Смартфонға тыйым салу: Үш жылға созылған шектеудің мәні неде?

Дата: 04 декабря 2019 в 15:53 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Смартфонға тыйым салу: Үш жылға созылған шектеудің мәні неде?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еш шектеусіз смартфон қолдануға биыл қарашадан бастап рұқсат беріле бастайтыны хабарланды. Биыл қарашадан бастап мемқызметкерлерге жұмыс уақытында смартфон қолдануға рұқсат беріле бастады. Көптеген шенеунік бұл ұсынысты қос қолдап мақұлдап отыр. Үш жыл бұрын да меморгандарда смартфонға тыйым салуды көбі қолдап шыққан еді. Бұл заң неліктен қабылданды? Оның мақсаты не еді? Нендей себеппен бұл тыйым алып тасталды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.

Шенеуніктерге жұмыс уақытында смартфон қолдануға тыйым салатын заң 2016 жылдың наурызында қабылданған. Аталған заң бойынша мемлекеттік қызметкерлерге суретке, видеоға түсіру, дыбыс жазу функциялары мен ғаламторға қосылу мүмкіндігі бар телефондарды жұмыс барысында пайдалануға шектеу қойылды. Тек қоңырау шалып, хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін қарапайым функциялы ұялы телефондарды қолдануға рұқсат етілді. Бұл — маңызды ақпараттардың әлеуметтік желі арқылы таралып кетуіне тосқауыл қоюдың амалы болып саналған.  

Неліктен смартфондарды қолдануға тыйым салынды?

Мемлекеттік органдардың ғимаратында смартфон қолдануға тыйым салу жайлы хат әуелі WhatsApp арқылы тарап кеткен. Желі арқылы тарап кеткен суретте бұл шараның қызметтік мәліметтердің WhatsApp арқылы тарау деректерінің жиілеуіне байланысты қабылданғаны жазылған. Заң 24 наурыздан бастап күшіне енетіні көрсетілген құжатты бастапқыда жұрт желі қолданушыларының қалжыңы деп түсініп, мән бермеген. Артынша қолдан-қолға тарап кеткен қызметтік хаттың түпнұсқа екенін Үкімет мүшелері де растаған.


WhatsApp арқылы тарап кеткен хат

Мемлекеттік қызметкерлерге қызмет барысында смартфон қолдануға тыйым салу туралы заңды бірқатар шенеунік қолдады.

«Біздікі жедел қызмет. Көп мәлімет құпия түрінде қалады. Оларды сыртқа таратуға рұқсат берілмейді. Сондықтан жиналыстарымызда мұндай құралдарды пайдаланған емеспіз», — деген еді сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.


Экс-министр Қалмұханбет Қасымов. © Тұрар Қазанғапов

Экс-министр 10 жылдан бері Nokia 8800 ұялы телефонын қолданатынын да айтып қалған еді.

Жаңа бастаманы қолдаған министрлер қатарында сол кездегі денсаулық сақтау министрі Тамара Дүйсенова да болды. Министр әлемнің көптеген елінде таралған бұл тәжірибеге қалыпты жағдай деп қараған жөн екенін айтқан.

«Бұл — телефонды қолданбаймыз деген сөз емес. Мемлекеттік органдарға кіру кезінде ережеде көрсетілген ұялы телефондар арнайы орында қалдырылуы керек, ал шығар кезде қайтадан алып, қолдана бересің. Біз барлық жағдайда планшет қолдандық, үкімет отырысына да сонымен бардық. Бұл құрылғыларда отырыста қандай мәселелердің талқыланатыны көрсетілген. Біз оларды тек үкімет отырысында қолданамыз, мұндай планшетті қолдануға рұқсат берілген», — деген еді министр.

Тыйым адам өліміне байланысты қабылданғаны рас па?

Дегенмен, алғашында бұл заң желіде астаналық медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіровтің өліміне байланысты тергеу деректері мен оның мәйіті бейнеленген сурет, видеолары тарап кеткендіктен қабылданған деген жаңсақ пікірлер болды.


Кісі қолынан қаза болған астаналық студент Ерасыл Әубәкіров

Алайда ішкі істер министрлігінің экс-басшысы бұл оқиғаның аталған тыйымға еш қатысы жоқ екенін айтқан.

«Ұялы телефон қолдануды шектеудің бұл қайғылы жағдайға қатысы жоқ. Біздің қызметкеріміз қызмет орнында қолдануға болмайтын құрылғыны қолданғаны келеңсіз жайт болды. Ол өз басшысына ақпаратты жедел хабарлаймын деп оқиға орнын суретке түсіріп алып, оны байланыс құралы арқылы жіберген.

Тәртіпті өрескел бұзған қызметкерлер тиісті жазасын алды және мұндай жағдай бұдан былай қайталанбауы үшін қажет шараларды қолға алдық», — деп түсіндірді министрлік басшысы.

Сарапшылар не деді?

Кез келген жаңа заң қабылданғаннан кейін оның қоғамда қызу талқыланатыны белгілі. Мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс уақытында смартфон қолдануға тыйым салу туралы заң да назардан тыс қалмады. Саясаттанушы Досым Сәтбаев «Алаш айнасы» басылымына берген сұхбатында былай дейді:

«Біздің шенеуніктер үшін өз жұмысына қатыстының барлығы құпия. Ал шындығында олар жалданған менеджерлер. Яғни, не істеп, оны қалай жасап, оған қанша ақша құртып отырғандарына есеп беріп отырулары тиіс. Бірінші кезекте олар құпия ақпараттың таралып кетуінен емес, өз қызметіне қатысты артық ақпараттың жариялығынан қорқады», — деген екен Сәтбаев.


Заңгер Сергей Уткин. © Ярослав Радловский

Алматылық заңгер Сергей Уткин КТК тілшісіне бұл заң арқылы мемқұпияны сақтап қалу мүмкін емес екенін айтқан. 

«Бұл шектеу — барып тұрған ақымақтық. Бұл арқылы ештеңеге шектеу қоя алмайды. Құпия басқаша сақталады. Қандай да бір құжатқа рұқсаты бар адам мемлекеттік құпияны жарияламайтыны жайлы қолхат жазады. Егер маңызды құжатты таратқан болса тиісті жазасын алады. Қазір кішкентай камералар бар. Құзырлы органдар соларды қолдануға тыйым салсын», — деді заңгер.

Жаңа заңға қарсылық білдірген адамдардың қатарында сол кездегі Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басшысы Бағдат Мусин болатын.

«Қазір жаңа технология заманы бола тұра біз смартфон қолдануға шектеу қоямыз. Мен бұны түсінбедім, өз басым бұған қарсымын. Ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да әдістер бар. Арнайы қызметкерлер әркімде смартфон бар екенін түсінуі қажет. Оны тек дұрыс жағынан түсінген жөн. (...) Егер құжаттар сурет түрінде тарап кетеді деп қорықсақ, мен ол құжатты сыртқа алып шығып, бұрышқа барып-ақ түсіріп аламын», — деген еді Мусин. 

Смартфон неге қайтарыла бастады?

Жаңа заң күшіне еніп, шенеуніктердің еті үйренгеннен кейін 2019 жылдың басында мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс уақытында смартфон қолдануға рұқсат беріле бастайтыны жайлы ақпарат тарай бастады.

Сөйтіп 2019 жылы 20 ақпанында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметкерлерге биылдан қалмай жұмыс уақытында смартфон қолдануға рұқсат берілетіні жайлы жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Абаев басқарған министрліктегі 10 адамның қатысуымен пилот режимде сынақ жүргізілген. Оларға министрлікке телефонмен кіруге рұқсат беріліп, тек кейбір функциялар өшірілген. Артынша министр мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қайтару туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.

«Смартфондарды қайтару туралы шешімді қолдаймын. Дегенмен бұған дейін смартфонсыз қиналдым деп айта алмаймын. Бірақ телефонмен кез келген жұмысың тез бітеді», — деп мәлімдеді министр.


Иллюстрация. © Тұрар Қазанғапов

Ал биыл цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп вице-министрі Абылайхан Оспанов мемлекеттік қызметкерлерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еш шектеусіз смартфон қолдануға биыл қарашадан бастап рұқсат беріле бастайтынын мәлімдеді. 

«Мендегі ақпарат бойынша, бұл шешім бүгінде үкімет қарауында, жақында ол туралы хабарланады. Барлық уәкілетті мемлекеттік органдар келіскен, содан кейін ол үкімет отырысына шығарылады. Ал келесі отырыста бұл мәселе көтеріледі. Қаулы жобасы үкіметке жіберілді және отырыстардың бірінде қаралады. Қарашада іске асады деп ойлаймыз», — деген еді вице-министр Сенат отырысынан кейін.

Вице-министр мемлекеттік қызметкерлерге қандай да бір функциялар мен камераны қолдануға шектеу қойылмайтынын да айтқан. Абылайхан Оспановтың сөзінше, кез келген мемлекеттік қызметкер жұмыс барысында алатын ақпаратына жауап беруге тиіс және қандай да бір мәлімет таратқаны үшін қызметкер заң бойынша жауап береді.  

Ақпараттық қауіпсіздік — меморган басшыларының жауапкершілігі

Артынша цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтып қалды. 

«Мемлекеттік органдар орналасқан ғимараттардың иелері полициядағылармен бірге нұсқаулыққа қол қоюы керек. Содан кейін ғана мемлекеттік қызметкерлер ғимаратта смартфондарды қолдана алады. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі назардан тыс емес екенін түсіну маңызды. Әрине, ақпараттық қауіпсіздік бұл — мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігі», — деген еді министр үкімет отырысынан кейін.


Асқар Жұмағалиев. © Тұрар Қазанғапов

Жұмағалиев бүгінде қаулының үкіметке жолдандағынан және оны барлығы қолдағанын атап өткен болатын. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова нормативтік-құқықтық акт мемлекеттік органдармен келісу сатысында екенін жеткізген.

Ал күні кеше алғашқылардың бірі болып Министрлер үйінің қызметкерлеріне жұмыс уақытында телефон қолдануға рұқсат беріле бастады. Бұл ақпаратты ҚР Президентінің іс басқармасы растады. 

Айта кетейік, мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға тыйым салу туралы әрекеттер көршілес Ресей Федерациясында да жасалған. Мәселен 2015 жылы тамызда Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев Google, Yahoo және WhatsApp мессенджерін қолданатын мемқызметкерлерге шара қолдану керегін айтқан. Бүгінде Ресейде тек әскери қызметкерлерге әлеуметтік желіде отыруға тыйым салынған.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями