Популярные темы

 «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қорытындыланды

Дата: 21 декабря 2019 в 02:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


 «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қорытындыланды

Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен Мемлекет басшының Қазақстан халқына Жолдауы мен «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын өңір тұрғындарына түсіндіру жұмыстарының қорытындысы бойынша кездесу өтті. Сондай-ақ мемлекеттік саясатты түсіндіруге белсенді түрде атсалысқан облыстық ақпараттық топ өкілдері марапатталды.

Аталған жоба биыл сәуір, тамыз, қазан айларында жүзеге асырылды. Ақпараттық топ өкілдері 133 елді мекенде болып, 15 мыңға жуық тұрғынмен кездесу өткізген.

Жалпы тұрғындарға, әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бағдарламалары, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға төленетін төлем бойынша кең көлемде ақпарат берілген.

— «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша аудан-ауылдарды аралап, белсенді атсалысқандарыңыз үшін облыс әкімінің атынан алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы республикада алдыңғы қатарда тұр. Бұл біздің ең басты құндылықтарымызды сақтауға, еліміздің одан әрі дамуына септігін тигізері сөзсіз, — деді Марат Тоқжанов өз сөзінде.

Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова аталған жобаның қорытындысы туралы баяндама жасады.

— Биыл Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын, сондай-ақ «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағарламасын, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын халық арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілді. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында тұрғындардың мәселелері толығымен қаралды.

Ауыл тұрғындарына Мәдениет үйі, жаңа мектептер мен амбулатория қажет. Газ бен ауызсу мәселесі де басты назарда. Интернет желісі өткізілмеген елді мекендер бар. Тұрғындардың сауалдары бойынша уәкілетті органдарға 62 хат жолданды, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Оның айтуынша, облыс тұрғындарының 41 пайызын экология, 27 пайызын жұмыссыздық және 23 пайызын автомобиль жолдары мәселелері толғандырады. Азық-түлік бағасының жиі өсуіне ақтөбеліктердің 38 пайызы алаңдаулы. Сондай-ақ сапалы медициналық қызмет пен атаулы әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты сауал көп. Әр сала бойынша мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шара соңында Марат Тоқжанов ақпараттық топ құрамындағы 32 адамға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табыс етті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями