Популярные темы

Олар жаңа жыл күні де жұмыс істейді

Дата: 31 декабря 2019 в 13:22


Олар жаңа жыл күні де жұмыс істейді

Жаңа жылды дастарқан басында, отбасыңның қасында қарсы алғанға не жетсін? Бірақ, қоғамға ауадай қажет мамандық иелерінің дәл осы күні кезекшілікке түсіп, түнгі 12-ні жұмыс барысында қарсы алып жататыны бар.

Мереке қарсаңында біз олардың бірқатарымен тілдескен едік.

Қоңыраулар екі есеге көбейеді

Мереке күндері адам денсаулығына алаңдайтындардың бірі — жедел жәрдем қызметі. Бақытгүл Назарова — облыстық жедел жәрдем бекетінің фельдшер-диспетчері. Бұл салада 2004 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жаңа жыл түнін биыл жұмыста қарсы алмақшы. Көңілі қалаған кәсібінің ыстығына күйіп, суығына төзуге даяр.

— Мен 2004-2012 жылдар аралығында үйді-үйді аралап, жедел жәрдем қызметінің бригадасында қызмет атқардым. Ауру-сырқау мерекеге қарамайды. Қолымызда адам өмірі болғандықтан, жаңа жылды жедел жәрдем көлігінің ішінде де қарсы алу үйреншікті жайтқа айналды.

Бүгінде шақырту қабылдаушы диспетчермін. 31 желтоқсан күні қоңыраулар легі күндегіден екі есеге артады. Шақыртулар төрт деңгейге бөлінеді. Ақтөбе қаласымен бірге облыстағы 14 ауданнан да қоңыраулар қабылдаймыз. Жұмыс барысында қан қысымы, жүрек аурулары бойынша, әсіресе, тамақтан улану, отшашу мен мұз айдындарынан жарақат алатындар көп болады. Биыл да Жаңа жылды жұмыста қарсы алмақшымын. Халық саулығы үшін қызмет атқару біз үшін мереке тойлаудан да маңыздырақ, — дейді ол.

Бір қызығы, Бақытгүл Назарованың жолдасы Әділ Кенжебаев та жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып қызмет атқарады. Екеуі де Ақтөбе медицина колледжін бітіріп, кейіннен жедел жәрдем бекетіне қызметке орналасқан. Ерлі-зайыптылар 15 жылдан бері медицина саласында тынымсыз еңбек етіп келеді.

Жауапкершілік жүгі ауыр

Арман Сейдахметов — ҚР Ұлттық Ұланы 3656-әскери бөлімінің топ бастығы, аға лейтенант. Ол 2015 жылы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтын тәмамдады. Әскери қызметкер бүгінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін еңбек етіп келеді.

— Бала күнімнен әскери адам болуды армандадым. Оның ішінде әуе қорғаныс күштеріне ерекше қызықтым. Әскери ұшқыштар туралы деректі фильмдер көріп, қызықты ақпараттар оқуға құмар болдым. 

Әр саланың  өзіндік қиыншылықтары мен жауапкершілігі болады. Біз бірінші кезекте әскери қызметкерміз. Сондықтан белігілі тәртіпке бағынамыз. Еліміздің кез келген аймағында төтенше жағдай бола қалса, арнайы бұйрық бойынша дер кезінде жетуге міндеттіміз.

Жаңа жылды қарсы алу біреулер үшін демалыс, отбасылық мереке болса, біздер үшін маңызы зор жауапкершілік жүктейді. Биыл әскери қызметте жұмыс жасап келе жатқаныма бес жылға жуық уақыт болды. Жұмысқа кіріскелі жыл сайын Жаңа жылды жұмыста қарсы алып келемін. Отбасым, бір ұлым бар. Әрине, осындай мерекелерде жақындарымызға көбірек уақыт бөле алмай жатамыз. Десе де, жолдасым қызметіме түсіністікпен қарайды.

Осы ретте ақтөбеліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Ең бастысы, елімізде тыныштық, бірлік болсын, — дейді Арман Сейдахметов.  

Жылды халықпен бірге қарсы алады

Қаламыздағы кез келген мерекелік шаралар мәдениет қызметкерлерінің атсалысуынсыз өтпейтіні белгілі. Бекжан Смағұлов — Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің дыбыс операторы.

— Биыл Жаңа жылды үшінші рет Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта қарсы алмақшымын. Себебі осы күні өздеріңіз білетіндей, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Түрлі қызықты жайттарды да бастан өткереміз. Кейде бір күннің ішінде бірнеше жерде мәдени шаралар ұйымдастырылады. Қыс мезгілінде ауа райы суық болғандықтан, аппаратуралар жұмыс істемей қалып жатады. Осындай сәттің бірінде шараның ашылуына бірнеше минут қалғанда іске қосып үлгергенім бар.

Биыл Жастар жылы болып жарияланғаннан кейін, жастарға көптеген қолдау көрсетілді. Бірқатар марапаттарға да ие болдым. Еңбектің еленгенінің өзі қызметкер үшін үлкен жетістік деп білемін, — дейді ол.    

Өрт қауіпсіздігі — өзекті шаруа

Мұратбек Мектепбаев Ақтөбе қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс қызметінің подполковнигі. Осындай өміріне қауіпті салада 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келеді. Өрт сөндірушілер жаңа жыл күні де тынымсыз жұмыс жасайды. Абайсызда шыққан өрт, далада қалған көлік, басқа да оқыс оқиғалардың барлығы осы мамандардың бақылауында.

— Өрт — тілсіз жау. Оның қай кезде орын алатынын ешкім болжап білмейді. Сондықтан уақытпен санаспаймыз. Жаңа жылда бірнеше рет кезекшілік атқардым. Кез келген уақытта шақыртылған орынға дер кезінде жетуге, ең алдымен, адам өмірін аман сақтап қалуға тырысамыз.

Биыл да 31-і күні кезекшілікке түсіп тұрмын. Оған еш қиналмаймын.

Отбасым да бұл жұмысыма үйренген. Жұмыс кестесімен санасып, дұрыс демалуыма жағдай жасайды.

Адам баласы үшін бейбітшілік пен тыныштықтан артық не бар?  Биылғы тышқан жылы еліміз үшін табысты жыл болады деген үміттемін, — дейді ол.

Жаңа жылдың әртүрлі отшашуларсыз өтпейтіні белгілі. Мұратбек Мектепбаев мерекелік шаралар кезінде, өрт және басқа да төтенше жағдайлардың орын алмауы үшін өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Күшейтілген тәртіп сақшылары

Елдің қауіпсіздігі үшін кейде өз өмірлерін қатерге қойып жататын полицейлер жұмысының қаншалықты қиын әрі қауіпті екені белгілі. Жаңа жыл күні бұл маман иелері де тыным таппайды. Жылда осы уақытта тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпке көшеді. Өйткені күнделікті міндеттерімен қатар, мереке күндері олар халық көп жиналатын барлық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етулері тиіс.

— 31 желтоқсанда қызу жұмысқа кірісеміз. Адамдар көп шоғырланатын жерлер мен демалыс орындарында тәртіпті қамтамасыз етіп, көше қылмыстарын болдырмау үшін тиісті шараларды қолға аламыз. Біздің мақсатымыз бен міндетіміз — қауіпсіздіктің алдын алу.

Биылғы жыл халқымыз үшін жаман болған жоқ. Келер жылдан да жақсылықтар күтемін. Жаңа жыл әр отбасына береке, бірлік, қуаныш алып келсін, — дейді Ақтөбе қалалық №2 полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Мейіржан Сағымбаев.

Әрі қарай күзет қызметі, теміржол саласы, мейрамханалар мен ойын-сауық орындары сияқты жұмыстарды рет-ретімен мысалға келтіре беруге болады. Ең бастысы, қандай сала болмасын, жаңа жыл түнін жұмыста қарсы алған адамдарды өз ісін шексіз сүйетін мамандық иелері деуге болады. Жаңа жылда жұртшылықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіп иелерін біз де келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Поделитесь новостью с друзьями