«Ақтөбе» газеті — батырлар мекенінде

Дата: 14 ноября 2019 в 10:02


«Ақтөбе» газеті — батырлар мекенінде

Сәрсенбі күні «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газеті 95 жылдық мерейтойы аясында Қобда ауданына барып, оқырмандарымен кездесіп қайтты.

Жуырда ғана өзінің 90 жылдық тойын тойлаған батырлар мекені ғасырға жуық тарихы бар газет ұжымын зор ықыласпен қарсы алды.

1929 жылы шілде айында құрылған елдік пен ерліктің мекені — Қобда ауданында бүгінде 20 мыңға жуық халық тұрады. 14,2 мың шаршы шақырымды алып жатқан киелі өлкенің өткен тарихы қаншалықты бай болса, болашағы соншалықты жарқын. Қобдадағы 31 елді мекеннің 11-і Ақтөбе агломерациясы аймағына кіреді.

Баспасөз үйінен келген қонақтарды аудандық әкімдік ғимаратында қарсы алған аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет алдымен ауданның әлеуметтік жағдайын және алдағы жоспарларын айтып берді. Бұдан соң аудандық әкімдіктің акт залында оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды.

Шара барысында алдымен сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин бұл жолғы кездесудің негізгі мақсаты ғасырға жуық тарихы бар газеттің оқырмандарына құрмет көрсету екендігін айтты.

— Қадірлі қобдалық оқырман! Сіздермен облыстық газеттің 95 жылдығы және Қобда ауданының 90 жылдығы аясында қайта қауышып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің мерейтойы қарсаңында біз игі шараны қолға алып, өз оқырмандарымызбен жарқын жүздесіп, кездесулер өткізейік деп келдік. Бұған дейін облыстың бірнеше аудандарында болып, газет оқырмандарын марапаттаған едік. Бүгін, міне, батырлар мекеніне келудің сәті түсті. Қобда — талай батырды дүниеге әкелген, талай киелі әулиелердің сүйегі жатқан қасиетті мекен. Газетіміздің мерейтойы тұсында біздің басылымға үздіксіз жазылып жүрген оқырмандарға арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар әзірледік.

Қазіргі кезең әлеуметтік желінің заманы болғанмен, өздеріңіздей жанашырларымыз барда  газет өзінің қоғамдағы орнын еш жоғалтпайды, — дей келе Раукен Отыншин алдымен кездесуді ұйымдастырған аудан әкіміне алғыс айтып, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның арнайы төсбелгісі мен Алғыс хатын табыстады.

Бұдан соң делегация мүшелері газет оқырмандарына ұжым атынан арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етті. Облыстық қоғамдық-саяси газеттің сыйлығына ие болғандар қатарында Қобда аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Любовь Исмағанбетова, аудандық аурухана дәрігері Азат Тотанов, И.Тайманұлы атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Роза Әмірғалиева және Қобда орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Валерий Власенко бар.

Марапаттау рәсімінен соң газеттің 95 жылдығына орай арнайы түсіріліген деректі фильм қобдалықтар назарына ұсынылды.

Оқырмандармен өткен келелі кездесуден соң, газет ұжымы аудан орталығындағы «Мәңгілік ел» тарихи-танымдық саябағында болды. Аудандық әкімдікке қарсы жатқан бұл саябақта еліміздің барлық тарихи-киелі жерлері көрсетіліп, Қазақ елінің тарихы жазылған. Қасірет мемориалы, Рәміздер алаңы, Тәуелсіздік алаңы, Батырлар алаңы бар. Сондай-ақ Ауған соғысына қатысқандар құрметіне және «Бейбіт күннің батырлары» — Қазақстан полицияларының құрметіне арнайы тақтайшалар орнатылыпты.

Кешендегі мен мұндалап атой салған Ұлы Дала батырлары, сегіз Кеңес Одағының Батыры, Қасірет мемориалындағы қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары, ауған соғысында, бейбіт кезең қақтығыстарында шейіт болған жауынгерлер барельеф топтамасынан үнсіз тарих сырын ашқандай. Әр таснама өз кейіпкерінің «тар жол, тайғақ кешуінен» сабақ алардай әсер қалдырады. Ұлы Отан соғысынан оралмаған 2371 боздақтың, 261 қуғын-сүргін құрбанының есімдері тізім бойынша қашалып жазылды. Мемориалдық кешен — ауданның еңселі тарихи орны, Қазақстанның әр жылдардағы тарих жолдарынан сыр шертіп, ұрпақтары тәу етер алаңы. Тағзым алаңдарында жас ұрпақ өкілдері әр замандағы тарихи тұлғаға, бүгінгі бейбіт күніміз үшін күрескен ата-бабаға ризашылығын білдіреді. Саябақтағы Рәміздер алаңында ел тәуелсіздігінің символындай болған елдігіміздің нышандары орналастырылып, көк байрағымыз көк аспанда желбірейді.

 Оқырман лебізі:

Любовь ИСМАҒАНБЕТОВА, Қобда аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:

— Әр мемлекеттің мемлекеттік тілде шығатын мемлекеттік газеті болуы тиіс. Бұны мен бірнеше жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған қызметкер ретінде айтамын. Ақтөбе өңірінің қоғамдық-саяси өмірін 95 жылдан бері жазып келе жатқан «Ақтөбе» газетінің қоғам үшін де, адам үшін де маңызы зор. Мемлекеттік қызметте болған жылдары газетпен тығыз байланыста жұмыс жасадық. Осыдан 20 жыл бұрын халықтың жағдайы бүгінгідей емес болатын. Бірақ тұрақты оқырман ол кезде де сүйікті газетіне жазылды. Өйткені, «Ақтөбенің» халыққа берері қашанда мол. Әлі де солай.  Халықтың тыныс-тіршілігін жариялап, насихаттап, еліміздің рухани байлығының өсуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан «Ақтөбе» газетіне мәңгілік ғұмыр тілеймін!

Нұрлыбек КЕРЕЙМАҒАНБЕТОВ, зейнеткер:

— Газеттің адамзат дамуына, өсіп-өнуіне қосар үлесі зор.  «Ақтөбе» газетін «Коммунизм жолы» атауымен шыққан кезден бері білемін. Студент кезімде көшедегі дүңгіршектерден міндетті түрде екі газет алып оқитын едім. Бірі сол кезде шыққан «Советский спорт» газеті болса, енді бірі «Коммунизм жолы» еді. «Ақтөбенің» 40 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Газет жыл сайын жаңарып, түрленіп отырады. Дизайны да, суреттері де аса талғаммен жасалған. Ал мақала жазатын тілшілер еңбегіне басымды иемін.

Газеттің тұрақты оқырманы ретінде, «Ақтөбе Медиа» холдингі атынан  2017 жылы тегін жолдама алып, «Мерке» шипажайына демалып келген болатынмын. Оқырманын сыйласа, «Ақтөбедей» сыйласын!

Ғасырға жуық тарихы бар облыстың Бас газетін мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймын.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями