Популярные темы

Қаламдастар қуанышы

Дата: 31 декабря 2019 в 12:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Қаламдастар қуанышы

Доңыз жылы «Ақтөбе» газетінің ұжымы үшін жақсы жаңалықтарға толы болды. Басылым 95 жылдық мерейтойын тойласа, ұжым мүшелерінің жеке өмірлерінде де  қуанышты жаңалықтар көп болды. Сонымен..

Мерейтой

Газет 95 жылдық тарихында алғаш рет өз мерейтойын өзінің жеке ғимаратында қарсы алды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Баспасөз үйіне келіп, облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымы мен ардагерлерін басылымның биік белесімен құттықтады.

Ол сондай-ақ ардагер журналистер Идош Асқар мен Зияш Телеуоваға Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған мерекелік төсбелгілерін табыстады. Газеттің дамуына  үлес қосқан ардагер журналистердің бір тобы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтқанда, Нұрқайыр Телеуов, Айдос Шөкіш, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Сатыбалды Сәуірбаев, Ертай Ашықбаевтар облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Сол күні  журналистер саябағының капсуласы салынды.  Салтанатты рәсімде қос буын өкілдері — облыстық «Ақтөбе» газетінің бұрынғы бас редакторы Идош Асқар мен жас журналист Айбек Тасқалиев осы мәртебелі сәтті жүзеге асырды. Ескерткіш жазуда «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы құрметіне Журналистер саябағы ашылады» делінген. Саябақ Баспасөз үйінің жанынан салынады.

Газеттің мерейтойы «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында аудандарда  жалғасты. Темір, Байғанин, Қобда, Ойыл аудандарын аралады. Қай ауданға барса да «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин оқырмандарды елеусіз қалдырған жоқ. Басылымға ұзақ жылдар бойы жазылып жүрген тұрғындар Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сол ауданның дамуына, өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен еңбек адамдары да ескерусіз қалмады.

Газеттің бас редакторы, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлының елу жас мерейтойы өтті. Ақтөбе қаласында ақынның «Тәңіріме бір уәде беріп ем…» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Оған  еліміздің әр аймағынан белгілі ақын-жазушылар, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалар қатысты.

Облыс әкімінің қолдауымен «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жергілікті ақын-жазушылардың 27 томдық еңбектері жарық көрді. Осы серия бойынша газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиевтің, орынбасары Ертай Ашықбаевтың, газеттің жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібай мен тәжірибелі журналист, ақын Индира Өтемістің кітаптары басылып шықты.

Жастар

Жастар жылы газеттің жас тілшілері үшін табысты болды. Жыл басталған тұста   газеттің жас тілшілері Ақбота Қалдыбек пен Ақерке Сатыбалды арнайы бағдарлама бойынша жаңа пәтер кілтін қолдарына алды. Баспанаға ие болған газеттің екі тілшісі қоныстойын тойлап, қуанышқа бөленді.

Сондай-ақ газет тілшісі Айбек Тасқалиев Нұр-Сұлтан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қолынан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты куәлігін алды. БАҚ қызметкерлерінің мерекесінде  облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ  Ұлттық инновациялар байқауында I орынды жеңіп алды.

Газет тілшісі Данагүл Қазиханды жастар жылына орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы марапаттап, ноутбук сыйға тартты. Ал жас тілші Ақбота Қалдыбек  облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Ақерке Сатыбалды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшыларының Алғыс хатына ие болды. Бұл жылы ұжымның қатары тағы бір жас тілші — Бекет Айсұлтанмен толықты. 

Марапаттар

Доңыз жылы «Ақтөбе» газетінің журналистері үшін марапатқа толы болды. Газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев пен редактордың орынбасары Ертай Ашықбаев, жауапты хатшы Сәтжан Дәрібай, тілші Индира Өтеміс «Ақпарат саласының үздігі» атағымен марапатталды.  Тәжірибелі тілші Мейрамгүл Сатаева ҚР Ақпарат және байланыс министрлігінің Құрмет грамотасы және  Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хатын алды. Осы жылы әріптесіміз баспаналы болды. Ал ардагер журналист Жақсылық Айжанға «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді.

Жыл соңына таман газет тарихында ұзақ жылдар қызмет еткен, әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі Нұрмұханбет Дияров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ газет тілшісі Арайлым Нұрбаева «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хатына ие болса, Гүлжан Базылқызы ҚР Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл жылы бірқатар әріптестердің отбасында қуанышты жаңалықтар болды. Ертай Ашықбаев ұлын үйлендірсе, корректор Жұлдыз Матжан қызын құтты орнына қондырды. Фототілші Хайреден Раушанов немерелі болды және Ақтөбенің 150 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Сондай-ақ ұжым қатары облысқа белгілі журналист Баян Сәрсенбина, Самат Нарегеев және корректор Данагүл Жанәділовамен толықты. Газет жұмысына белсене араласқан Самат облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Газетте ұзақ жылдар еңбек еткен корректор Серік Бисенов ағай құрметті еңбек демалысына шықты. Бала күтімімен үйде отырған газет тілшісі Айнұр Жалмағанбетова мен терімші Әсел Ногуманова еңбекке араласты. Сондай-ақ компьютер бөлімінің жетекшісі Нұрша Биданова, беттеушілер Динара Санғұлова, Шолпан Мұхамбеталина, терушілер Гүлмара Айназарова, корректор Қалдыгүл Мырзатаева, сайт редакторы Аслан Сыдықовтың отбасыларында да қуаныштар көп болды.

P.S.

Табалдырықтан аттаған тышқан жылы «Ақтөбе» газетінің ұжымына жақсы жаңалық, қуаныш алып келсін!! 

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями