Популярные темы

Елбасы Nur Otan партиясының аймақтық филиалдарының өкілдерімен кездесті

Дата: 26 ноября 2019 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Елбасы Nur Otan партиясының аймақтық филиалдарының өкілдерімен кездесті

Кеңеске Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары, мәслихаттардағы фракция хатшылары мен жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек пен партияның аймақтардағы филиалдары өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.

Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Елбасы Nur Otan-ның қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан барлық партия мүшелерінің еңбегін атап өтті.

— Nur Otan біздің қоғамымыздың сан қырлылығын көрсетеді. Біз — бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз және еліміздің болашағына жауапты әрі нақты істердің партиясымыз. Біздің Қазақстанның дамуы жөніндегі көзқарасымыз анық, айқын стратегиямыз бен жұмыс жоспарларымыз бекітілген, қажетті ресурстар қарастырылған, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Партия Төрағасы сондай-ақ қоғамның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына топтасуының маңыздылығы мен Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың нақты шаралары қабылдануы керектігін атап өтті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқтала отырып, еліміздің қол жеткізген табыстары партия қызметімен және барлық партия мүшелерінің күнделікті істерімен тығыз байланысты екендігін айтты.

— Соңғы жылдары Қазақстанда жалпы ішкі өнім 11 миллиард АҚШ долларынан 170,5 миллиардқа дейін өсті. Егер 90-жылдардың басында халықтың үштен бірі кедейлік шегінде өмір сүрсе, қазір бұл көрсеткіш 4,6 пайызға төмендеді. Бізде жекеменшік болмаған жағдайда да жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайыз құрайды. Біз шетелден 300 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Осы жылдар ішінде біз Қазақстанның транзиттік ахуалын жоғары дәрежеде нығайттық, — деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті жұмысты одан әрі ұйымдастыру мен Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының түйінді тұстарын түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің экономика секторын одан әрі дамытуға байланысты жоспарларына жекелей тоқталып өтті.

— Үкімет аймақтарды қолдауға қатысты, әсіресе, ауылды қолдауға бағытталған, жаңа жұмыс орындарын ашу мен әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламалар қабылдады. Мысалы, 2026 жылға дейін ауылды қолдау үшін 2 триллион теңге бөлу қарастырылған. Алдағы 3 жылда халықты таза ауызсумен қамту мақсатына 560 миллиард теңге бөлінеді. Егер атқарылуға тиісті істер қатаң бақылауға алынатын болса, 2023 жылдың соңына қарай ауылдық елді мекендер толығымен сапалы ауызсуын пайдаланатын болады, — деді партия Төрағасы.

Елбасы сонымен бірге ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайту жөнінде қабылданған шаралар мен «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асырудың болжамды нәтижелері туралы әңгімеледі.

— Алдағы 2 жылда «Еңбек» бағдарламасымен шамамен 1,5 миллион адам қамтылатын болады, 750 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. 2020-2025 жылдары 1 миллионға жуық пәтер пайдалануға беріледі, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Еліміздің Тұңғыш Президенті партияның жұмысын одан әрі жетілдірудің бірқатар негізгі бағыттарын атап өтті.

— Біз әрбір әкім мен фракция депутаттарының партия алдындағы жауапкершілігін түбегейлі күшейтуіміз керек. Бүгінгі таңда ұсынылып отырған барлық реформалар өңірлердің дамуына бағытталған. Мәселен, тек соңғы 10 жылдың ішінде жергілікті бюджет көлемі 3 есе өсіп, 4,7 триллион теңгені құрап отыр. Әрине, бұл ретте бөлінген қаржының орнымен жұмсалуын жіті қадағалап, партиялық бақылауды қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, алдағы уақытта депутаттар жұмысы мен мәслихаттардың мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Сонымен қатар Nur Otan партиясының Төрағасы еліміздің әр облысында, қаласы мен аудандарында сайлауалды бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

— Келесі жылы өңірлерді дамытудың бес жылдық бағдарламасы аяқталады. Жаңа бағдарламалардың қажеттілігі жаңа циклмен сәйкес келіп отыр. Сондықтан жаңа бағдарламалар әр өңірдегі мәслихаттардың сайлау жөніндегі сайлауалды бағдарламаларының негізіне айналуы тиіс. Ал Nur Otan партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасына келер болсақ, бұл бағыттағы жұмысты Премьер-Министр  Саяси кеңес Бюросының мүшесі ретінде жеке өзі басқарып, қазірден бастап бағдарламаны әзірлеуге кірісуі керек, — деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында Елбасы сапалы партиялық тізімді қалыптастыру үшін ашық ішкі партиялық іріктеу өткізудің маңыздылығына тоқталды.

— Әр мәслихаттың сайлауалдындағы партиялық тізіміне кем дегенде 30 пайыз әйел мен 20 пайыз 35 жасқа дейінгі жастар енуі тиіс. Сондай-ақ тізімде халықтың әртүрлі деңгейдегі өкілдері, отандарына оралған қандастарымыз, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болуы керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Партия Төрағасы аймақтарда шоғырланған партиялық органдардың жұмысын күшейту керектігін де атап өтті.

Сөз соңында Елбасы сайлауалды кезеңде партияның жұмысын күшейту керектігін баса айтты.

— Біз жеңіске жету үшін барлық ресурстарды жұмылдыруымыз қажет. Ақпан айында партияның Съезі өтеді. Онда біз қайта жүктеудің алдын ала нәтижелерін шығарып, алдағы сайлауалды тапсырмаларды егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз. Қазір Jas Otan мемлекеттік мекемелермен бірлесіп 2025 жылға дейін жаңа «Жастар — Отанға» бағдарламасын әзірлеп жатыр. Онда заманауи жастардың барлық сұрақтарына жауап берілетін болады. Жастарға жаңа бағдарлама сәуір айында өтетін Jas Otan-ның съезінде ұсынылуы керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Елбасы Nur Otan-ның құрылуы мен дамуына қосқан үлесі үшін партияның бірқатар белсенді мүшелеріне «Белсенді қызметі үшін» медалін табыс етті.

Кеңеске Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин да қатысты.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша Бауыржан Байбек
Поделитесь новостью с друзьями