Популярные темы

Ақтөбелік артистердің шашуы

Дата: 30 января 2020 в 10:52 Категория: Новости культуры


Ақтөбелік артистердің шашуы

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы «Ашық есік күндері» акциясын өткізді. 4 күн бойы өнер ұжымының ең тәуір деген концерттік бағдарламалары ақысыз негізде қойылды. Бұл зейнеткерлер мен әртүрлі себеппен үйде отырған адамдар үшін үлкен сый болғаны анық.

Былтыр 75 жылдық мерейтойын атап өткен филармония, осылайша, көрермендері үшін жыл басында тегін өнер көрсетті. Яғни бұл концерттерге билет сатылған жоқ. Айталық, 27 қаңтар күні А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің және филармония солистерінің қатысуымен «Гори, гори, моя звезда!»  романстар кеші ұсынылса, келесі күні қазақ камералық хоры «Хором Jazz» атты концертімен музыка сүйер қауымды елең еткізді.

— Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек еттім. Қазір құрметті демалыстамын. Балалар күнұзағына жұмыста, мен сол үйде отырамын. Жұрт қатарлы зейнетақы алсам да, шыны керек, концертке билет алуға ақшамды қимаймын (күліп). Одан да жеміс-жидек, дәрумен алғанды жөн көреміз ғой. Бүгінгі джаз музыкасына арналған концерт көңілімнен шықты. Осындай ақысыз кештер жиі ұйымдастырылып тұрса, керемет болар еді. Сосын демалыс күндері, сағат 19.00-де өтсе деген ұсыныс бар. Әйтпесе немерелері бар замандастарым жұмыс күндері үйінен шыға алмай, байланып отыр. «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» демекші, көпшілікке ыңғайлы уақытты таңдаса болады ғой, — деп тілегін жеткізді еңбек ардагері Үмітай Бисенғалиева.

Ал кеше камералық оркестрдің әншілері  Виктор Цойдың шығармашылығына арналған «Звезда по имени Солнце» кешімен көпшілікті әдемі әсерге бөледі. Концерттік бағдарламада жасындай жарқ еткен келте ғұмыр иесінің репертуарындағы «Группа Крови»,«Восьмиклассница»,«Пачка сигарет», т.б. әндері әуеледі.

Бүгін, яғни 30 қаңтар күні сағат 16:00-де Өнер орталығында А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «Soundtrack» концерті өтеді. Танымал кинолар мен мультфильмдердегі әндер орындалатын концерттен қалып қоймаңыздар! 

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Тэги новости: Новости культуры
Поделитесь новостью с друзьями

Читайте также