Популярные темы

Автобустардан күй кетті

Дата: 21 ноября 2019 в 10:52


Автобустардан күй кетті

Автовокзал десе, балалықтың қызықты шақтары еске түседі. Интернаттан ауылға бара жатқанымызда немесе буынып-түйініп ауылдан қалаға келе жатқанымызда автовокзалдағы жүк сақтайтын қоймаға чемодандарымызды тапсырып, сосын ата-анамызбен бірге екінші қабаттағы асханаға көтеріліп, ерекше ыдысқа салынған балмұздақ алып жейтінбіз, ыстық тамақтан гөрі, сол кездегі балмұздақтың дәмі тіл үйіретін. Ал төменгі қабаттағы арнайы аппараттан қарабақыр тиын сап, сатып алатын газдалған тәтті судың дәмін ішкен адам ғана білер… Айтпақшы, автовокзалдың бірінші қабатында кітап дүкені болатын, ол жерге соқсақ, міндетті түрде бір кітап алдыртпай қоймайтынбыз… Сол кезде автобусқа билет алу үшін кассаға кезекке тұратын адам қарасы да көп болатын.

Ал қазір ше? Әрісі отыз жыл, берісі жиырма жылдан кейінгі автовокзалдың қазір сыйқы жоқ. Сүреңсіз үлкен ғимарат күңіреніп бос тұр, ішінде бұрынғыдай сапырылысқан адам да жоқ, санаулы адам ғана автобусын күтіп жүр. Жүк сақтайтын қойма әлі бар екен, бір жол сөмкені уақытша сақтағаны үшін 500-700 теңге төлейсің. Асхана да бар, алайда ішінде тамақтанып отырған адам көрмедік.

Бұрынғы кітап дүкенінің ізі де жоқ. Бір-екілі сауда нүктелері бар, алайда оларға бас сұғып жатқан жан да сирек.

Автовокзал маңындағы автобустар тұрағы да бос, тек облыс орталығына жақын Алға, Хромтауға сағат сайын автобус жүріп жатыр. Ал Комсомол бағытына күніне бір мезгіл автобус қатынайды.

Ақтөбедегі «Экспресс» автовокзалы жиырма жылдан астам уақыт он бағытта халықаралық жолаушылар тасымалымен айналысып келеді. «Экспресске» жетудің өзі мұң, тұрғындарға ыңғайсыздау жерде орналасқан: 312-атқыштар дивизиясы даңғылына арнайы іздеп бармаса, жолай соғу қиын. Біз редакция көлігімен бардық. Мұнда жан баласын көрмедік.

Тек есік алдында жеті орындық көлік көрдік, жүргізушісі «Орскіге жол жүреміз» деп, маған естірте хабарлап қояды. Бұл жерден жүретін автобустардың дені Ресей еліне қатынайды.

Облыс аумағында жолаушылар тасымалдайтындар да ішінара бар. Байғанин, Родниковка, Маржанбұлақ, Қаратоғай, Сарыжарға билет осы «Экспресстен» сатылады. Алайда бұл бағыттарға жолаушылар тасымалдаумен айналысатындар тұрғындарға автовокзалдың тұрған жері қолайсыздық тудырғандықтан халықты Орталық базар маңынан жинап, билет тексеру үшін ғана автовокзалға соғып жүр.

Айтпақшы, «Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барлық бағытта жол жүру тегін». Осындай хабарландыруды көріп, не күлерімізді, не ызаланарымызды білмедік. Әрине, соғыс көрген ата-әжелерімізге  құрмет көрсетілуі тиіс, бірақ, тек осылай емес. Ардагерлеріміздің жасы жүзге таяғанда Ресей еліне, не көрші ауданға бармақ түгілі, үйінен шығуы мұң емес пе. Тіпті олардың дені марқұм боп кеткелі қашан…

Билетті қайта тапсыра аласыз

Автовокзалдың екеуінде де мынадай хабарландыруды көзіміз шалды, егер белгілі бір себептермен жолға шықпай қалсаңыз, сатып алған билетіңізді қайта тапсыруға болады. Мұндай хабарландыру мен жол жүру құжаттарын қайта тапсыру тәртібі туралы толығырақ «Экспресс» автовокзалының сайтында анық жазылған.

Жол жүру билеттерін қайта тапсыру ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңындағы автомобиль көлігіндегі жолаушылар және жүк тасымалы ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Ол үшін жолаушы жазбаша түрде өтініш жазуы тиіс. Сол өтінішке билет қоса тіркеледі. Билет құны автобус жүрген күннен бастап үш күннен кешіктірілмей  қайтарылады. Егер билетті автовокзалға автобус жүргенге дейін екі күн бұрын тапсырсаңыз, билет құнын түгел ала аласыз.  Ал автобусқа мінуге кешігіп қалсаңыз, билет құнынан 30 пайызы шегеріліп және комиссиялық төлем 100 пайыз берілетін болады.

«Алты рейс қана қалды…»

«Сапар» автовокзалы директорының орынбасары Александр Хлюстов бізге  көп жылдардан бері жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсетіп келе жатқан автовокзалдың жағдайы мәз емес екендігін айтып берді.

Сонымен қатар ол автовокзалдың маңында жолаушы «аңдып жүрген» таксистер туралы да айтты.

Тек 13 бағытқа ғана автобус қатынайды

Облыс аумағындағы жолаушылар тасымалының жай-күйін білу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарластық. Бізге жауап берген жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиевтің айтуынша, қазір автобустардың жағдайы онша болмай тұр.

Ал Шалқар ауданына автобус қатынамайды, бірақ әкімдіктің шешімімен Ақтөбе-Шалқар пойызы шығарылғалы қашан, әзірге тоқтамай, жүріп тұр. Аталған пойыз кішкентай стансалардың бәріне, анығы, 30 аялдамаға тоқтап-тоқтап жетеді. Облыс орталығынан 90 шақырым жердегі Хромтауға сағат сайын автобус қатынап жатса да, қоғамдық көлікке мінетіндер легі толастар емес. Әрине, автобус билетінің құны — 600 теңге. Ал бұл бағытқа өз жолымен кетіп бара жатқан иманды біреу болмаса, кеншілер қаласы — Хромтауға қатынап жүрген таксилер де қазір қызмет бағасын аспандатып тұр, автобустан гөрі жылдам жүретін таксилерге 1500 теңгеңізді төлесеңіз, бір сағатқа жетер-жетпес уақытта діттеген жеріңізге жеткізіп салады.

Ал жолы ойлы-шұңқырлы Ақтөбе-Қандыағаш бағытына қазір автобус мүлде қатынамайды. Алайда Ақтөбенің бірнеше жерінен таксиге отыра аласыз. «Мерейдің» маңында, теміржол вокзалының алдында, «Мега-Шығыс» базарының қарсы бетінде қаптап тұрған, негізінен жеті орындық көліктердің иелері «Қандыағаш, Қандыағаш» деп айқайлап, өздеріне жолаушы жинап тұрады. Бұрын автобуспен барғанда жолдың нашарлығынан соғылып, шақ жететін едік. Одан кейін бір апта адам бола алмайсың. Ал Қандыағашқа қатынайтын таксилердің, қалай екені белгісіз, сондай сау жері жоқ жолда барынша газды басып, жүйткісе де, ойлы-шұңқырлы жермен келе жатқаныңды білдіртпейді, халық арасында «таксилер күнде жүргесін жолдың қай жерінде тесік бар-жоғын жаттап алған» деп жатады. Шынында да солай болса керек… Айтпақшы, Мұғалжардың орталығына бару үшін таксиге 800 теңге төлесеңіз жеткілікті. Бірақ бір үйден бірнеше адам баратын болса, әрине, қомақты болары анық.

Айтпақшы, қазір әлеуметтік желілер де такси қызметінің жұмысын жеңілдетіп тұр. Хабарландыру бергені былай тұрсын, қазір әр ауылдың таксилерінің өзінің әлеуметтік желілерде ашып қойған топтары бар. Бірі болмаса, екіншісі үйіңізден келіп алып кетіп жатқаны.

Айтпақшы, қоғамдық дәретханалар туралы бөлек әңгіме айтуға болады. Автовокзалдың дәретханасына мұрныңызды жаппай кіру мүмкін емес, қолқаны қабатын, мұрынды жаратын қолаңса, сасық иісі далаға дейін шығып жатыр. Біз барғанда дәретханаларына келіп тұрған су тоқтап қалған, сол үшін де арнайы шелек-шелек су дайындап қойғандарын көрдік. Алайда осындай жерге кіру де ақылы: 30 теңге. Александр Хлюстовке бұл туралы айтқанымызда «Ақбұлақтың» шығынын өтеуге де жетпейді» деді.

P.S.  Облыс аумағына рейс жасайтын қоғамдық көліктердің күн сайын қысқарып бара жатқаны бізді де алаңдатады. Әйтпесе, халықтың бәрінің таксимен жүруге қалталары көтермейді. Бір адам асықса мінер, отбасымен жолға шыққан адам үшін едәуір қаражатты бірден бере салу қиын. Үлкендер жағы желмен жарысқан жеңіл көліктерге мінгеннен гөрі автобуспен жүру қауіпсіз деп есептейді. Әрі бағасы да тиімді.

Әрбір үйде екі-үш машинадан болса да, қалың бұқараға ауылдан облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көлік керек! Үкіметтен субсидия берілсе… бәрі түзелер деп үміттенеміз. Әйтпесе, автобустардан күй кетті…

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Поделитесь новостью с друзьями