Популярные темы

Импорт алмастыру және сұраныс

Дата: 01 февраля 2020 в 17:42


Импорт алмастыру және сұраныс

Өңірлік коммуникациялар қызметі облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдерімен бірлесіп «Импорт алмастыру бойынша өңірде қолданылып жатқан шаралар» тақырыбында баспасөз турын өткізді.

Шара барысында журналистер Ақтөбе қаласындағы бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап, олардың бүгінгі жай-күйімен танысты.

Солардың бірі — өнеркәсіп салаларындағы полимерлік өнімдерді шығаратын «MIAL-KZ» компаниясы. 2012 жылы іске қосылған кәсіпорын жыл сайын 3 тоннаға жуық өнім шығарып отыр.

— Елімізде мұндай өндіріс Тараз қаласында ғана бар. Ал Батыс Қазақстанда полиуретан өнімдерін жасайтын біздің компаниямыз. Қазір облыстағы өндіріс орындарының 99 пайызы біздің қызметімізге жүгінеді. Соңғы жылдары бұл өнімдер тау-кен, машина жасау, мұнай химиясы және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Шикізат Ресей елінен алынады, алдағы уақытта өзіміз өндірсек деген жоспарымыз бар, — дейді «MIAL-KZ» ЖШС директоры Михаил Орлиогло.

БАҚ өкілдері өткен жылы мамыр айында іске қосылған ұяшықты газбетон өндіретін «Фотон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды.  Аталған кәсіпорынның тауарларды сату бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ибраевтың айтуынша, былтыр сатылымға 80 мың текше метр газбетон шығарылған.

— Биыл өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуды көздеп отырмыз. Себебі сұраныс деңгейі жоғары. Еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Ресей Федерациясынан тапсырыс түсуде.

Біздің өнімнің ең басты артықшылығы — сапасы. Өйткені арнайы неміс технологиясымен жасалады, — дейді ол.

Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Бүгінде зауытта 150-ге жуық адам жұмыс істейді.

«Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» акционерлік қоғамы — мұнай өндірісіне қажетті жер асты құрал-жабдықтарын шығару бойынша Қазақстанның ірі мамандандырылған машина жасау кәсіпорындарының бірі. Аталған кәсіпорын елімізде мұнай жабдықтарын шығару үшін импортты алмастыру өндірісін ұйымдастыру мақсатында 2001 жылдың тамызында құрылды.

Аталған зауыт бүгінде мұнай саласына маманданған көптеген ірі компаниялардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Атап айтсақ, олардың қатарында «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамдары секілді өзге де компаниялар бар.

— Өткен жылды жоғары көрсеткішпен аяқтадық. Ішкі нарықты республика бойынша толығымен қамтамасыз етіп отырмыз. Енді тауарларды экспортқа шығару жоспарлануда. Зауытта қазір екі маусымда 230 адам жұмыс істейді, — дейді зауыттың техникалық бөлім басшысы Айболат Мазенов.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы Ақтөбе облысындағы өзара тауар айналымы 4,0 миллиард АҚШ долларын құраған.

Әлі де өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды өзге мемлекеттерден алып отырмыз. Негізінен көлік құралдары мен автомобильдер, металдар мен олардан жасалған бұйымдар, жанар-жағармай материалдары және жеңіл өнеркәсіп өнімдері де сырттан келеді. Мәселен, Ақтөбе облысына дәрі-дәрмектер Литва, Германия, Франция, Үндістаннан, тоқыма, қағаз өнімдері, аяқ киімдер мен тұрмыстық техникалар Қытай мен Түркиядан, Германиядан әкелінеді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Поделитесь новостью с друзьями