Популярные темы

«Ауыл — ел бесігі»: 51 жоба және 187 елді мекен

Дата: 21 ноября 2019 в 10:32


«Ауыл — ел бесігі»: 51 жоба және 187 елді мекен

Елімізде перспективалы ауылдар құру арқылы құрылыс, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, елді мекендерді тұрақты дамыту.

Келер жылы перспективалы ауылдарды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз ету үшін облыстың барлық ауданын қамтитын 51 жоба іске асырылмақ.   

7 жыл: 7 миллион тұрғын және 7 мың шақырымдық жол

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде қазіргі уақытта 6443 ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл — ел халқының 42 пайызы. Жақында өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр: «Бүгінгі күні ауылдық жерлерде бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Ауылдың жартысынан астамының көшелерін жөндеу қажет. Инженерлік желілер тозуының жоғары деңгейі байқалады. Көптеген ауылда білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты ауылды дамыту үшін кешенді тәсіл қолдануды ұсынамыз», — деді.

Енді осы бағытта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалармен қатар, «Ауыл — ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылмақ.

Бүгінгі таңда республика бойынша даму әлеуеті бар 3477 ауыл іріктеп алынған. Оның ішінде 1150-і — тіректі, 200-і — шекара маңындағы, 2327-сі —  спутниктік ауылдар. Аталған елді мекендерде 6,6 миллион адам немесе ауыл халқының 85 пайызы тұрады.

Осылайша «Ауыл — Ел бесігі» жобасын іске асырудың 7 жылында 7 миллион ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік тумақ. Р.Склярдың айтуынша, бұл кезеңде 7 мың шақырымнан астам кентішілік жол салынып, жөндеуден өткізіледі. Барлық ауыл халқы сапалы ауызсумен қамтылатын болады. Әлеуметтік нысандарды жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, барлық іс-шаралар кешені ауылдарды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде ел экономикасына оң әсерін тигізбек.

Жергілікті кәсіпкерлердің үлесі

Қазір аймақтарда бұл жоба қолға алынды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының инвестициялық жоспарлау бөлімінің басшысы Адайбек Есенамановтың айтуынша, «Ауыл — ел бесігі» жобасы елді мекендердің дамуына орасан зор үлес қосып, ауыл тұрғындарының өмірін жандандыра түспек.

— Биыл арнайы жоба аясында облысқа 1,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат жалпы халық саны 29 мың адамды құрайтын 3 перспективалық ауылдың, яғни аудан орталығы саналатын Шұбарқұдық, Мәртөк және Бадамшада   маңызды 8 жобаны жүзеге асыруға қарастырылды. Атап айтқанда, аталған елді мекендерде спорт, білім беру, көлік инфрақұрылымы салаларындағы нысандарды салуды және жөндеуді қамтыды, — деді А.Есенаманов.

Биыл облыста осы жобаны жүзеге асыруға жергілікті кәсіпкерлер де үлес қосқан. Бюджеттен тыс қаражат есебінен, яғни жалпы құны 690 миллион теңгеге 132 жоба іске асырылған.

Тиімді жобалар және 4 миллиард теңге

Аталған жобаны одан әрі жүйелендіру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі және «McKinsey» компаниясы бірлесіп, өңірлердің перспективалы ауылдар тізімін пысықтаған. Адайбек Есенамановтың айтуынша, осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша 207,1 мың халықты құрайтын (ауыл халқының 81 пайызы) 187 перспективалы ауылдық елді мекен тізімге енгізілген. Оның 76-сы — тіректі, 85-сі —  спутниктік және 26-сы — шекара маңындағы (стратегиялық) ауылдар ретінде анықталып отыр.

— «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы аясында перспективалы ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесіне дейін кезең-кезеңмен жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

2020 жылға перспективалы ауылдарды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз ету үшін облысымыздың барлық ауданын қамтитын 51 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл — өңірдің перспективалы ауылдар тізіміндегі әлеуетті елді мекендерде неғұрлым тиімді және экономикалық жобалар. Бұл шараларды қаржылық қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Ақтөбе облысына республикалық бюджеттен шамамен 4 миллиард теңге қарастырылмақ, — деді А.Есенаманов.

Мамандардың айтуынша, бұл жобалар биылғы жылға қарағанда әлеуметтік-экономикалық салалардың одан да кең спектрін қамтымақ.

Келер жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Алға ауданындағы Есет батыр ауылына барар жолдағы жалпы ұзындығы 1,126 шақырымдық автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сол сияқты Әйтеке би ауданының Комсомол селосындағы Т.Жүргенов көшесіндегі 1,384 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жоспарда тұр. Аталған жоба аясында жол жөндеу жұмыстары Байғанин ауданында да іске асырылмақ. Нақтырақ айтсақ, Қарауылкелді селосындағы Барақ батыр көшесінен Ақтөбе-Атырау тасжолына дейінгі аралықта автомобиль жолы құрылысы жүзеге асырылатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы  аясында облыста

2020 жылы жүзеге асырылатын жобалар

 

Поделитесь новостью с друзьями