Популярные темы

Облыста діни ахуал қандай?

Дата: 25 января 2020 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Облыста діни ахуал қандай?

Облыста деструктивті діни ағымды ұстанатын азаматтарды дәстүрлі дінге қайтару үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ нәтиже бар ма? Қандай шаруаны қолға алу керек?  Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалық етуімен өткен жиында осы мәселе көтерілді. Жиынға қала мен аудандардағы ішкі саясат бөлімінің басшылары қатысты.

Марат Тоқжановтың айтуынша, биыл бұл жұмыстар үш бағытта жалғасады. Олар — алдын алу, насихат жүргізу, оңтайландыру жұмыстарын бір ізге келтіру. Жиында облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлібек Тұралиев өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

— Облыста діни ахуал тұрақты. Зиялы қауым, мемлекеттік, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмыс жасалып жатыр. Биыл  ақпараттық-түсіндіру тобын оңтайландырып, санын қысқарттық. Жалпы өткен жылы ақпараттық-түсіндіру тобымен 81 мың адамды қамтыған 4 мыңнан астам шара өтті. Оның екі мыңы жеке кездесулер болды. Дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында еліміздің оңтүстік өңіріне сапарлар жасалды. Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Мұғалжар аудандарынан азаматтар рухани сапарға шығып қайтты. Бұндай шараны биыл діни ахуалы күрделі саналатын Темір, Хромтау, Байғанин аудандары ұйымдастыруы керек, — деді басқарма басшысы.

Былтыр 191 адам дәстүрлі дінге бет бұрып, олар тізімнен алынған. Дегенмен аудандарда жүргізілген жұмыстардың нәтижесі аз. Мәселен, Мәртөк, Ойыл, Әйтеке би, Қобда аудандарында бірде-бір адам дәстүрлі дінге өтпеген. Облыста жеті әйел теолог  жұмыс істейді. Әлі де әйелдермен жұмыс жасайтын мамандар керек. Әлібек Тұралиев осы және өзге де мәселелерді ортаға салды.

«Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Жаншин ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы айтты. Оның айтуынша, бұл бағыттағы шаруалар  тоқтаған емес. Топ мүшелері барлық саланы қамтиды. Мәселен, жастар, базарда сауда жасайтындар, сауда-саттықпен айналысатындар, оралмандар, шетелден келетіндер, сырттан келетін жұмысшылар, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар, мұнай-газ саласындағы азаматтар, түзету мекемесіндегілер, яғни барлығы қамтылады.

Қазір жастар ғана емес, барлық тұрғындар әлеуметтік желіні пайдаланады. Сондықтан орталық осы бағытқа ерекше күш салыпты. Әсіресе, ВКонтакте, инстаграм желісіне бақылау жүргізеді. Осы желілерде орталықтың парақшасы бар. Тұрғындар өздерін мазалаған қандай да бір діни сұрақ бойынша хабарласып, кеңес алуына болады. Ақпараттық топтың атқарған шаралары да желі парақшаларына жүктеліп отырады. Осы ретте кейбір аудан өкілдеріне ескертулер берілді. Себебі желіде белсенді болып, тұрғындармен кері байланыс жасап отырмаса, мәселелерді шешу оңай болмайды.  Орталық жетекшісі діни ахуал күрделі саналатын Темір, Мұғалжар аудандарында биыл түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілетінін айтты.

— Деструктивті діни көзқарастағы және өзге де азаматтардың қатысуымен спорттық сайыстар өткіземіз. Әсіресе, шағын футболға қызығушылық жоғары. Бұрын жарыс екі күн ұйымдастырылатын. Өкініштісі, кейбір азаматтар арасында келіспеушіліктер болады. Осыны ескеріп, былтырдан бастап сайысты екі айға создық. Екі ай ішінде деструктивті көзқарастағы азаматтармен жақын танысып, олармен тығыз араласудың сәті түсті. Телефон номерлерін алып, арнайы топ аштық. Осылайша біртіндеп жұмысты жандандыруға күш саламыз. Әйелдер арасында да түрлі шаралар өтеді, — деді Нұрсұлтан Жаншин.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшыларынан аймақтағы ахуалды сұрады. Оның ішінде Мәртөк, Ойыл, Әйтеке би, Қобда аудандарының өкілдеріне сұрақ қойды.

— Жұмысты дұрыс жүргізу керек. Бұнымен теолог шұғылданады, анау айналысады, мынаның шаруасы деп мәселеге  салғырт қарауға болмайды. Әрбір мәселені өздеріңіз зерделеп, зерттеулеріңіз керек. Ештеңемен шұғылданбасаңыздар, сұрақ болмайды. Проблеманы қазбалап, зерттегенде ғана көп нәрсеге көз жеткізесіздер. Бұл шаруаға үстіртін қарасақ, ештеңе бітпейді. Қазбалау керек. Кездестім, айттым деген болмайды. Өздеріңізге жүктелген міндетті дұрыс атқару керек. Ертеңгі күні мәселемен құзырлы органдар айналысқанда сіздердің қателіктеріңіз бәрібір шығады. Сондықтан қарама — қайшылықтар болмас үшін шаруаны тиянақты атқару керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Әлеуметтік желіге қатысты мамандармен ақылдаса отырып жұмыс жасау керектігін ескертті.

«Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы жетекшісінің орынбасары, теолог Төлеген Талдыбаев оңалту жұмыстарына қатысты шаруаларды баяндады. Діни көзқарасы бөлек азаматтармен қалай сөйлесу керек, қандай нұсқаулық қолданған жөн, осыған тоқталды. «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан мешіт жұмыстарына қатысты проблемаларды айтты.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары бірқатар тапсырмалар берді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями