиіс, — деді облыс әкімі.
Жиын барысында облыс басшысы өткен жылы тұрғындармен болған кездесудегі және жеке әлеуметтік желісіне келіп түскен сұрақтарға тоқталып, кеңірек жауап берді.

Облыс әкімі жеке қабылдау жүргізіп, аудан тұрғындарынан келіп түскен сұрақтардың заңды шешімін табуына көмектесу үшін аудан әкіміне және мемлекеттік мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Темір: Кеңқияқ, Шұбарши және Саркөл ауылдарына ауызсу жеткізілді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапары барысында Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетовтің  тұрғындар алдындағы дәстүрлі есеп беру жиынына қатысты.

Аудан әкімінің баяндауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жұмыстары ауданда белсенді жүргізілуде.

Аудан әкімдігі тұрғындардың өтініш, арыз-шағымдарын дер кезінде шешу, кері байланыс жасау мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Әкімдікке түскен 327 өтініш қанағаттандырылып, кейбіріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Олардың басым көпшілігі тұрғын үй, газ тарту, көше жарығы, ауылішілік асфальттау, жұмыссыздық, әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты мәселелер. Халықпен тікелей байланыс орнату мақсатында телеграм және инстаграм желісіне тұрғындардан түскен 2700-ден астам сұрақтар мен ұсыныстарға дер кезінде жауап берілген.
Соңғы кездері аудан халқының әл-ауқатын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Ауданда 25 елді мекеннің 11-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ең өзекті мәселе болып келген 12 мыңға жуық тұрғыны бар Кеңқияқ, Шұбарши және Саркөл ауылдық округтерін ауызсумен толық қамту үшін Кеңқияқ  ауылының су желісін реконструкциялау жұмыстары басталған. «Жас кәсіпкер» жобасы да белсенді жүзеге асырылып, өткен жылы жобаға 79 адам қатысқан. Сонымен қатар БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы арқылы да өңірге инвестиция тартылған.
Облыс басшысы аудан әкімінің есебін тыңдап болған соң, аудан тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ салды. Залда жиналған тұрғындардан аталған жұмыстардың орындалуы туралы сұрап, аудан әкімдігі мен мемлекеттік мекеме басшыларына  халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауды, халықтың ұсыныс-пікірлеріне дер кезінде жауап беру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
— Біз азаматтардан түскен бірде-бір сұрақты жауапсыз қалдырмауымыз тиіс. Аға буын елге жақсы қызмет етер болса, кейінгі жас буын да көргенін қайталайды. Мен қайда жүрсем де жастарымыздың ешбір шетелдік замандастарынан кем емес екенін мақтаныш етіп айтып жүремін. Қазіргі жастар өте тәрбиелі, мемлекетшіл, бәсекеге қабілетті, жан-жақты. Күні кеше ғана Президенттік кадрлық резервтен өткен 12 жастың жартысын басшылық лауазымға тағайындадым. Жастарға сенім артып, елге қызмет ету жолында қолдау көрсету — біздің басты міндетіміз.
Жоспарланған барлық әлеуметтік нысандар мен құрылыстың сапасын бақылау —  жергілікті әкімдіктің тікелей міндеті. Облыстағы 900 мыңға жуық халықтың барлығы маған бірдей. Әрқайсысының үніне құлақ асып, көмектесу, барынша қолдау көрсету — менің міндетім. Соңғы кездері Темір ауданы қарқынды дамып, әлеуеті артып келеді. Енді осы жеткен жетістікке бейқамдық танытпай, күні-түні еңбектеніп, ауданның одан әрі дамуына бір адамдай жұмылып үлес қосуымыз қажет, — деді облыс әкімі.
Жиын соңында облыс басшысы 5 адамды қабылдап, аудан басшылығына аталған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды және жуық арада орындалуы туралы ақпарат беруді тапсырды.

Алға: Бұл — мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолданудың нәтижесі 

Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов өткен жылы ауылшаруашылық, әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет, құқық қорғау және басқа салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Есепті кезеңде аудан экономикасына 10,5 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 28,6 миллиард теңгеге жеткен.
Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану нәтижесінде мал басы саны артқан.
«2018-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасы бойынша 8486 ірі қара сатып алынып, әкелінген малдар ауданның якорлық шаруашылықтарына мал тұқымын асылдандыру және көбейту мақсатында таратылып берілген.
«Сыбаға» бағдарламасымен 5 шаруа қожалығы 270 миллион теңгеге 424 ірі қара сатып әкелсе, 6 шаруа қожалығы 94 миллион теңгеге 3417  ұсақ мал сатып алды.
Сонымен қатар «АкТеп» ЖШС Ресей, Иран, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан елдеріне 3,7 мың тонна сиыр етін экспорттаса, «Реймқұл» шаруа қожалығы Ресей мемлекетіне 12,7 тонна қой етін экспортқа шығарды.
Өсімдік шаруашылығы бағытында 87,9 мың га жерге дәнді, майлы, мал азықтық және көкөніс, бақша  дақылдары егілді. Жыл қорытындысында өсімдік шаруашылығы бойынша жалпы өнім 102,5%-ға жеткен. Тұрғын үй құрылысына жер алуға кезекте 13679 азамат тіркелген. Алға қаласы және ауылдық округтердің бас жоспарларына сәйкес өткен жылы 410 жер телімі бөлінген. 33,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Биылғы жылы 5 қабатты 60 пәтерлік үйдің  құрылысына бюджеттен 446,8 миллион теңге қосымша қаражат қарастырылған. Үйлердің құрылысы кезең-кезеңімен қаржы бөлінуіне қарай жүргізіліп отыр.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен 22 миллион теңгеге бес пәтер сатып алынып, табысталды.
Бизнес субъектілерінің өндірген өнім көлемі 28,9 миллиард теңге құрады. Шағын және орта бизнес саны 2024 бірлік, өткен жылмен салыстырғанда 95 субъектіге артқан.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң, алғалық тұрғындар таза ауызсу, Амангелді, Тамды ауылдарына көгілдір отын тарту, Үшқұдық ауылындағы балабақшаның құрылысын аяқтау, шаруалар мал жаюға арналған жер телімдерін алу мәселелерін көтерді.
«Мемлекет басшысы өткен жылғы облысымызға жұмыс сапары барысында экономикамыздың дамуын сараптап, орын алған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар берді.
Өткен жыл ішінде мен облыс аудандарына 60-тан астам жұмыс сапарымен барып, 100-ден астам ауылдық елді мекенді қамтыдым. Аудан әкімі атап өткен көрсеткіштер саяси тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің, өздеріңіздің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында келіп  отырған жетістіктер», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы аудан әкіміне елді мекендерді жол, газ, электр жарығы, ауызсу және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді жүйелі түрде іске асыруды, 2020 жылға жоспарланған барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями