Алдағы 1,5 жылда қаладағы жасыл желек сандық жүйе арқылы түгенделеді

Дата: 14 ноября 2019 в 09:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Алдағы 1,5 жылда қаладағы жасыл желек сандық жүйе арқылы түгенделеді

Сейсенбі күні қалалық әкімдікте «Жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу және дендрологиялық паспорттау стратегиясын жасақтау» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті.

Оған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, Мәскеу қаласынан келген мамандар, қоғам белсенділері, блогерлер, БАҚ өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Оның айтуынша, тал-теректі сандық жүйе арқылы түгендеу статистикалық есеп үшін де, қаланың жасыл белдеуін, саябақтарын қалыптастыру, жетілдіру үшін де өте маңызды. Тал-теректі цифрландыру жүйесі арқылы паспорттау, түгендеу жаңа нысандардың, тұрғын үйлердің құрылысын жоспарлау кезінде де қажет.

Қоғамдық тыңдауда Мәскеу қаласынан келген жасыл желекті түгендеу, паспорттау қызметін көрсететін «Ульмус» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Павел Воробьев пен Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің доценті Екатерина Черняева өз тәжірибелерімен бөлісіп, жасыл желекті есепке алуды дамыту бойынша концепцияны таныстырып өтті.

Мамандардың айтуынша, Ресейде 10 жылдан бері «Жасыл желек тізімі» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Аталған мемлекетте өсіп тұрған ағаштар, көшеттер, газондар бағалау жүйесіне енгізілген және мәліметтері арнайы ақпараттық жүйеге тіркелген. Соның арқасында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері кез келген уақытта жасыл желектің санына, сапасына қатысты мәліметті біліп отырады. Павел Воробьевтің айтуынша, Ресей Федерациясында мердігер мекеме ағаштарды кескен жағдайда заң бойынша оның есесіне қаржы төлеуі керек немесе арнайы бөлінген аумаққа жаңадан көшеттер отырғызады. Дәлірек айтқанда, жаңадан ағаш отырғызу жерасты коммуникациялық желілерге немесе көшенің болашақта жөндеу жобасына зиянын тигізбес үшін арнайы жер телімі бөлінеді.

Бағдарламаның басты мақсаты — жасыл желекті күтіп ұстауға бюджеттен бөлінетін қаражатты үнемді, тиімді жұмсау.

— Ағаштар мен талдарды егуді алдын ала жоспарлау керек. Талдау жасап, жасыл белдеуге енгізілетін өзгерістерді бюджетке алдын ала салуға болады. Мәселен, кейде көпжылдық ағаштар ем-домды, арнайы күтімді қажет етеді. Цифрландыру қаражаттың жұмсалуын және жоспарланған жұмыстың атқарылуын нақты бақылауға мүмкіндік береді, — деді Е.Черняева.

Оның айтуынша, жасыл желекті цифрландыру жүйесінің көмегімен түгендеу жұмыстарына Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің оқушылары мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері жұмылдырылады. Болашақ биологтар, агрономдар, дендрологтардан құрылған жұмыс тобы мәскеулік мамандармен бірге Ақтөбе қаласының жасыл белдеуін құру, күтіп ұстау және қорғау ережесін жасақтайды. Оған өсімдік шаруашылығындағы соңғы ғылыми зерттеулер негізге алынады.

— Бұл жұмыстар шамамен 1,5 жыл уақыт ішінде жүргізіледі. Осы уақыт аралығында қаладағы жасыл желек толығымен цифрлық жүйе бойынша бақылауға алынады.

«Ақтөбе қаласының жасыл қоры» цифрлық ақпараттық ресурсы базасында жаңадан егілетін жасыл желекке қатысты дендрожоспар да жасақталуы керек. Бұл жерде қаланың жасыл желек қорын сақтап қалу мәселесі де өте өзекті. Жобаның жүзеге асырылуы жасыл белдеудің фитосанитарлық қалпын сақтау үшін ғылыми негізге сүйенуге, тал-теректі күтіп ұстауды жетілдіруге мүмкіндік береді, — деді Е.Черняева.

Қоғамдық тыңдауда қоғам белсенділері мен қоғамдық кеңес мүшелері Мәскеуден келген мамандарға өз сауалдарын қойды. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасарына бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями