Мектептің мұңы — көмірдің күлі

Дата: 16 января 2020 в 11:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Мектептің мұңы — көмірдің күлі

Аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі биыл Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал селосында басталды. Алдымен тұрғындарға округ аумағында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды ауыл әкімі Әділбек Ізбасов баяндады. Одан соң ауданның өткен жылғы тынысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев шолу жасады.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев пен сынықшы Сүлеймен әулиенің ауылы Қараталдың қашанда қонағы көп. Табиғаты әсем, қарағайлы құм Барқынға демалушылар да Қараталға баратын жолмен өтеді. Аудан орталығынан 20 шақырым жолдың жайы келген қонақтар үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де шешімін күткен шаруа болатын. Өткен жылы басталған жолды жөндеу аяқталуға жақын. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы орташа жөндеуден өткен жол екі ортаның қатынасын едәуір жақсартты. Көптен күткен жолдың жайы дұрысталғанымен қараталдықтардың тағы бір мәселесі бар. Село тұрғындарының ендігі күткені — көгілдір отын. Еңбек ардагері Жауғашты Жонысов ауылдың болашағы адамымен өлшенетінін, қазақы ауылдардың да «қартайып» бара жатқанын, жастардың жаппай қалаға «қашуын» айтып, ішкі миграцияны тоқтату үшін ауылға көгілдір отынды жеткізіп, жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынды. Ал Ықылас Қарабалин ауыл тұрғындарының барлығын алаңдатып отырған мектептің «мұңын» жеткізді. Яғни көмірдің сапасы. Қысқа дейін «күл» болып кеткен көмірді кәдімгідей елеп жағып отырған жігіттер оның да қызуы жоқ екенін айтады. Пештен шығып тұрған жылудың өзі 50 градустан аспай тұр. Осыдан кейін мектептің ішіндегі жылу да жеткіліксіз. Ата-аналар осыған алаңдаулы. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебайұлының айтуынша, бұл жағдайдан аудан басшылығы хабардар. Біріншіден, көмір жеткізуші тендер арқылы анықталды. Мердігер қыркүйек айының ішінде ауданның қатты отынмен жылытылатын барлық мектептеріне көмірді жеткізіп берді. Ал ауданда көмірдің сертификатымен сәйкестігін тексеретін, сапасын анықтайтын лаборатория немесе құрылғы жоқ. Осыған дейін сұйық отынмен жылытылып, ешқандай мәселе туындамаған болатын. Қаражатты үнемдеу үшін  мектептерді қатты отынға ауыстыруға бұрынғы облыс басшысының тапсырма бергені белгілі болды.

Одан кейін есеп беру жиыны Көптоғай ауылында жалғасты. Алдымен округ әкімі Ерлан Асылбаев өткен жылдың ішінде жерлестерімен жұмыла атқарған жұмыстарын жеткізді. Әсіресе, «Туған жерге тағзым» акциясына атсалысқан жерлестерінің еңбегін ерекше атап өтті. Бұл ауылға жаңа типтік үлгідегі амбулатория қажет. Бұл — ауыл тұрғындарының бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатырған мәселесі. Тұрғындардың сауалына кезек келгенде, Қаратал ауылындағы ұқсас жағдай мұнда да бар екенін көпбалалы ана Жаңылсын Азанова жеткізді. Көптоғайлықтар да негізінен көгілдір отынды асыға күтіп отыр. Көтерме жолдың жайын жеткізген шаруалардың тілегі де түсінікті.

Тұрғындардың сауалдарына орай облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қаржаубай Ыбырайымұлы жан-жақты түсінік берді. Мәселен, Қаратал, Көптоғай ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Осы бағыттағы облыстың ұзақ мерзімді бағдарламасымен таныстырған Қаржаубай Ыбырайымұлы негізінен мал баққанымен өркениеттің көшіне ілескен ауылдардың тұрмысына шынайы ризашылығын білдірді. Интернет желісі кенжелеп тұрған ауданның биылғы басты жаңалығы — ауданға оптикалық талшықты байланыс жүйесінің келуі.

Тұрғындардың жекелеген сауалдарына әкімдердің есеп беру-кездесулеріне қатысқан мекеме басшылары жауап беріп, соңынан қоғамдық қабылдау өткізді.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями