Популярные темы

Ерте танылған талантты қолбасшы

Дата: 09 января 2020 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ерте танылған талантты қолбасшы

Бабатай аталатын аядай ауылда дүниеге келіп, алыс армандарға қол созған, биік мақсаттарға жеткен Жансен Кереев кешегі кеңестік заманда ірі әскери округте штаб бастығы қызметін атқарды. Сондай-ақ, әскери округ бастығының бірінші орынбасары қызметі тізгінін ұстады. Қазақ баласының мұндай биік дәрежеге көтерілуі оңайшылыққа соқпайтын еді. Сондықтан да оның өмір жолы, әскери ұмтылыстары, қызметі жан-жақты талданып, бүгінгі уақыт көзімен терең бағалануы тиіс деп ойлаймыз. 

Оның балалық шағы, жасөспірім кезеңі оңайшылыққа соққан жоқ. Сондай қиыншылықтар салдарынан жиырма жасында ғана орта мектепті бітірді. Ақтөбе қаласындағы №6 мектеп-интернатты бітіргеннен кейін көп ұзамай әскер қатарына шақырылады. Тағдыр оны көз көрмеген алысқа, сонау Қиыр Шығысқа қарай алып кетеді. Сонда солдат шинелін киіп, шыңдалудың алғашқы жолдарынан өтеді. Алғашқы күннен-ақ тәртіптілігімен, табандылығымен көзге түседі. Осылайша дивизия штабының оперативті бөлімінде хатшылық қызметке қол жеткізеді. Бір жылдан кейін басшылық жауынгерге әскери училищеге жолдама береді. Благовещенск жаяу әскерлер училищесін 1953 жылы ойдағыдай аяқтаған ол жарасымды лейтенант формасымен офицерлер сапына қосылады.

Жас офицерді тағы да шығыс шақырды. Бұл жолы өзі мектептен жақсы білетін, араларында жылы қатынасы бар Уфузаны жанына ертіп, алғашқы қызметіне жол тартады.

Байкал маңы әскери округіне қарасты Чита қаласына келіп түскен олар жолдамада көрсетілген Песчанка деп аталатын жерде казармалық жағдайда жаңа отбасылық жолдарын да бастайды.

Олар алғашқы сыннан сүрінбей өтеді. Содан кейін Венгриядағы жағдайға байланысты бұлар қызмет ететін полк Герман Демократиялық Республикасына қоныс аударады. Мұнда Франкфурттағы жазғы лагерьден орын беріледі. Бір жасқа да толмаған Артур отбасына шуақты күлкі әкеліп, бұл жақта Жанна атты қарындасы дүние есігін ашады.

Ол уақытта әскерилер жиі алмастырылады. Арада шамалы уақыттан соң Жансен ағаны Альтесматерге жібереді. Взвод командирі болып біраз тәжірибеден өткен ол рота басқару биігіне көтерілген тұста  Фрунзе атындағы академияның сырттай оқу бөлімшесіне түсу үшін жіберіледі. Мұнда бүкіл емтиханды үздік бағаға тапсырғандықтан күндізгі оқу бөліміне ауысуға мүмкіндікке ие болады.

Жансен Кереев 1965 жылы академияны алтын медальмен бітіріп шығады. Академиядан соң ол батальон басқарып, іле-шала полк командирлігіне жоғарылатылды. 1971 жылы Мурманск облысындағы дивизия командирінің орынбасарлығы қызметіне тағайындалады. Осы қызметте жүргенінде Бас штаб академиясына оқуға шақырылады. Бұл кезде ұлы Артур да азамат болып, әке жолын жалғастыруға бағыт ұстап, Ленинградтағы Суворов әскери училищесінде оқып жатқан болатын.

Жансен Кереев 1975 жылы Германиядағы «қытайлық» деп аталатын дивизия командирлігіне тағайындалады. Ол басқаратын құрама инспекторлық тексеру қорытындысы бойынша «үздік» деп бағаланып, оның командирі Жансен Кереевке генерал-майор әскери шені беріледі. Бұдан кейін ол Магдебургтегі армияның штаб бастығы лауазымына ұсынылады.

1979 жылы елге оралған оны Волга аймағы әскери округі штабының бастығы қызметіне бекітіп, генерал-лейтенант шенін береді. Кейінгі екі-үш жыл көлемінде Вьетнам халық армиясында аға кеңесші болып, Кампучияға арнайы тапсырмамен барған ол елге оралар сапарда белгісіз дертке ұшырайды. Оны білетіндер үшін өкінішті жағдайға айналған осы оқиға сыры шынын айтқанда жұмбақ күйінде қала берді…

Кеңестік заманда басқа ұлттар арасында қазақтығыңды айтудың, мақтан етудің өзі оңайға соқпағаны белгілі. Ал Жансен аға қай жерде жүрсе де домбыраға деген құрметін паш етіп жүрген.

1975 жылы Лейпциг жәрмеңкесінде Қазақстан павильоны ашылған кезде ол өзі қызмет атқаратын дивизия штабы орналасқан Галле қаласындағы бүкіл әскери басшылықты сонда алып барған. Неміс достарына картадағы Қазақстан аумағын мақтанышпен көрсетіп, оларды сонда тігілген киіз үйге бастап кіргізген, қонақтарды отандастарымен таныстырып, оларға қазақтың тіл үйірер ұлттық тағамдарын ұсынған.

Қазақстаннан барған артистерді дивизияға шақырып, солдаттардың алдында концерт қойғызған. Концерттен соң «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелерін үйіне алып барып, дастарқанға табақ тартқан. Ансамбльдің белді мүшесі, кейін қоғам қайраткері болған Шәріп Омаров осы жайды жүрген жерінде айтып отырады екен. Тіпті кейініректе Жансен аға Куйбышевта штаб бастығы болып жүргенінде де «Дос-Мұқасанды» нақ осылай құрметтепті.

Жансен Кереевтің дүниеден өткеніне де қырық жылға жуық уақыт жақындап қалыпты.  Бүгінде оның көзін көрген, жүздескен адамдардың да қатары сиреп барады. Дегенмен, сол бір дара тұлға туралы қағазға түсіп қалған естеліктер кейінгі ұрпаққа тағылымдық-тәлімдік тұрғыдан көп мәлімет береді деп ойлаймыз.

Облыста ұзақ жыл басшылық қызметте болған, елдің қадірлі ақсақалы қалпында өмірден өткен Нұрқожа Орынбасаров былай деп жазыпты: «Жансен маған күйеу бала болатын. Сондықтан да оны жақынырақ танып, білдім деуіме негіз бар. Оның бойына туабітті ерекшелігі — ашық-жарқын, қайырымды, жаны жайдары адам еді; өзінің биік дәрежесіне қарамастан өзін көппен бірдей ұстайтын, соның өзі адамдарды жанына жақындастыра түсетін. Ең бастысы — адамдарға көмектескісі келіп тұратын, мұндайда қалтасындағы соңғы тиынын да бере салу оған қиын емес-ті».

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қыдыр Қибашев балалық кезінде Ақтөбедегі №6 мектеп-интернатта Жансен Кереевпен бірге жатып оқыған адам. Тіпті екеуінің туған күніне дейін бірдей.

«Біз интернаттың бір бөлмесінде он бала жаттық. Барлығымыз өте тату тұрдық, соның ішінде менің Жансенмен достығым ерекше болды. Оның сабаққа ынталылығы, алғырлығы, таза жүруі мені өзіне тарта түсті. Біз қара нанды қақ жарып жеуші едік. Қайда барсақ та бірге жүреміз, егіз қозыдай болып, бір-бірімізден ажыраспадық. Жансеннің жадының мықтылығы сондай, мұғалімдердің айтқанын есінде сақтап қалып, келесі сабақта сол қалпында айтып беретін және үнемі жақсы баға алушы еді. Түнімен әдеби кітаптар оқуға құштар еді, соның ішінде әскери қолбасшылар туралы, басқа да сол тақырыптағы мемуарларды жиі қарайтын», — деп естелігін айтады ардагер аға. Ол кісінің айтуынша, ұстаздары Ғұбайдолла Ақтаев, София Янбарисова, Олег Гутевич және басқалары болыпты.

Генерал-лейтенант Жансен Кереев 1983 жылы Мәскеудегі Бурденко атындағы әскери госпитальда белгісіз сырқат дертінен қайтыс болды. Оның денесі сол кездегі Қазақстан басшысы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен Алматыға жеткізіліп, қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының жанынан мәңгілік мекен тапты.

Туған топырағы өз перзентін ешқашанда ұмытқан емес. Даңқты қолбасшының 80 жылдығы Темір ауданының орталығында айрықша салтанатпен атап өтілді. Оған генералдың немересі, өз есімін иеленген Жансен Артурұлы келіп қатысты. Салтанатты шара барысында Жансен Кереевтің  өмір жолынан түсірілген  «Линия судьбы»  деректі фильмі көрсетілді.

…Міне, содан бері де он жыл өте шығыпты. Биыл генерал-лейтенант Жансен Кереевтің туғанына — 90 жыл! Бұл елімізде ерекше атап өтілетін, әсіресе, қазақ халқының біртуар батыр ұлының даңқын асырып, оның ерлік жолдарын кеңінен дәріптеуге жол ашатын кезең деп есептейміз.

Әскери екі академияны үздік бітірген, тактикалық, стратегиялық болжам-білігі ерте танылған талантты қолбасшы есімі ертеңгі күнге де еркін еніп, Отан қорғау жолындағы сапқа тұрған жас буынға жарқын жол көрсетіп тұра береді.

Қажымұқан СӘТЕНОВ,

әскери ардагерлердің республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.

 

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями