Популярные темы

«Бастау бизнес» және ауыл тұрғындары

Дата: 30 января 2020 в 10:52 Категория: Новости экономики


«Бастау бизнес» және ауыл тұрғындары

«Бастау Бизнес» — ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттырып, өз кәсібін бастауларына ұйытқы болып отырған бірегей жоба.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты болып табылатын жобаның игілігін көріп отырғандар қатарында Хромтау ауданына қарасты Ақжар ауылының тұрғындары да бар.

Хромтау ауданы бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017– 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан бойынша 225 адам оқытылып, 72 адам грант иегері атанған. Ал Ақжар ауылдық округі бойынша 18 адам қысқа мерзімді оқу курсын аяқтапты. Олардың алтауы бүгінгі күнге дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар.

 Көпбалалы ана шаштараз ашты

Бүгінде ауылда шаштараз ашып, өз кәсібін бастаған Тұрсынай Күрленбаева —« Бастау Бизнес» жобасының қатысушысы. Бала тәрбиесімен үйде отырған көпбалалы ана жоба аясында арнайы курс аяқтап, 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алған.

Аталған қаржыға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, үйінің бір бөлігінен шаштараз бөлмесін ашқан Тұрсынай ауыл тұрғындарына қызмет жасап отыр.

— Осы уақытқа дейін бала тәрбиесімен үйде отырдым. Төрт балам бар. Үшеуі —мектеп жасында, ал төртіншісі — тіпті кішкентай. Сондықтан жұмыс жасай алмадым. Кейін аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары «Бастау Бизнес» жобасы туралы айтты. Бағымызды сынап көруді жөн санадық. Жоба аясында арнайы курстан өтіп, теориямен қатар практикалық тәжірибе жинадым. Бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, нәтижесінде 505 мың теңге грант ұтып алдым. Бұл жобаның біз секілді үйде отырған әйелдерге пайдасы өте көп. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған жобаның игілігін Ақжар ауылының бірнеше тұрғыны көріп отыр, — дейді бағдарлама қатысушысы.  

Ақжар ауылына 2005 жылы Өзбекстаннан көшіп келген Тұрсынай бұған дейін ауылда бірде-бір шаштараз болмағанын айтады.

— Грант ұтып алған соң, жолдасым екеуміз ойлана келе, шаштараз кабинетін үйдің бір бөлігінен ашқан жөн деп келістік. Өйткені, дәл қазір бізге осы ыңғайлы. Балалардың бірі мектептен келіп жатса, бірінің мектепке баратын уақыты болады. Қазір жұмысым өз үйімде. Өте ыңғайлы. Негізінен, келушілер қатары сенбі-жексенбі күндері көбейеді. Шаш алумен қатар, қыз-келіншектердің тырнақтарын да сәндеп беремін, — деген Тұрсынай болашақта кәсібін үлкейтіп, қызмет көрсету түрлерін көбейтуді көздеп отыр.

— Қазір жолдасым да жұмысқа тұрды. Мен де өз кәсібімді бастадым. Бұйырса, жоспарымыз өте көп. Реті келсе, қолымнан келгенше өз білгенімді ауылдағы қыз-келіншектерге үйреткім келеді. Қаржы мәселесі шешіліп жатса, үйдің жанынан үлкен арнайы әсемдік салонын ашсақ дейміз, — дейді Тұрсынай.

Әлеуметтік көмектен құтқарған грант

«Бастау Бизнес» жобасының мол мүмкіндігіне ие болғандардың бірі — ақжарлық Эланора Насурлаева. Жобасын сәтті аяқтап, 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алған ол өткен жылдың қараша айынан бастап шаштараз ретінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп жүр.

Әзірге жеке кабинет ашуға мүмкіндігі болмаған Эланораға, ауыл әкімдігі ауылда орналасқан ғимараттан арнайы тегін орын берген. Болашақта ісі алға басса, кәсібін кеңейтуді көздейді.

Бұған дейін жолдасы да, өзі де жұмыссыз болып, атаулы әлеуметтік көмек алып келген Эланора «Бастау Бизнес» жобасы туралы аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарынан естиді. Кейін, ауылда шаштараз көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе екенін ескеріп, шаштараз ашуға ниет етеді. Жобасын сәтті аяқтап, ұтып алған грантқа қызметіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алады.

Бүгінде жолдасы да жұмысқа тұрған, өзінің ісі алға басып келе жатқан Эланора «Бизнес Бастаудың» өз кәсібін бастағысы келетін тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндік екендігін айтады.

— Бұл жоба — өз идеяңды шынайы түрде жүзеге асыруға беріліп отырған үлкен көмек. Менің бұған дейін шаш қиып, бет әрлеуге икемім болса да, өз кәсібімді бастап кетемін деп ойламаған едім. Осы жобаның арқасында арманым ақиқатқа айналды. Өзімнің қолымнан келетін істі кәсіби түрде оқып алдым. Шаштараз біздің ауылға өте қажет. Күніне кем дегенде 1-2 адам болады. Бірінің шашын алсам, енді бірінің бетін әрлеп беремін. Қызмет көрсету бағалары да қолжетімді. Таңғы 9-дан сағат түскі 12-ге дейін, ал түстен кейін сағат 3-тен кешкі 5-ке дейін осында боламын, — дейді Эланора.

Ауылдан шаштараз ашылғанына ауыл тұрғындары да дән риза. Бұрын шаш алдыру үшін аудан орталығына баратын тұрғындар, бір жүгі жеңілдегенін айтады.

— Бұрын тек шаш алдыру үшін ғана ауыл тұрғындары Хромтауға баратын еді. Мәселен, менің өзім де бүгін шаш алдыру үшін аудан орталығына кетіп бара жатыр едім. Үйдегі жұбайым ауылдан шаштараз ашылғанын айтты. Содан соң осында келдім. Мұндағы балалар да жақсы алады екен. Ауылдың арғы шетінен де шаштараз ашылғанын естідім. Тұрғындар саны жеткілікті болғандықтан, ол көптік етпейді. 

Бүгінгі таңда жалпы ауылдың жағдайы жаман емес. Дәгігерлік емхана, балабақша, мектеп бар. Ауыл сумен, газбен қамтамасыз етілген, — дейді ауыл тұрғыны Қуаныш Озғанов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Тэги новости: Новости экономики
Поделитесь новостью с друзьями