Әр тұрғын өз ауласын күтіп ұстауы тиіс

Дата: 21 января 2020 в 11:23 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Әр тұрғын өз ауласын күтіп ұстауы тиіс

Мәртөк ауданының Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Бостан Амантұрлиев  Саржансай және Кеңсахара елді мекендері тұрғындарының алдында есеп берді.

1815 тұрғыны бар қос  ауылдың екі орта мектебі, екі балабақшасы бар. 2019 жылы округте 43 сәби дүниеге келген. Округте  9 ЖШС, 37 шаруа қожалығы,  52 шағын бизнес нысандары тіркелсе, суармалы шаруашылықтарда  жүгері, мал азығы дақылдары,  көкөніс өсірілуде.

— Жұртшылықтан түскен ұсыныстарға талдау жасағанымызда  екі балабақшада 60 орын жетіспейтіні белгілі болды.  Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  Саржансайда 50 орындық  балабақша салуды жоспарладық, — деді Тәңірберген ауылдық  округінің әкімі Бостан Амантұрлиев. Мұнымен бірге Саржансай елді мекенінде 70 орындық ауылдық клуб салынатыны да айтылды.

Есеп кезінде округ аумағынан кемпинг құрылысына аукционнан екі жер телімін сатып алған кәсіпкерлердің жұмысты жүргізбей кеткені белгілі болды. Оның бірінің алған жер телімі өткен жылы мемлекет меншігіне кері қайтарылса, екіншісі биылғы жылы кері өткізеді.

Саржансай мен Кеңсахара ауылының тұрғындары қоқыс шығаруды реттеу, мектепке күрделі жөндеу жүргізу, қаңғыбас иттерді ату, стадионды қоршау, көшені жарықтандыру туралы  сұрақтар қойды.

Кеңсахара ауылының тұрғыны, зейнеткер Бағила Бисембаева   округ әкімінің балалар ойын алаңын салдырып, орталық көшені ретке келтіріп, өзі бас болып   ауыл ортасындағы қираған үйлердің орнын тазалағанына  ризашылығын жеткізді. Ендігі мәселе — қоқыс жинауды ретке келтіру. Өйткені, үйлердің шарбақтарында қоқыс үйіліп жатыр. Кеңсахарада газ жүргізілген, су, жарық бар, «Батыс Еуропа –Батыс Қытай»  тасжолы ауылдың іргесінен өтіп жатыр. Қария өз ауылдастарына   үйлерін, шарбақтарын күтіп ұстап, көгалдандыруға атсалысуы керектігі жөнінде ақылын айтты.

Ал Жайсаң ауылдық округінің әкімі  Жәдігер Есмұхамбетов Жайсаң және   Көкпекті ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Жайсаң елді мекенінен 9 шақырым жердегі Көкпектіде  40 тұрғын үй тіркелгенімен, шын мәнісінде 30 үй ғана  қалған. Бұл ауылдың адамдары  мал, құс асырап күн көріп жатыр. Көкпектіде электр жарығы жиі-жиі өшіп қалатындықтан, жұртшылық округ әкімінен осы  мәселені шешіп беруін сұрады.

Жайсаң ауылдық округінің 6 жұмыссыз азаматы облыс  орталығына қысқа мерзімді оқуға, 12 тұрғын Көкпектідегі шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге жұмысқа жіберілген.

Жеке кәсіпкер Гүлжанат Тасмағамбетова  Жайсаң ауылында 8 жалдамалы тұрғын үй салып, оған газ жүргізіп, ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысып жатыр. 2019 жылы Жайсаң ауылдық округінің 64 тұрғыны жер алуға өтініш білдірген.

Әкімнің есебінен соң  ауыл тұрғындары Жайсаң ауылына кіреберістегі көпірді жөндеп беруін сұрады.

                                                                                    Елена ОНИСЬКОВА,

                                                                                       Мәртөк ауданы.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями