Дін мен дәстүр

Дата: 14 ноября 2019 в 09:52


Дін мен дәстүр

Мыңдаған жылдар бұрын көшпенділер ортасында туып, отырықшы тұрмыстың қағидаларын сіңірген ұлттық дәстүр мен ислам діні бірлігінің бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі, ұлт татулығындағы рөлі аса маңызды. Ел ертеңінің ментальды деңгейін қалыптастыруда, ұлттың болмысындағы бірегейліктің, құндылықтардың сақталуында, ұлы даланың рухани жаңғыруында ұлттық салт-дәстүрдің һәм әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінінің көтеретін жүгі де, жауапкершілігі де орасан. Бабаларымыз ұстанған ата дәстүрді ардақтай отырып, Жаратушыға деген күмәнсіз сенімге селкеу түсірмеген Әбу Ханифа мазһабын ұстанушылардың бүгінгі ұрпағы бұған не дейді? Қоғамдағы дін мен дәстүрдің қабыспай жатқан кейбір тұстары ұрпақтың сенімі мен нанымына қалай әсер етіп отыр? Дәстүрдің озығы мен тозығын іріктеп, қазіргі уақыт пен кеңістікке лайықтысын ғана қалдыра алдық па? Ұрпақ санасындағы діни және ұлттық сезімдердің тоғысуы қаншалықты деңгейде? Мәдени жаһандану кезінде ұрпақтың наным-сенімінің дұрыс қалыптасуына ықпал ете алатын рухани ұстаздар бұған не дейді? «Дүмше молдалар дін бұзып» жүрген жоқ па? Ғылым жолын ұстанған ағалар не айтады? Осы және басқа мәселелер «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. Баспасөз үйінде өткен шараға «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Алтай Тайжанов, облыстың бас имамы Төлеби Оспанов, «Аңсар» орталығы басшысының орынбасары, теолог Төлеген Талдыбаевтар қатысты.

Раукен Отыншин:

— Бұл дөңгелек үстелді «Дін мен дәстүр» деп атадық. Себебі қазіргі жаһандану дәуірінде өз дінімізді, ділімізді, дәстүрімізді сақтамасақ, ұлттығымызды сақтап қалу мүмкін емес. Қазір әлемде, айналамызда түрлі оқиғалар болып жатыр. Осындай алмағайып заманда ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Ұлттық болмысты, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тілімізді дінімізді сақтауда, оны келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруда бүгінгі аға ұрпақтың жауапкершілігі зор. Дәстүрдің көбірек көрініс табатын кезі, әрине, той-томалақтар мен ас-садақалар екені ақиқат. Діни қызметкерлердің де халық арасына жиі шығатын кездері осындай шараларда. Өкінішке қарай, осындай басқосуларда дәстүр мен шариғаттың үйлеспейтін тұстары кездесіп қалады. Адамдарға тура жолды көрсететін діни қызметкерлердің де көптің алдында күмілжіп, дұрыс уағыз айта алмай жүргендерін де, өкінішке қарай, жиі көріп жүрміз. Оларға кім жөн айтады? Осындай өзекті мәселелерді ортаға салайық деп шақырдық сіздерді.

Діни қызметкерлер терең біліммен қарулануы тиіс!

Төлеби Оспанов:

Жақында Астана қаласында имамдардың ІІІ републикалық форумы өтті. Осы шарада діни қызметкерлерге қатысты құжаттар қабылданған болатын. Бұған дейін де Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы қабылданғаны белгілі. Бұл құжаттарда Қазақстан мұсылмандары ұстанатын діни бағыт туралы толық мағлұмат берілген. Тұғырнама үш негізгі бағыт бойынша топтастырылған. Біріншісінде жеті рухани қазық жөнінде, яғни имандылық, отаншылдық, ауызбіршілік, мәдениет, еңбексүйгіштік секілді жалпы адами құндылықтар туралы айтылады. Қалған екі бағыттағы құжатта діни қызметкерлер атқаратын діни рәсімдер туралы мәліметтер бар. Онда қазіргі уақытта қолданылып жүрген 45 діни рәсім көрсетілген, мәселен, сәбиге ат қою, бата беру, сүндет тойдың батасы, бес уақыт намаз, азан айту, тасаттық жасау, пікір, зекет, қажылықты ұйымдастыру, уағыз айту…  Демек, дін өкілдері осы құжаттарды басшылыққа алуы тиіс. Сондай-ақ діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері нақтыланған. Бұдан былай өкіл имам деген болмайды, облыстың, қаланың және ауданның бас имамы ғана болады, ауылдарда тек имам қызмет атқарады. Төртіншіден, «молда» деген лауазым қосылды. Молда діни рәсімдерді өткізеді. Бас имамның, имамның, азаншы, ұстаз, наиб имамдардың әрқайсысының атқаратын қызметтері көрсетілген.

Қазір Ақтөбе облысында 96 мешіт бар. Мешіт саны, оған келетін жамағат саны да артып отыр, шүкір. Соған сай діни қызметкерлер де көбейді. Облыста 110 діни қызметкер тіркелген. Жоғарыда айтылған «дұрыс уағыз айта алмайтын молдаларды жиі кездестіреміз» деген сынға қалай жауап береміз? «Мешіт қанша үлкен болса да, молда білгенін айтады» деген сөз бар. Яғни уағыз айту адамның біліміне байланысты. Өкініштісі, той-томалақ болсын, ас-садақа болсын, үй иесі діни қызметкерді мешіттен емес, таныс-тамырлар арқылы іздейді. Ол адамның білімі таяз болуы мүмкін, мешітке еш қатысы жоқ болуы мүмкін, ол адамның жаңағы біз айтқан құжаттардан мүлде хабары болмауы мүмкін. Сондықтан ел алдында көсемсіп артық сөздер айтатындар да болады. Адам өз жақыны дүниеден өткенде оны шариғатқа сай шығарып салуға үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ондай жауапты мәселені көлденең көк аттыға қалайша тапсыра салады?

Біз ұялы телефон арқылы пайдалану үшін арнайы мобильді қосымша жасап шығардық. Онда облыстағы барлық мешіттердің мекенжайлары, байланыс телефондары, діни қызметкерлердің аты-жөндері жазылған. Діни қызметкер іздеген адам осы жерден оңай тауып алсын, жаңағыдай көңілді кірлететін жайттар болмасын деген ниет еді бұл.

2018 жылы облыста 3-4 жаназа шариғатқа сай шығарылған жоқ. Оны діни оқу орнында білім алмаған, өзін молдамын деп таныстырған кісі шығарған. Ол кісі білімсіздігі салдарынан діни рәсімдерді дұрыс орындамай отыр. Бұл біз білетін бір-екі мысал ғана. Халық арасында діни қызметкерлерге деген теріс пікір осындай мысалдардың салдарынан туындайды.

Кеңес үкіметі кезінде мұсылмандар діни рәсімдерді тығылып орындаған, ал қазір айдың күні аманында барлық мүмкіндіктеріміз бола тұра діни рәсімдерді шариғатқа сай жасай алмай отырмыз.

Тілші:

Сонда сіз айтқан жаңағыдай «дүмше молдаларға» кім тыйым салады? Олардың «дінді бұзуына» жол бермеуге болмай ма?

Төлеби Оспанов:

Біздің құрылым — біреуді жазалайтын құрылым емес, бізде ондай «дүмше молдаларды» жазалайтын құзыр жоқ. Бұл жерде қоғам тарапынан талап болуы тиіс. Егер жазбаша арыз түсетін болса, құзырлы мекемелер арқылы ықпал етуге болатын шығар. Алайда ешкім арызданбайды, тек ауызша айтып қоя салады. Дегенмен, діни рәсімдерді өткізумен арнайы білімі бар, арнайы құжаты бар адамдар ғана айналысуы тиіс. Егер облыстағы тіркелген 110 діни қызметкерімізге қатысты сын айтылар болса, оны арнайы жиын өткізіп, талқылаймыз.

Алтай Тайжанов:

— Адамзат тарихында дінге талай анықтама берілген. Анау Энгельстің заманында дінді түкке тұрғысыз етіп тастады, ал қазір дінге бетбұрыс жасадық. Бүгінгі уақыт — жаһандану заманы. Мұндай жағдайда дұрыс жолды тауып, дұрыс бағытта жүру үшін бізге ең алдымен керегі — білім, білім және білім.

Діни қызметкерлер де терең біліммен қарулануы тиіс. Сонда ғана уағызды дұрыс айта алады. Қазіргі молда уағызды бүгінгі күннің тілімен, мысалы, бүгінгі физиканы, химияны, астрономияны, медицина ғылымын оқыған адамдардың тілімен айтуы керек, сол түсіне алатын қылып айтуы тиіс. Мәселен, «материалистер жаратылыстың бастауын таба алған жоқ. Бірі оны оттан деді, енді бірі судан, ауадан, атомнан деді. Бұл сұрақтың жауабы — дінде. Дінде пастулат бар, ол дәлелді қажет етпейді. Алла тумаған, туылмаған, ол мәңгілік. Яғни  дін —  сенімге құрылған наным. Ал ғылым дәлелді талап етеді» деп түсіндіру маңызды. Бұл бір ғана мысал. Діни қызметкер алдында отырған аудиторияға лайық уағыз айта білуі тиіс. Мұхтасарды оқымаған адам қалайша теолог болады? Қазір жап-жас жігіттер өзін жұрттың алдында «теологпын» деп таныстырады. Мен білетін теологтар анау Августин, Фомо Аквинскийлерден бастап өзіміздің Халифа Алтайға дейінгілер. Ал қазіргі теологтардың білім деңгейі көңіл көншітпейді.

Діни қызметкерлер халықтың арасында жиі болуы тиіс, жаңағыдай «дүмше молдаларды» бақылау керек. Біз секілді қарапайым адамдардың қолына имамдар, оқыған діни қызметкерлер түсе бермейді, сосын біз амалдың жоқтығынан, әйтеуір дінге қатысы бар ғой деген таныс-тамырларды жағалаймыз. Содан келіп жаңағыдай мәселелер алдымыздан шығады.

Қазіргі жаһандану заманында дін мен мемлекет бөлек болуға болмайды. Діни қызметкерлердің саясаттан хабары болуы тиіс. Ең алдымен Конституцияны, елдің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, рухани жаңғыру бағдарламаларын білуі керек. Рухани жаңғыруда діннің рөлі өте зор. Дін қызметкерлері халықтың алдында осы мәселелерді айта білуі тиіс!

Дәстүрге қатысты бір сөз: дәстүрді қалыптастыратын — дін. Дін ешқашан дәстүрден бөлек бола алмайды. Ал дәстүрдің негізінде дін жатыр. Дәстүр дінге байланысты қалыптасады.

Тілші:

Бұл айтылған мәселелердің барлығы халық арасында діни рәсімдердің орындалуындағы олқылықтардың артында «дүмше молдалардың» сауатсыздығы жатқанын айғақтайды. Ендігі мәселе: қоғамды діни тұрғыда дұрыс тәрбиелеуде біз қандай кемшіліктер жіберіп алдық? Кешегі ДАИШ-тің құрамында жүрген біздің қаракөздеріміз қалай, қай жерден жаза басты? Оның артында тәрбиенің солқылдақтығы жатқан жоқ па? Дәстүрі мен дінді бір-бірінен бөліп-жармай, бабалар салтын ардақтай отырып, дінімізді құрметтей отырып, балаға қалайша дұрыс тәрбие бере аламыз?

ДІНИ ТӘРБИЕНІ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАУ МАҢЫЗДЫ

Төлеген Талдыбаев:

— Бұл өте күрделі мәселе. Қазіргі таңда дін ғылымы зерттеліп жатқанымен, балаға дін мен ұлттық мәдениетті ұштастыра отырып дұрыс тәрбие беру деген сала мүлде зерттелмей отыр. Ең үлкен проблемамыз да осы. Университет бітірген кезімде мені «мектепке барып, дін оқытасың» деп жіберді. Ол кезде дінтану пәні жоқ болатын. Бір-екі айдан кейін сабақ бере алмайтынымды түсіндім. Себебі алдыңдағы баланың деңгейіне сай, оның дұрыс дамуына кедергі келтірмейтіндей дәріс оқу кез келген адамның қолынан келмейді. Сол себепті өз шамамызды уақытында түсіне қойдық. Бұл салаға ешкімнің барғысы келмейтіні сондықтан. Дегенмен, әрекетсіз отыра беруге болмайды. Мен Түркия мемлекетінде оқыдым, ол жақта балабақша және дін, мектеп және дін мәселесі өте өткір қойылған. Біз секілді баланы дінге 18-19 жастан бастап тәрбиелемейді, діни тәрбиені балабақшадан бастайды. Балабақшада балаларға елдің әнұранынан бастап барлығын үйретеді, елдің тарихын, салт-дәстүрін дінмен байланыстыра отырып, балаға тәрбие берудің діни әдістемесін жасаған. Ислам құндылықтары мен ұлттық құндылықтарды тоғыстыра отырып, Түркияның дінін жасаған. Барлық ғалымдар осы әдістемені мақұлдаған. Түркиядағы имам-хатиб мектептері де осы бағытта жұмыс істейді.

Ал біз дін десек, біржақты кетіп қаламыз. Біздің музейдің қызметкерлері біршама әрекет етті: діни қайраткерлер туралы зерттеу жүргізді. Олардың еңбектері, қолжазбалары көрнекіліктер ретінде мектеп тақталарына шықпайынша мәселе шешілмейді. Хазіреттер, ахундар, тағы да басқа діни қайраткерлердің мықтылығы неде, олардың медреселерде берген білімдерінің арасында қандай үндестік бар, біздің қазіргі кезеңге лайық келетін ортақ өніміміз бар ма? Әлде анау Қазанда оқыған, анау Бұқарада оқыған деп талан-таражға салып отыра береміз бе? Меніңше, осындай түрлі ілім-білімді зерттеп, зерделеп, қазіргі уақытқа сәйкес, өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізбен, исламмен тоғыстыра отырып, діни тәрбие берудің әдістемесін жасауымыз керек. Сондықтан, осындай бір ортақ мәміле болмайынша, сіз қойған сұраққа жауап беру қиын. Қазір біз «мынау біздің дәстүріміз, мынау дініміз, мына жерде екеуі үндеседі» деп, бір шешім шығаруымыз керек, ол үшін бұл мәселеге қатысты мемлекеттік деңгейде зерттеу жүргізілуі тиіс. Біз қазір тап осы межеге келіп тұрмыз, мұны қазір қолға алмасақ болмайды. Бұл — бірінші мәселе.

Екіншіден, мен он жылға жуық уақыттан бері теріс ағымға кеткендермен сөйлесіп, мұндайға жол бермеу бағытында жұмыс істеп жүрген адам ретінде айтайын, біз жат ағымның жетегінде кеткендермен күресіп, яғни жіберіп алған қателіктердің салдарымен күресіп жүрміз. Біз мына жақта адасқандардың бетін қайтарумен әуреміз, ал екінші жақтан олардың қатарына қосылып жатқандар бар. Сондықтан, біз салдармен емес, себептермен күресуіміз керек. Оның бірінші талабы — балаларға бесіктен бастап ұлтын, мемлекетін, өзінің тарихын құрметтеуді үйрету.

Тілші:

Біздің дәстүрлеріміз даламызға ислам келгенге дейін қалыптаса бастады. Алайда біз дәстүрді тек діни тұрғыда түсіндіреміз. Бала тәрбиесінде ең алдымен діннен бұрын дәстүрді ұғындыру дұрыс емес пе? Біздің ата-әжелерімізге бұрынғы әулие-әмбиелердің рухани мұралары имамдардың тәпсірінен жақындау болатыны сияқты, кішкентай балаға Аллаға құлшылық ету дегеннен гөрі анасын сыйлауды үйрету түсініктірек секілді…

Алтай Тайжанов:

— Исламға дейін де ұлы даламызда заратуштра, тасқа, таңбаға табыну деген секілді ұлы сенімге құрылған наным-сенімдер болған. Сол кездегі сенімге сәйкес дәстүрлер болды. Ислам келгеннен кейін де түрлі дәстүрлер пайда болды. Алайда, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Тозығы ұмытылып қала береді де, озығы уақытпен бірге жаңарып, жалғаса береді.  Дін — догма, ол еш уақытта өзгермейді, Құранның, Библияның бір де бір әрпі өзгермейді, ал дәстүр уақытқа сай өзгереді.

Төлеген Талдыбаев:

— Жалпы, дін ғылымы біздің даламызға бір нәрсені бұзу, жою мақсатында келген жоқ. Мәселен, қажылық исламға дейін де болды, Қағбаны Тауап ету, Сафа мен Маруаның арасында жүгіру Исламға дейін де болған. Яғни, Ислам қазақ даласына келгенде бұрынғы дәстүрді жоғалтып, жаңасын алып келді деген түсінік болмауы керек, ол тек сенімді өзгертті. Көк Тәңірге табынушылық көзқарас өзгерді, ал тұрмыс-тіршілік бұрынғысынша қалды.

Төлеби Оспанов:

— Алтай ағамыз дұрыс айтады, дәстүрді діннен ажырата алмаймыз. Ислам діні керісінше тыйым салудан бұрын дұрысырақ нәрсені үйретті. «Мына амалға қарағанда басқасы қайырлы, сауаптырақ, қоғамға пайдалырақ» деді.

2005 жылы Нұр-Сұлтанда болғанымда сол жердің байырғы тұрғындары мәуліт шарасын өткізді. Киіз үйлер тігіліп, мәуліт оқылды, пайғамбар дәріптелді.

Бақсақ, бұл кісілер мәуліт мерекесін діни шара деп емес, «өзіміздің ата-бабадан келе жатқан дәстүріміз» деп тойлайды екен. Үлкендер мәуліт оқиды, жастар жағы пайғамбардың өмір тарихымен танысады. Бұл деген керемет емес пе?

Яғни, дәстүр мен дінді ажыратпау керек.

ТОЙ-САДАҚАЛАРДАҒЫ ДІНИ РӘСІМДЕР ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛЫП ЖҮР?

Тілші:

— Діни рәсімдердің көп орындалатын жері — той-садақаларда екендігін айттық. Әсіресе, қаралы үйде шариғатты сақтауға тырысамыз. Ілкіде діни басқарма тарапынан садақаларда жайылатын дастарқан мәзірі жасалған болатын. Сол мәзір бір-екі жылдай сақталды да, кейін ұмытылып кетті. Неге? Неге біз садақаны тойдай қылып өткіземіз?

Төлеби Оспанов:

— Бекітілген садақа дастарқаны мәзірлері әзірге тек аудандарда жақсы сақталып тұр. Облыс орталығындағы мейрамханалар, кафелер, өкінішке қарай, оны ұмытып кетеді. Себебі, мәзірде тағам түрі көп болған сайын оларға түсетін пайда да көп болады емес пе? Мәселен, бір танысым мейрамханада марқұм анасының садақасын өткізді. Дастарқанды толтырып қойыпты, өзіне оңашада садақа дастарқанының бекітілген мәзірі бар екендігін айттым. «Білген жоқпын, әйтпесе садақаны байлығымды көрсету үшін жасап жатқан жоқпын», — деді. Яғни мейрамханалар бекітілген арнайы мәзір бар екендігін өз мүддесі үшін жасырады. Ара-тұра мейрамханаларды аралаймыз, бізбен келіскен болады, бірақ кейін ұмытып кетеді.

Ал той-садақаларда орындалатын салт-дәстүрлерге келетін болсақ, арасында озығы да, тозығы да бар. Дәстүр дегеніміз — көпшілік қолдап, жиі орындайтын амалдар жиынтығы. Қазір тойларда еріккендер үйленіп жатқан жастарды мейрамханаға көлікпен алып кіретін әдет тапқан. Ертең осыны көпшілік қолдап, соны дәстүр етіп алса, не болады? Бұл ысырапшылдық, шариғатқа қайшы нәрсе. Бүгінде ысырапшылдық ұлттық әдетке айналып бара жатыр. Оған тоқтау болуы керек. Қазақтың тойын да, садақасын да дәстүрге, дінге сай етіп өткізу мәселесіне араласатын кез келді.

Алтай Тайжанов:

— Меніңше, ел арасында насихат аз. Бұл мәселені газет-журналдарда, халық арасында жиі еске салу керек. Жұрттың барлығы бірдей ақымақ емес, садақа дастарқанының арнайы мәзірі бар деп жариялай берсек, біледі, түсінеді және барлығы соны қолдайтын болады.

Той-садақаларда орындалатын кейбір рәсімдерді де қазір дұрыс орындамай жүрміз. Бір ғана мысал: қаралы үйде қонақасын мейрамханада өткізу белең алып бара жатыр. Ал қонақасын үйде беру керек. Марқұм оң жақта жатады, ал үлкен кісілер сол үйде таң атқанша отырады. Оны «күзет» дейміз. Ол бұрыннан келе жатқан дәстүр. Мал сойылып, ет асылып, сол дастарқан басында, сол күзет түні ертеңгі болатын жаназа жайы, садақа шаруалары шешіледі. Ал бізде қалай? Марқұм үйде оң жақта жатады, ал қонақасына келген жұрт мейрамханада отырады. Бұл дәстүрге де, шариғатқа да қайшы. Міне, осындай мәселелердің дұрыс-бұрысын сараптап, ортақ шешім шығару үшін де бүгінгідей маңызды бас қосуларды  өткізіп отыру.

Жазып алған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями