Популярные темы

Бизнестегі бикештер тәжірибе алмасты

Дата: 31 декабря 2019 в 11:52


Бизнестегі бикештер тәжірибе алмасты

Кәсібін енді бастаған ақтөбелік қыз-келіншектер бизнес әлеміне енудің қыр-сырымен танысты. Қалалық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен олар үшін арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Шараға облыстың барлық ауданынан келген 160-тан астам адам қатысты.

Бизнестегі бикештер бизнес-ланч пен банкеттік мәзірді қалай дайындау керектігін, тойларға арналған торттар мен тәттілер пісірудің әдіс-тәсілін үйренді. Сонымен қатар олар фитнес орталықтарын қалай тиімді ұйымдастыру керек және балаларға арналған орталықтың жұмысын қалай бастаған жөн деген сауалдарға жауап алды.

— Бизнесте жүрген нәзікжандыларға арналған шара биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы да дәл осы уақытта біз ауданда жүрген кәсіпкер қыз-келіншектер үшін осындай бизнес турын ұйымдастырған едік. Басты мақсатымыз — бизнес әлемінде қандай да бір жетістікке жеткен жандармен аудан-ауылдарда тұратын әйелдерді жүздестіру, өзара тәжірибе алмастыру. Шеберлік сағаттарына өткен жылға қарағанда биыл қатысуға ниет білдіргендердің саны біршама көп. Қатысушылардың дені сұлулық әлемін жетік меңгергісі келеді. Бүгін шеберлік сағаттарын өткізетін қыз-келіншектердің көпшілігі шетелде өз білімдерін жетілдіріп келген. Олар бүгін сол халықаралық деңгейде алған білімдерін бөлісетін болады, — деді Ақтөбе облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Нұржамал Құлекенова.

Бұл күні шеберлік сағаттары мен тренинг өткізіп, бизнестегі басты қағидаларды айтқан кәсіпкер қыз-келіншектердің барлығы — өз сүйікті ісінен береке тапқандар.

— Біздің ауданнан Ақтөбе қаласының іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шараға 20 кәсіпкер әйел қатысты. Өзінің сүйікті ісін бизнеске айналдырған қыз-келіншектерден мол тәжірибе жинап қайттық. Әртүрлі бағытта ұйымдастырылған шеберлік сағаттарының өз кәсібімен шұғылданып жүрген азаматшалар үшін пайдасы зор.

Соңғы жылдары Мұғалжар ауданында өз кәсібін бастаған нәзікжандылар саны артып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда ауданда барлығы 3485 кәсіпкер болса, оның 1727-сі — әйелдер, — дейді Мұғалжар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Рауза Амангелдиева.  

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Поделитесь новостью с друзьями