Ырғызда екі мектеп пайдалануға берілді

Дата: 03 декабря 2019 в 11:22


Ырғызда екі мектеп пайдалануға берілді

Тұңғыш Президент күні қарсаңында  Ырғыз ауданының Шеңбертал, Жаныс би ауылдарында жаңа мектеп пайдалануға  берілді.  Облыс әкімі осы мектептердің ашылуы салтанатына қатысып, Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс елді мекенінде тұрғындармен кездесті.

Қызылжар ауылдық округіне кіретін 3 елді мекеннің бірі, облыс орталығынан 317 шақырым орналасқан  Шеңбертал ауылының тұрғындары бұл күні  жарты ғасыр игілікке куә болды. 50 жыл бұрын  саман кірпіштен салынған  мектепте оқып келген орта мектептің 137 оқушысы енді екі қабатты, 12 оқу кабинеті, үлкен спортзалы бар   жаңа мектепте оқитын болды.  Осы 100 орындық мектеп құрылысының  бюджеті — 344 миллион теңге. Бас мердігер — «Фагот и К» ЖШС, оның директоры — Талғат Сәрсенбаев.

Ауыл тұрғындарын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаған облыс әкімі  Ырғыз ауданындағы 21 мектептің  қатары бүгін жаңа екі мектеппен толыққанын, мұнымен бірге, аудан орталығында  қасында 100 орындық интернаты бар 300 оқушыға арналған мектеп-интернат салынып жатқанын айта келе, бұл — ауыл балаларының қазіргі заман талабына сай білім алып, бәсекелестікке қабілетті болуы үшін, қала мен ауыл мектептерін теңестіру мақсатында  жасалған іс екендігін айтты. Шеңбертал ауылының ақсақалы  Аманғос Ызашов бата берген соң мектептің лентасы қиылды.

Жаңа мектептің оқу кабинеттерін, спортзалды,  асханасын  аралаған облыс әкімін Шеңбертал ауылының  ақсақалдары есік алдында тағатсыздана күтіп, арыздарын жеткізді.  Ауыл адамдарының айтуынша, бір үйді жылытуға 5 тонна көмір кетеді. Шұбартау көмірінің 1 тонна қыста бұл жақта 25 мыңнан сатылады. Газ жүргізілсе, әр үй  айына  шамамен 7-8 мың теңге төлейді. Сонда көмірге — 125 мың теңге,  газға 42 мың теңге  жұмсалады. Айырмашылық өте көп.  Осы жерден  80 шақырымдағы  Шалқар ауданының Шетырғыз елді мекенінен тартылған газ құбыры Шеңберталдың  шетіне келіп тірелген де, бірақ кірмепті. Бұл жерден газ құбыры үш жаққа – Қызылжар ауылдық округінің Жаныс би, Шеңбертал, Ақши елді мекендеріне таратылады. Ақсақалдардың арызын тыңдаған облыс әкімі   ауылішілік газ құбырларын тарату желілері  келесі жылы аяқталатынын айтты.

Бұдан кейін   Жаныс би ауылындағы «Темірастау жалпы білім беретін орта мектебінің» жаңа ғимаратының ашылуы болды. Шеңбертал мен Жаныс би ауылдарының арасы — 12 шақырым. Шеңбертал орта мектебінің — 127, Жаныс би ауылындағы мектептің 137 оқушысы бар. Шеңберталдың мектебімен қатар басталған  екі қабатты 100 орындық  мектепті  «Rail Track Aktobe» ЖШС аз мерзім ішінде бітірді. Директоры Әділбек Ағниязов мектеп құрылысына 342 миллион теңге жұмсалғанын айтты.

Осылайша 1965, 1974 жылдары саман  кірпіштен тұрғызылған Шеңбертал мен Жаныс би ауылындағы қос мектеп  «Өңірлерді дамыту –2020»  мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа қонысқа ие болды. Келесі жылы екі ауыл ішіне газ құбыры жүргізілсе, мазутпен жылытылатын қазандықтар бірден газбен жылытуға көшіріледі.  Жаныс би ауылының ардагері Сағымбай Төлегенов ауыл тұрғындары атынан игілікті істері үшін облыс басшылығына, мердігер компания құрылысшыларына  шексіз алғысын айтып, батасын берді.

Мектеп ішін аралаған  облыс әкімі оқушылар санына,  компьютері бар, бірақ интернеті жоқ кабинеттер жағдайына айрықша   назар аударды.  Жаныс би ауылындағы орта мектептің 11 сыныбында 10 бала, 1 сыныбында 17 оқушы бар.  Бұл жерде төменгі сыныптағы бала саны жоғары сыныптағылардан екі есе көп. «Интернеті жоқ ауылдағы  мектепте неге 250 мың теңге айына интернет байланысы үшін  төленіп отыр? Далаға  кетіп  жатқан мемлекет қаржысын кері  қайтарыңыздар. Ауылда интернет байланысын жолға қойыңыздар», — деп ескертті облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваға.

Оңдасын Оразалин  Жаныс би ауылының  ақсақалдарына  ауызбіршілігі мол, адамдары еңбекққор, үлкені мен кішісі бірін-бірі сыйлайтын,  ынтымақты ауылдардың инфрақұрылымдық  қажеттіліктері ең бірінші кезекте  шешілетінін айтты.

«Бердіқұловтың бөгетін қалпына келтіру қажет»

Осыдан кейін Қызылжар ауылдық округінің орталығы — Құрылыс ауылындағы «Мәні» мәдениет үйінде кездесу өтті. Құрылыс  елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Темірбек Зейінұлы осы ауылдан 20 шақырым жердегі Ақши ауылындағы тозған су бөгетін қалпына келтіру мәселесін көтерді:

— Кезінде 1950 жылдары Ырғыз ауданын басқарған Бердіқұлов Ақши ауылының тұсында Ырғыз өзенін бөгеп, бөгет салдырды. Бөгетке су жиналған соң өзеннің екі жағында да  суармалы егіс пайда болып, бау-бақша егілді.  Осы бөгеттің арқасында Қызылжар ауылдық округінің аумағында да  9 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілді.  65 жылғы су ағыны бөгетті әбден тоздырды. Бірақ, тозса да сыр бермей тұр.  Рас, әр жылдары бөгетке екі рет жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ көктемде қатты тасыған су бөгетті бұзып кетеді де,   су жиналмай,  айдалаға ағып,  құмға сіңіп кетеді.

Бүгінде Ырғыз өзенінің арнасы көтерілмейді, бұрынғыдай су жоқ. Су көтерілмегесін өзен арнасы да тереңдеп барады. Бердіқұлов салған бөгетті дұрыстап, Ақши су қоймасын қайта қалпына келтірсе, суармалы шаруашылықтарды көбейтуге  де себеп болар еді, — деді.

Облыс әкімінің айтуынша, Премьер-Министрдің Ақтөбе облысына жұмыс сапарында жергілікті фермерлер осы мәселені көтергенде, Асқар Мамин   суармалы шаруашылықтарды көбейтуді қолдайтынын айтқан.  Көп кешікпей    суармалы жерлерді қайта  қалпына келтіруге республикалық бюджеттен қаржы  бөлінетін болды. Осыдан кейін Үкімет Ақтөбе облысында 10 ірі су қоймасын салуды өз жауапкершілігіне алса, облыс 20-25 шағын су қоймасын  өз күшімен қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

— Мал азығын дайындау суармалы шаруашылықтарсыз бітпейді. Оның үстіне, мал өсіру мен асылдандыру жұмыстарына  заманауи технологияны пайдалануды  қарастырған жөн. Қазіргі  уақытта  мал өсіру — табыс көзі, бизнеске айналды, — дей келе облыс әкімі  Ақши бөгетінің жайын жан-жақты қарастыру үшін  жақын арада орынбасары Аманғали Бердалинді Ырғыз ауданына іссапарға жіберетінін айтты. — Өйткені, қазіргі уақытта әр елді мекеннің экономикалық мүмкіндігін нақты талдау керек. Қай ауыл өзін-өзі асырай алады, қайсысына облыстан қолдау  қажет. — Осы жағын нақты анықтаған жөн.

Осы жағынан мал  шаруашылығымен айналысатын Ырғыз ауданының экономикалық мүмкіндіктері өте жоғары. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолының  бойында орналасқан елді мекендерге сервистік қызмет көрсететін шағын бизнес нысандарын көбейтуге болады.

Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады. Әкімдік стажы жарты жылдан енді асқан басшының баяндамасынан ұққанымыз, 2019 жылы аудандағы шаруа қожалықтарына  71 миллион теңге инвестиция  тартылып, 34 бірлік жаңа  техника сатып алынған. Ырғыздың шаруа қожалықтары биыл 55 тонна қой етін экспорттапты.

Биыл ауданда 3 мектеп салынды. Былтыр басталған  аудан орталығындағы сауықтыру-спорттық кешен құрылысы 2020 жылы аяқталмақ. Ауданда 730 шағын және орта  кәсіпкерлік нысаны тіркелген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 23 миллион 400 мың теңгенің 4 жобасы, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 6 жоба мақұлданып, біреуі қаралып жатыр. 110 жұмыссыз қайта даялау курстарына жіберілген. Облыс әкімі аудандағы кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту жұмыстарын сынға алды.

— Ауданға инвестиция тарту  көлемі — 77.6 %. Бұл — аудандар арасындағы  өте төменгі  көрсеткіш.  Құрылыс бойынша  да облыстағы  ең төменгі орындасыздар. Инвестиция тартуда  жергілікті атқарушы орган белсенділік танытуы тиіс. Өйткені, бұл – жаңа жұмыс орындары. Ауданның біраз елді мекендерінің үстінен өтіп жатқан  «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» тасжолының бойында сервистік қызмет көрсету, көлік жөндеумен айналысатын шағын кәсіпкерлік нысандарын көбейту керек, —деген облыс әкімі ауыл, аудан әкімдерінің кәсіпкерлікпен айналысатын ауыл тұрғындарын  мемлекеттік бағдарламаларға көбірек  қатыстыруын сұрады.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, ел ішінде тұрақтылықты сақтауға үлес қосып, ауызбіршілікпен еңбек етуге шақырды:

— Егер жергілікті атқарушы органдар  инфрақұрылымдар тарту: газ, су, байланыс, жол салуды ұйымдастырумен айналысса, кәсіппен айналысып, табыс тауып, ол  тапқан табысты өз жағдайларыңызға, балаларыңыздың болашағына жұмсау — бұл өздеріңізге байланысты. Ең бастысы –адам  бойында масылдық психология болмауы керек.  Ешқашан да біреу сырттан келіп, біздің   мәселемізді шешіп бермейді. Дені сау азамат жеке басының, бала-шағасының шаруасын өзі шешуі тиіс. Оған мемлекетті араластырудың  қажеті жоқ. Өзінің мінін көрмей, жеке бас мәселесін келістіре алмай жүрген адам біреуді жарылқайды деп сену қиын. Адам әрдайым өзіне-өзі сын көзбен  қарауы тиіс. Байқауымша, жаңа ғана барған  Жаныс би, Шеңбертал, Құрылыс ауылының адамдары ынтымақты, ауызбіршілігі мол, еңбекққор екен. Ауылдары да таза. Бұлар — келешегі бар ауылдар. Біз осындай ауылдарды күшейтуіміз керек, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Кездесуден соң облыс әкімі  жеке сұрақтарымен келген 8 адамды  қабылдады. Олардың басым көпшілігі — жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек алу, баспанасын  жекешелендіруге көмек сұрап кірді.

Хамит Өтеуов 70 адамды жұмыспен қамтып отыр

Ауданға жұмыс сапары Құмтоғай ауылдық округіне қарасты  Қарақұдық ауылында аяқталды. 291 тұрғыны бар Қарақұдық ауылының жұртын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуов асылтұқымды қой шаруашылығымен айналысады. Бұдан өзге ірі қара, жылқы өсіріп, ауылдың 70 адамын еңбекпен қамтып отыр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойындағы Қарақұдық ауылының шетінде «Ұлы дала» кемпингін ашып, сервистік қызмет те көрсетіп отыр. Жолаушыларға қызмет көрсететін орталықтың қонақүйі,  кафе, дүкені  бар. Кемпингте 8 адам қызмет істейді.

Хамит Өтеуұлы  ауылдан мал бағатын адам таппай отырғанын жеткізді. 80 мың жалақыға ешкім қой баққысы келмейді. Құмтоғай ауылдық округін аяққа тұрғызған Хамит Өтеуовтің айтуынша, ауыл  жастарының  қалаға ағылуы тоқтар емес. «Қой баққаннан гөрі, қалада қарауыл болып жұмыс істегісі келетін жастарды кері қарай ауылға қайтару керек, — дейді ол. — Себебі, ауылда да жұмыс жеткілікті».

Облыс әкімі тәжірибелі шаруашылықтың асылтұқымды мал өсіру, оларды жем-шөппен қамтамасыз ету жағдайын сұрап, кемпингті аралап, қызметкерлермен сөйлесті. Құмтоғай ауылдық округіндегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары туралы сұрады. Ырғыз ауданына жұмыс сапары барысында ауылішілік жолдардың жөнделуін  қолға алынатынын жеткізді облыс әкімі. Соның ішінде Құрылыс елді мекеніне кіретін тасжолдың 8 шақырымы  келесі жылы жөнделмекші.

                                                         Баян СӘРСЕМБИНА.

                                          Шеңбертал-Жаныс би-Құрылыс-Құмқұдық.

                                          Ырғыз ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями