Популярные темы

Академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті

Дата: 24 декабря 2019 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті

Алматыда «Ұлы дала тұлғалары: академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиын ғалымның 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Рәбиға Сыздық 1924 жылы Ойылда дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Алға стансасында бастауыш мектеп мұғалімі болып бастаған. 1957 жылы Тіл білімі институтына (ол кезде Әдебиет және тіл институты аталған) қызметке келіпті.

1995 жылы ол ҚР Ұлттық ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері атанды.

Рәбиға Сыздық бүгінге дейін өзінің сүйікті ісімен — қазақ әдеби тілінің даму тарихының түрлі қырларын зерттеумен айналысып келеді.

Ұлттық ғылым академиясында өткен ғылыми форумға АҚШ, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, басқа да елдерден тілтанушы ғалымдар келді. Олар Рәбиға Сыздықпен бірге қазақ тіл ғылымының бүгіні, латын әрпіне негізделген әліпбиді жетілдіру, тілдік нормалар, сөйлеу мәдениеті, түркітану мәселелерін, т.б. талқылады.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек өзінің сөзінде айтулы ғалым Рәбиға Сыздықтың мерейтойы еліміз үшін айрықша оқиға екенін атап өтті.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажеттігін атап айтқан болатын. Бұл орайда қазақ руханиятының іргетасы болып табылатын қазақ тілінің жөні бөлек. Тіл дегеніміз — халықтың жаны. Елбасы тілтанушы-ғалымдардың ғылыми мұрасын насихаттау керектігін де атап өткен еді. Рәбиға Сәтіғалиқызы — қазақтың гуманитарлық ғылымының маңызды бағыттарының негізін қалауға атсалысқан ғалымдардың бірі, — деді Ерден Қажыбек.

Ол Рәбиға Сыздықтың Ахмет Байтұрсынов мұрасын, Абай шығармаларының тілін, Қадырғали Жалаиридің «Жәми-ат-тауарихын» зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті. Өзінің «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» атты монографиялық еңбегінде Рәбиға Сыздық кеңестік заманда әбден орнығып алған тек жазу дәстүрі бар тіл ғана әдеби тіл болып саналады деген пікірдің қате екенін көрсетті. Ол пікірге сүйенер болсақ, қазақтың әдеби тілінің тарихы ХVІІІ ғасыр ортасынан басталған болар еді. Рәбиға Сыздық бұл ізбен кетпей, қазақ әдеби тілінің тамыры тереңде екенін нақты дәлел-дәйектермен жеткізе алды.

Ғалымның пікірінше, жазба тіл секілді, ауызша тіл де — әдеби тілдің бір формасы, жазу дәстүрі қалыптасқанға дейін ол поэзияның, халықтық салт-дәстүрлердің, дәстүрлік заңдар жиынтығының тілі ретінде, сондай-ақ қоғам өмірінің түрлі салаларында қолданыс тапты. Рәбиға Сыздық қазақтың әдеби тілінің дамуында, орта ғасырлардағы ортаазиялық және алтынордалық жазба-әдеби тіл, бір жағынан және екінші жағынан, дербес ұлт болып бөлінгенге дейінгі кезеңдегі қазақтың әдеби тілі тығыз байланысып, үйлесім тапқанын атап көрсетті. Осы бағыттағы ізденістерінің нәтижесінде қазақ әдеби тілінің 5 ғасырлық тарихы өз алдына жеке сала ретінде мойындалды.

Рәбиға Сыздық Қадырғали Жалаиридің «Жәми-ат-тауарихын» зерттей келіп, бұл рухани мәдениет ескерткішінің — қазақ халқы мен оның әдеби тілінің асыл мұрасы екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, оның Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің тілін зерттеуге қосқан үлесі зор. Ұзақ жылдар бойы түркі тілдері тарихын зерттей келіп, ғалым «Сөздер сөйлейді» атты монографиялық еңбегін жарыққа шығарды. Мұнда ақын-жыраулар шығармашылығында, лиро-эпостық туындыларда, мақал-мәтелдерде кездесетін бірқатар архаизмдердің шығу төркіні, мағынасы берілген.

Конференцияға қатысушылар Рәбиға Сыздық еңбектерінің лингвистика, тарих ғылымдары үшін, түркі халықтары әдеби тілдерінің өзара әсері мен байланыстарын зерттеу мақсатында аса құнды болып табылатынын бірауыздан айтысты.

Рәбиға Сыздық конференцияны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын айтты. Ерден Қажыбектің айтуынша, Рәбиға Сыздық қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру ісіне барынша ықылас танытып, өзінің ұсыныс-пікірлерін жеткізген.

Раушан ШҮЛЕМБАЕВА,

«Казахстанская правда».

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями