Облыста 1040 әйел сәби сүйе алмай жүр…

Дата: 21 ноября 2019 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Облыста 1040 әйел сәби сүйе алмай жүр…

Қазіргі таңда талай отбасын бала сүю бақытынан айырып, көптеген шаңырақтың шайқалуына себеп болған бедеулік, белсіздік мәселесі елімізде өзекті проблемаға айналып отыр. Ғалымдардың  жасаған талдауларына сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда ерлі-зайыптылардың шамамен 20-25 пайызы осы мәселеге тап болған. Дегенмен қосалқы репродуктивті технологиялардың дамуы арқасында нәрестелі болып, бақытты өмір сүріп жатқан отбасылар да аз емес. Алайда жасанды жолмен ұрықтандыру, дүниеге сау бала әкелу көп қаржыны, аса зор шыдамдылықты қажет етеді. Жалпы экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі сәби сүйе алмай жүргендерге қаншалықты қолжетімді және нәтижелі? Бұл әдісті кімдер пайдалана алады? Сонымен…

 29 пайызы ер-азаматтың белсіздігінен…

Облыстық консультациялық-диагностикалық перинаталдық орталықтың базасында орналасқан экстракорпоральды ұрықтандыру орталығының репродуктолог-дәрігері Клара Утянованың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында 1386 әйел келіп, орталық дәрігерлерінен кеңес алған. Оның ішінде 265-і арнайы диспансерлік есепке алынған. Атап айтсақ, 265 әйелдің 140-ы, яғни 57,14 пайызы алғашқы бедеулік, ал 125-і (51,02 пайызы) екінші реттік бедеулік бойынша тіркеліп отыр. Бедеулік диагнозы қойылған әйелдердің 41 пайызы түтік-перитонеальді, 10,2 пайызы қосарлас фактор, ал 13,47 пайызы эндокриндік фактор бойынша тіркеуде тұр. Ал сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың 35 пайызы ерлер бедеулігінің салдарынан осы мәселеге тап болып отыр.

— Биылғы жылы эндоскопиялық емдеу әдісі бойынша 49, ал аналық жатыр безін ынталандыру (стимуляция) бойынша 102 әйелге көмек көрсетілді. Жалпы облыс бойынша бүгінгі күні сәби сүйе алмай жүрген 1040 әйел тіркеуге алынды. Атап айтсақ, оның 541-і — алғашқы, ал 499-ы екінші реттік бедеулік бойынша тіркелген.

Бүгінгі күні әйелдердің бала көтере алмауының басты себебі — медициналық-әлеуметтік проблемалар, дұрыс тамақтанбау, экология, ғылыми-техникалық прогрестің дамуына байланысты тұрақсыздық, күйзелістің көптігі, әртүрлі әлеуметтік-психологиялық қиындықтар. Соның салдарынан әйелдің организмінде өзгерістер болады. Сонымен қатар әйелдерде бала сүю тілегі табиғи жолмен орындалмағандықтан, невроз сияқты әртүрлі психологиялық ауруларға ұшырайды. Осылайша жыл өткен сайын бұл мәселе тереңдей түседі. Ал белсіздік мәселесіне келсек, өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде ер-азаматтар белсіздігінің саны артып отыр. Сондықтан отбасында әйел бір жыл ішінде жүкті бола алмаса, дәрігерге қаралуы тиіс. Егер осындай жағдай болса, біз алдымен тексеруді ер-азаматтан бастаймыз. Егер ер-азаматтың белсіздігі анықталған жағдайда, біз орталықта қазіргі заманғы және тиімді емдеу әдістерінің барлық түрлерін ұсынамыз. Тіпті ең ауыр патологиялық жағдайлардың өзінде де қол ұшын созып, көмек көрсетеміз. Бір артықшылығы, ер-азаматтардың талдау нәтижелері бір күнде-ақ дайын болады. Биылғы мониторингті сараптасақ, сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың 29 пайызы ер-азаматтардың белсіздігінен осындай жағдайға душар болып отыр. Бұл — өте күрделі мәселе, — дейді К.Утянова.

Дәрігердің айтуынша, бүгінде ер-азаматтардың арасындағы урологиялық аурулардың көп таралуы бедеулік пен белсіздікке әкеліп отыр. Себебі қазір екі ер адамның бірі простатитпен ауырса, жас жігіттердің басым бөлігі түрлі жыныстық ауруларға шалдыққан. Сондай-ақ ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерге аз көрінеді. Соның салдарынан ауру алғашқы кезеңінде анықталмай, оның арты асқынуға әкеліп соғады.

 Уақытыңызды өткізіп алмаңыз!

Клара Утянованың айтуынша, көп жағдайда жасанды жолмен ұрықтандыру әдісінің оң нәтиже беруі әйелдің денсаулығына байланысты. Дәрігерлер жасанды жолмен ұрықтандыру әдісін қолданбастан бұрын әйелдерді 2-3 ай бойы дайындап, ағзадағы Д дәруменінің жетіспеушілігі, гемоглабин мөлшері, бүйрек, бауыр, ішек, қуық, сүт безі, т.б.  тексереді.

— Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі бұл әйелге басқа ешқандай терапия көмектеспеген жағдайда ғана жасалады. Осыны әрбір адам ескеруі керек. Бұл әдіске жүгінбестен бұрын біз әйелдерді гистероскопия, лапароскопия сияқты арнайы тексерулерге жібереміз. Өкінішке қарай, көп жағдайда әйелдер қауымы жеке клиникаларды жағалап, өз уақытын өткізіп алады. 10-15 жыл, тіпті одан да көп мерзім өткен соң келіп, жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінетіндер де бар. Ал ондай жағдайда біз жақсы нәтиже шығатынына ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Себебі әйелдердің жасы үлкейген сайын олардың денсаулығы нашарлайды, жасанды ұрықтандыру үшін қажет әйелдерден алынатын аналық жыныс жасушасының (ооцит) сапасы төмендейді. Сондықтан әйелдер тұрмысқа шыққан соң бір жыл ішінде балалы болмаса, дәрігерге көрініп, жан-жақты тексерілуі керек. Осы тұста айта кету керек, жасы 33-тен асқан әйелдердің аналық жасушасының сапасы төмендей бастайды. Яғни, әйелдер жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінген жағдайда біз олардағы антимюллер гормонының мөлшерін жан-жақты тексереміз. Мәселен, жасы 32-ге толмаған әйелде жасанды ұрықтандыру кезінде пункция (тінді бос инемен не арнайы аспаппен тесу) жасаған уақытта сапалы 6 ооцит болуы керек. Егер әйелдің жасы 37-ден асса, онда одан сапалы бір эмбрион алу үшін 12 ооцит болуы керек, — дейді К.Утянова.

Дәрігерлер аналық жасушаның дамуы, оның сапалы болуы әйелдің жас ерекшілігіне тікелей байланысты екенін айтады. Сондықтан бала сүйе алмай жүрген қыз-келіншектер уақытын өткізіп алмай, ЭКО әдісіне ертерек жүгінгені абзал.

Бір жылға — 40 квота

Бала сүю — кез келген әйелдің басты арманы, тілегі. Сондықтан сәби сүю үшін қандай отбасы болсын барлық қиындықты еңсеруге тырысады. Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісіне (ЭКО) жүгінерден бұрын ерлі-зайыптылар алдымен психологиялық, моральдық күйзеліске түсетіні анық. Оны жеңіп, бір шешімге келгеннен кейінгі тағы бір кедергі – ақша мәселесі. Себебі қазіргі таңда ЭКО арқылы бала сүю үшін қалтаңызда 1-1,5 млн теңге қаржы болуы керек. Алайда мұндай қаражатты жинау қарапайым отбасыларға оңайға түспейді. Сондықтан көп жағдайда әйелдер қауымы квотаның кезегін күтеді.

Бүгінгі күні елімізде жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы үшін 700-800 квота, ал облысқа бар-жоғы 40 квота ғана бөлінеді. Атап айтсақ, биылғы жылы біздің облыстан Алматы, Астана қалаларындағы орталықтарға 42 әйел квота алған.

— Қазақстанда 2010 жылдан бастап жасанды ұрықтандыруға мемлекет тарапынан квота бөліне бастады. Квота саны жыл сайын өссе де, өкінішке қарай, аздық етеді. Көп отбасылар өз кезегін жылдар бойы күтуге мәжбүр. Кезекте тұруға екі-үш жыл уақыт кетсе, әйел мен ердің бала сүю мүмкіндігі төмендей береді. Ал арада біршама уақыт өткізіп алудың салдарынан ЭКО әдісінен оң нәтиже шықпауы да ықтимал. Сондықтан қыз-келіншектер ертерек қимылдауы керек, — дейді Клара Зейноллақызы.
Оның айтуынша, бүгінде кезекті көп күтсе, уақытын өткізіп алатынына қауіптенген ерлі-зайыптылар ақылы түрде ем алуға жүгінеді. Алайда оның барлығы оң нәтиже бере бермейді. Дегенмен бала сүю үшін ЭКО әдісінің көмегіне бірнеше мәрте жүгініп, ақырында ата-ана атанғандар да аз емес.

— Көп жағдайда әйелдер ЭКО жасатқаннан кейін оның нәтижесі қалай болады деп көп уайымдайды. Мұндай жағдайда адам алдымен өзіне, дәрігерлерге сенуі керек, болашаққа сенім артуы керек. Қорқынышқа, күдікке бой алдырмауы керек. Мысалы, өткен жылы ЭКО әдісіне жүгінген 1986 жылғы келіншек алғашқы талпынысы нәтижесіз шыққан соң биыл араға жыл салмай қайта келді. Міне, екінші ұмтылысы оң нәтиже беріп, бүгінде сәби күтіп жүр. Сондықтан менің әйелдерге айтар кеңесім — кез келген жағдайға мойымай, алға ұмтылу керек. Ең бастысы, дәрігерлерге сенім артып, алға мақсат қою керек, — дейді ол.

«Ана болғым келеді…»

Облыстағы экстракорпоральды ұрықтандыру орталығында жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінгендердің бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Аида Байжанова. Жасы 30-ға келген келіншек бес жыл бойы сәби сүйе алмаған. Жолдасы екеуі осы қадамға бел буып, биыл жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінген. Алайда алғашқы талпынысы оң нәтиже бермепті.

— Қазіргі таңда біз сияқты бала сүйе алмай жүрген жас отбасылар аз емес. Басқа амалымыз болмаған соң осы орталыққа келіп, экстракорпоральды ұрықтандыру әдісін қолдандық. Бірақ нәтиже болмады. Қазір квота алуға кезекте тұрмыз. Алайда кезекте тұрған әйелдердің саны көп болғандықтан, әлі 2-3 жыл күтуімізге тура келеді. Екінші мәрте ақылы түрде ЭКО жасатуға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан алдағы уақытта табиғи жолмен сәби сүйе алмайтын отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау болса, квота санын арттырса деген тілегіміз бар, — дейді жас келіншек.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыс бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ЭКО жасатуға 466 әйел кезекте тұр.

P.S. 2016 жылы ашылған экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы ең озық құралдармен жабдықталған, мұндағы қызмет көрсету сапасы барлық халықаралық талаптарға сай келеді. Мұнда жоғары санатты репродуктолог, эмбриолог, уролог-андролог мамандар жұмыс істейді. 2017 жылдан бері бүгінге дейін орталықта 213 адам жасанды ұрықтандыру әдісінің көмегіне жүгінген. Нәтижесінде 40 сәби дүниеге келген, сондай-ақ бүгінде сәбиін күтіп жүрген әйелдер де бар.  

Данагүл ҚАЗИХАН.

Поделитесь новостью с друзьями