Популярные темы

Дәрігерлер алғысқа бөленді

Дата: 14 декабря 2019 в 13:02


Дәрігерлер алғысқа бөленді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында А. Досжанова атындағы конгресс-холда ақтөбелік дәрігерлер марапатталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жиналғандарды құттықтады.
—Тәуелсіздік алғаннан кейін ел медицинасы қарқынды түрде дамыды. Оның ішінде біздің облыста 172 медициналық мекеме салынды. Құрылысы әлі жалғасып жатқан ғимараттар бар. Келер жылы ірі төрт медициналық нысанның құрылысын аяқтап, іске қосқалы отырмыз. Олар — облыстық перинаталдық орталық, кешенді диагностикалық орталық, позитронды — эмиссионды томографиялық орталық, балалар ауруханасының қасындағы онкогемотологиялық орталық. Жыл сайын материалдық-техникалық база да нығайып келеді. Бұрын жүрекке күрделі ота жасаймыз, бауыр, бүйрек ауыстырамыз деп ойлаған жоқпыз. Бірақ тәуелсіздіктің арқасында сол жетістікке де жеттік. Осы салада оң көрсеткіштер көп. Турберкулез ауруы үш есеге, нәресте өлімі 24 пайызға азайып, туу көрсеткіші 1,8 есеге өсті. Сонымен бірге дәрігерлер сырт елде оқу мүмкіндігіне ие болды. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Соңғы бес жылда 46 медицина маманына облыс орталығынан пәтер кілті берілді. Осындай жетістіктердің барлығы тәуелсіздіктің арқасы, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол бірқатар дәрігерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырды. Облыстың денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар дәрігер «Алтын дәрігер», «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапатталды. Бір топ дәрігер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатына ие болды. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов университеттің бірқатар оқытушыларын Алғыс хатпен марапаттап, «Бөбек» жалпы ұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Үздік студент — 2019» жобасының жеңімпаздарына төсбелгі тақты. «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі кәсіподағының облыстық филиалының директоры Қайрат Сабыр дәрігерлерге Алғыс хат тапсырды.
Еңбектері еленіп, құрметке бөленген дәрігерлер ризашылықтарын білдірді. Солардың бірі — «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған Ақтөбе қалалық көпсалалы балалар клиникалық ауруханасының дәріхана меңгерушісі Жанат Сәрсенбаева. Алғашқы еңбек жолын Ырғыз ауданынан бастаған маман еңбегінің еленгеніне риза.
— Тәуелсіздік жылдары облыс медицинасы үлкен жетістіктерге жетті. Оның ішінде балалар денсаулығын нығайтуға қатысты көп шаруа жасалды. Балалар тегін ем алып, оларды дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстары жүйелі жүрді. Осындай жетістіктердің барлығы егемендіктің арқасы, — деген маман әріптестерін мерекемен құттықтады.
Марапат алған ақ халаттылар суретке түсіп, бірін-бірі құттықтап жатты.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Поделитесь новостью с друзьями