Көлігі — Mercedes, хоббиі — аңшылық. Сіз кімсіз, Атырау облысы әкімі?

Дата: 09 января 2020 в 09:13 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Көлігі - Mercedes, хоббиі - аңшылық. Сіз кімсіз, Атырау облысы әкімі?

Былтыр мемлекеттік қызметтегі соңғы тағайындалғандардың бірі Атырау облысының әкімі болды. 2019 жылдың 18 желтоқсанынан бері мұнайлы өлкені Махамбет Досмұхамбетов басқарады. Тengrinews.kz тілшісі Атырау облысының жаңа әкімі туралы мәліметтер ұсынады.

Махамбет Досмұхамбетов 1960 жылы 25 желтоқсанда Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) дүниеге келген. 23 жасында И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша тәмамдаған. 

2016 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша бітірген.

Болашақ әкім еңбек жолын 1983 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған. Түрлі жылдары «Ембімұнай» ӨБ, «Мұнай» БК, «Ембімұнайгаз» геологы, «Қазақойл» ҰМК ЖАҚ геология департаментінің директоры болып жұмыс істеді, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «ҚазГерМұнай» БК, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ геология департаменттерін басқарды.

2013 жылдың қыркүйек айынан 2015 жылдың қаңтар айы аралығында «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры, басқарма төрағасы қызметін атқарды, 2015 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың қараша айы аралығында — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары. 

2016 жылдың қараша айынан бастап Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалғанша ҚР энергетика министрінің бірінші орынбасары лауазымында болды.

Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі берген деректерге сүйенсек, Досмұхамбетов отбасылы адам, бүгінде бір ұл мен екі қызды тәрбиелеп отыр. Бос уақытында аңшылық, саяхаттау, экспедицияларға қатысумен айналысқанды жақсы көреді. 

Әкім Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабы мен америкалық жазушы Джек Лондонның «Ақ азу» повесін сүйіп оқиды екен.

Махамбет Досмұхамбетов қазір Mercedes маркалы көлікті жүргізеді. Дегенмен, облыс әкімі өзінің жалақы көлемін құпияда ұстауды жөн көрді. 

Оқи отырыңыз:

Шардаралық, заңгер, көлігі Toyota. Сіз кімсіз, Арыс әкімі?

Жалақысы, көлігі, хоббиі. Сіз кімсіз, Түркістан әкімі?

Жарты миллион фолловер, Mitsubishi, перфекционист. Сіз кімсіз, Дана Нұржігіт?

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями