Популярные темы

Жаңа туғаннан бастап…  

Дата: 23 января 2020 в 12:42


Жаңа туғаннан бастап…   

Әлеуметтік төлемдер

Қай кезде де мемлекет отбасына қолайлы жағдайлар жасауға, ана мен баланы қолдауға бағытталған бірқатар әлеуметтік төлемдерге қаражат бөледі. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты мұндай  төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де көбейіп отырады. Айталық, биыл 1 айлық есептік көрсеткіш 2651 теңгеге тең. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер кімге қанша мөлшерде беріледі?

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, мемлекет өмірге келген әр балаға он сегіз жасқа дейін, оқып жатса, диплом алғанша белгілі бір мөлшерде жәрдемақы төлейді.

— Таратып айтсақ, ең біріншісі — бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы. Бұл республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Биыл айлық есептік көрсеткіш өскесін, бұның да көлемі өсіп отыр. Бірінші, екінші үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш немесе 100 738 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 167 013 теңге беріледі. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді, — дейді Бұлбұл Елеусінова.

Екіншіден, жаңа туған балаға бір жасқа дейін ай сайын жәрдемақы беріледі. Бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады.

Жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші балаға — 5,76 айлық есептік көрсеткіш немесе 15 270 теңге; екінші балаға — 6,81 айлық есептік көрсеткіш немесе 18 054 теңге; үшінші балаға — 7,85 айлық есептік көрсеткіш немесе 20 811 теңге; төртінші және одан да көп балаға — 8,90 айлық есептік көрсеткіш немесе 23 594 теңге төленеді.

Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем басқаша есептеледі. Мұны есептеу мысалын біз «Спутник Қазақстан» сайтынан алып отырмыз. Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Мәселен, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 3 000 000 теңге табыс тапты делік. Осы соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24 = 125 000 теңге. 125 000 теңге — орташа айлық жалақы. Осыны мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтеміз: 125 000*0,4 = 50 000. 50 мың теңгенің 10 пайызы, яғни 5 мыңы — ай сайынғы зейнетақы жарнасы. Сонда жұмыс істейтін әйел бала күтімі үшін ай сайын 45 000 теңге алып отырады.

Сонымен қатар жүктілікке және босануға байланысты төлем де қарастырылған. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері  туралы да таратып айтуды жөн көрдік.

Жалақының орташа мөлшерін жұмысқа қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 процент зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, соңғы бір жыл ішінде табысыңыз 1 800 000 теңге болды. Осы соманы он екі айға бөлген кезде, орташа жалақы шығады. 1 800 000/12 = 150 000 теңге; 150 000*4,2 = 630 000 теңге;
Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын шегересіз. 630 000 — 63 000 = 567 000 теңге. Яғни жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлем 567 000 теңгеге тең болды.

Балаңыз төртеуден көп болса…

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, Ақтөбе облысында 14 789 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 7-ден көп баласы бар отбасы саны — 160. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеуге биыл 676 млн теңге бөлініп отыр.

Биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген әлеуметтік саладағы кейбір өзгерістерге сай, көпбалалы аналарға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленіп жатыр. Айталық, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасыға жаңа мемлекеттік жәрдемақы былай белгіленіпті: 4 балаға — 42 496 теңге, 5 балаға — 53 127 теңге, 6 балаға — 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға — 74 388 теңге.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 16 мың теңгеден асады.

Жәрдемақылар

Биыл жәрдемақысы 30 пайызға көбейетіндердің қатарында еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан және жұмысынан айырылған азаматтар да бар. Әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасында қарастырылған.

Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жалпы және кәсіби аурулардан, еңбекте мертігуден мүгедек болғандарға: І топ үшін — 59 872 теңге, ІІ топтағыларға — 47 710 теңге, ІІІ топқа 32431 теңге беріледі. Бала кезінен бері мүгедек жандарға: І топ үшін — 59872 теңге, ІІ топқа — 49581 теңге, ІІІ топтағыларға 37420 теңге беру қарастырылған.

Ата-анасының біреуі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын жәрдемақы төленетін болды. Бір адамға 26818 теңге, екі адамға 46463 теңге, адам санына қарай сараланады. Тұл жетімдерге — әрқайсысына 36796 теңгеден беріледі.

Мүгедек баланы кәмелет жасына толғанға дейін тәрбиелейтін анаға немесе әкеге, асырап алушыға тағайындалатын және төленетін жәрдемақы көлемі 43 657 теңге болып отыр. Дәл осындай мөлшердегі жәрдемақы бала кезінен I топтағы мүгедекті бағып-қағу үшін төленеді.

 Атаулы әлеуметтік көмек

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, облыс бойынша қазіргі таңда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 2237 арыз түсіп, оның 327-сі мақұлданды. «Отбасы табысы көбеюіне байланысты 41 адамның құжаты кейін қайтарылды. Қалған арыздар бойынша учаскелік комиссиялар жұмыс жасап жатыр», — дейді Б.Елеусінова.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Поделитесь новостью с друзьями