Популярные темы

Асылдар өлмес болсайшы…

Дата: 09 января 2020 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Асылдар өлмес болсайшы…

Халқымыз ардақты адамы өмірден өткенде: «Асылдар өлмес болсайшы…» деп жырға қосып күрсінген, қайғырған. Ақтөбе жұртшылығы ардақтаған Нәкең — Намаз  Ізімбергенұлы Ізімбергенов те сондай ажалға қимас азамат еді. Алланың ісіне не шара, арамыздан бақи дүниеге аттанғанына да қырық күн болып қалыпты.

Қазақ «Құданы да құдай қосады» дейді. Мен Намазбен сол құдай қосқан құда едім. Оның үлкен қызы — менің келінім, балам Исламғалидың жолдасы. Осы балаларымыздан ортақ немереміз бар. Немеремнің тегі — Ғұбайдолла, Дилара Исламғалиқызы. Нәкең құдамызбен екеуміз  бетінен кезек сүйетін едік…

Құдамызбен отыз жылдан бермен қарай айрықша сыйластықта болдық.  Әсіресе, 1985-1990 жылдардағы араласымыз ұмытылмастай есімде сақталып қалды. Ол кезде мен  өзімнің туған жерім Қобда ауданының  Жарсай ауылында тұратын едім.  Ақтөбеден Намаз құдам  жиі келіп жүрді. Қонақ келгесін мал сойып құрмет көрсету керек. Үйге кіргеннен  жайлаудан мал әкелу қамына кірісе бастаймын. Сол кезде Нәкең қонақпын деп сыздиып отырмай, «мен де бірге барайын» деп маған  ере шығатын. Біздің қонысымызды,  айнала өзен-сулы, шүйгінді жайылысты, малды  көріп, «Мынау мал бағатын керемет жер екен!» деп сүйсінетін. Бұрын өзі де ауылда өскен, кейін қалаға қоныс аударған азаматқа ауылдың өмірі ыстық көрінетін болса керек.

Осылай басымыз қосыла қалғанда, әңгімеміздің тақырыбы ауыл мен қаланың өміріне кезек ауысып, сөзіміз үйлесіп, әңгіме-дүкен құрып, мәз болысатынбыз,  ризалап шығарып салатынбыз.  Ол бізге келеді, біз оған барамыз, сөйтіп, бұл өмірде арамыз ажырап көрген жоқ еді. Оның үстіне «Құдаң құрдасыңдай болсын» деп бата да айтылатындай,  біз Намаз екеуміз жандай құрдас едік.

Осындай қадірлі құдамыздың алпыс, жетпіс, сексен жылдық мерейтойларында болып,құттықтау-тілектерімізді айтқанбыз. Қадір-қасиет, беделінің арқасында айналасына көп жолдас-жора жинаған азамат болатын. Барлық мерейтойларына Қазақстанның әр аймағынан өзі сынды белгілі азаматтар көп жиналатын. Оның ішінде Атыраудан, Ақтаудан, тіпті Ресейден көп адам келетін.

Сексен жасқа толғанында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  әсем сарайында үлкен салтанатты жиналыс өтіп,зор құрмет көрсетілді.

Өзі де сондай құрметке лайық, республикамызға, тіпті одан тыс жерлерге де танымал азамат еді. Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Бүкіл дүниежүзілік хирургтер қоғамының мүшесі, Н.А. Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықтың және А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры, бірнеше халықаралық құрметті атақтардың  иегері . Нәкеңнің  атақ-дәрежесін, алған марапаттарын түгендеп, ретімен тізіп шығудың өзі бізге күшке түсетіндей. ЕуроАзия ғылыми қорының  «Алтын скальпел» жүлдесінің иесі, жоғары дәрежелі хирург, елдің сүйікті дәрігері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының құрметті азаматы.

Осындай құдаммен мақтанатын едім, тек мен емес ақтөбеліктер, атыраулықтар, маңғыстаулықтар, күллі еліміз мақтанатын еді.  Елдің азаматы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, академик артына қаншама еңбектер жазып қалдырды. Оның ішінде медициналық терминдерді қазақшаға аударып жазған оқулықтары да бар. Ғалымның бұл еңбектері бүгінде еліміздің игілігіне айналып, медицина саласында оқитын әр студенттің қолында жүр. Осы ісі арқылы ол өмірдің жалғастырушысы болып мәңгі қалды.

Бұл өмірдегі  ең қымбат дәулет—денсаулық.  Намаз құдамыз осы жолға саналы ғұмырын арнаған және содан абырой тапқан адам. Мыңдаған шәкірттері бар, 7-8 ғылым докторларын, 20-дан аса ғылым кандидаттарын даярлаған. 1964 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен бастап, өмірден өткенше үйінде бір күнде қарап отырмады, бір күн қызметтен қалған жоқ. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде, облыстық ауруханада  белсенді қызмет атқарды.

Сондай жұмыс басты болып жүрсе де, қазақшылық жолды ұмытпайтын, үлкен мән беретін. Әке-шешем өмірден өткенде құда болғасын  келді, атқарысты ғой. Ал алпысқа, жетпіске, сексенге толған мерейтойларымда  да бастан-аяқ болып, қуанышымды бірге бөлісті. Нәкең құданың бір ерекшелігі , мерейтойлық құттықтау тілектерді  қолтаңбасымен жазып әкелетін. Бүгінде қымбат жәдігерге айналған  сол қолтаңба тілектері  менің архивімде сақтаулы. Соның бірінде: «Атаның жасына жетіп, абыройына ие болғанмен Ағаның жүгін арқалап жүрсіз» деп жазыпты. Шынтуайтқа келгенде, Ағаның жүгін арқалап жүрген нағыз қаранар өзі еді ғой. Сол қаранарымыз жығылды. Қайғымыз қабырға қайыстырғандай! Намаздай атпал азаматты әлі талай іздерміз, жоқтармыз. Қадірлі құдамыздың отбасына, құдай қосқан қосағы Тояш құдағиға, ұл-қыздарына, туған-туыстарына көңіл айтамыз, дендеріне саулық тілейміз.

 Ғұбайдолла БІТІКОВ,

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями