Құттығай батыр

Дата: 05 ноября 2019 в 10:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Құттығай батыр

Бағзы заманда, ел мүддесі үшін күресіп өткен тарихи тұлғалардың қоғамдағы орнын ауыздан-ауызға көшкен аңыз-әңгімелер негізінде бағамдау — күрделі мәселе. Сол тұрғыдан қарағанда мұрағат деректерінде есімі хатталмаған асыл бабалардың халық үшін атқарған қызметтерін дәлелдеу қиынға соғары қынжылтады. Десек те, ел қариялары таңбалаған шежірелер мен жұрт жадында сақталған мәліметтерге сүйеніп, ұрпақтық парызымызды атқаруға кім кедергі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сай тарих беттеріндегі ақтаңдақтарды қалпына келтіру негізінде Ебескіұлы Құттығай батыр (XVIII ғ.) жайында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өнегелі істерін жария қылудың сәті келгендей.

Әлқисса…

Кете Әлмәмбеттің ауылына жетектеулі 3-4 жасар баласы бар, өзі жүкті Қобыландының қарындасы Қарлығаш келіп, Әлмәмбеттің үйін паналаулы (кейбір деректерде Қолаңшаш, Құланбике деп те келеді, біз Қарлығаш дегенге тоқтадық: «Бір ұл, бір қыз атадан. Қыздың аты – Қарлығаш, Қобыландыға қарындас», — деуші еді ғой Қобыланды жырында) (Қобыланды. құраст. М.Ақдәулетұлы, Р.Аминова. Ақтөбе, 2007, – 7б.). Әлмәмбеттің бәйбішесі Ақборық ер балаға зарығулы болса керек, Қарлығаштың мінезіне, адами қасиеттеріне разы болып, Әлмәмбетке қосулы. Жетегінде келген бала мен ішіндегі нәресте дүние есігін ашқасын, екеуін аяғының (бұтының) астынан өткізіп, «жаңа тудым» деген ырымменен бала қылып алулы. «Жаңатуған» атауы содан шыққан көрінеді. Екеудің бірін – Аман, бірін – Қара атапты көпшілік. Ал Әлмәмбеттің Қарлығаштан көрген ұлы Ебескі (Ибескі) екен.

«Аңыздың анасы — ақиқат» десек, әлқиссасы әуелгідей. Атадан-балаға ұласқан ауызекі әңгімелердің әрлі-берлі кем-кетігі болатыны белгілі. Ол жағын кейін қозғармыз. Хош…

Сонымен, Ебескі — Қара Қыпшақ Қобыландының жиені, Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаштың құрсағынан жаралған Әлмәмбеттің ұлы.

Осы «Ебескіден(Ибескі) Алтай, Құттығай, Жұлдыз үш ата тарайды. Олармен бірге бір қыз Құндыз туған. Ебескіден туған үш ата биліктеріне, елге деген қамқорлықтарына, қол бастайтын ерліктеріне қарай «Үш бөрі» атанған (Т.Дүсіпов, Е.Өтенов, Б.Досниязов. «Қоңыр Кете шежіресі». «Ақжар-АБК» ЖШС, Ақтөбе. 2015. 38 б.).

Турасы: «Ебескінің үш бөрісі».

Бұл расқа саяды. Ел ішіндегі көнекөз қариялардың бұрынғылардан естіген әңгімелерінде Алтай мен Құттығай, Жұлдыздардың ел қорғаған өнегелі ерлік жолдары жиі айтылады. Бір ақсақалдың «Құттығай да, оның баласы Айна да батыр болған» дегенін де құлағымыз шалған.

Болса болар дестік. «Болмаған» деуге шарамыз қайсы. Олардың жанында еріп жүргеніміз жоқ, ерлік істерін көзбен көргеніміз тағы жоқ. Ел ішінен суыртпақтап сөз термегенде қайтейік.

Біздің айтпағымыз Құттығай жайында еді. Халық арасында кең тараған ауыз әдебиетінің материалдары мен шежірелік мәліметтерге сүйенсек Құттығайдың көпке қорған батыр болғандығына көз жеткіземіз.

«Ерлік еңбектері Есет батырға тең келетін, Құттығай батыр үлкен шайқаста ауыр жараланып, қайтыс болған», – дейді бір ақпар (Н.Мәкенов. Ұрпағым мұны білсін деп…).

Т.Үсенов шежірені шұбырта түсіп: «Ебескі батырдан – Алтай батыр, Құттығай батыр, Жұлдыз батыр», — деп таңбалайды. «Батыр» деп көрсетеді. (Қараңыз: Т.Үсенов. «Алаш жұлдызы». Қызылорда: «Тұмар», 2003. 94 б.).

Жазушы Құрал Тоқмырзаұлы Ебескі мен Әжібай жайын баяндай келе: «Ертеңгісін алға екі қосын аттанып кеткен. Оның бірін адай Шотан, екіншісін кете Алтай батыр бастап кеткен. Алтай осы Ибескі ақсақалдың тұңғышы еді. Одан кейінгісі Құттығай да осылардың тобында болатын», – дейді (Әулие Әжібай би немесе дала данышпандары», Қ.Тоқмырзаұлы. Ақтөбе, 1998 ж. 115 б.).

Әжібай би Ресеймен қарым-қатынас жасап, қазақ-орыс сауда-сат­тық жолын реттеуге көп еңбек сіңірсе керек. Және осындай жауапты істер кезінде Арал, Алтай батырларды маңайында ұстағаны байқалады. Мұрағат деректерінде Алтай мен Жұлдыз есімдері көбіне қосарлана жүреді. Құттығай осы екеуінің бауыры екендігін ескерсек, мұның есімі неге қоса аталмайды деген ой кешеміз. Бәлкім, қателестік. Әйтсе де, жау жар астында тұрған заманда «Ебескінің үш бөрісі» біріне-бірі септесіп, қанаттас қозғалып, үзеңгілес жүруі берік қамал іспетті.

Жалпы, Әжібай — Кіші жүз Әлімнен, оның ішінде Ақкете тайпасынан шыққан белгілі би. Інілері Арал, Алтай, Құттығай батырларды маңайында ұстап, ел мүддесі, халқының болашағы үшін арпалысып өткен абыздардың бірі. Әйтеке биден бата алған әйгілі тұлға. Әжібай би туралы мұрағат материалдарында біраз деректер кездеседі.

Ғалым Б.Құрманбеков «Алтай батыр» атты кітабында Ресей мұрағаттарынан алынған деректерді көптеп келтіреді. Соның бірі былайша сайрайды: «1747 жылы 10 мамыр Әжібай би Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке Ресеймен сауда қатынастарын дамыту туралы жазған хаты…

…Ал қазір біз бұрынғыша өзіңізге тілеулес көңілдеміз. Сіз бізге Құттыбай батыр және Қозыбек арқылы біздің халқымыз Орыс елімен сауда қатынасын орнатып, біздің адамдарымызды сауда жасауға жіберуімізді өтінген болатынсыз.

…Сізді күдіктендірмеу үшін осы тұтқынмен Құттыбай мен Қозыбекті аттандырдым», — дейді (Б.Құрманбеков. Алтай батыр. Ақтөбе, 2008 ж. 62 б.).

Осындағы «Құттыбайды» тарихшы ғалымдар «Құттығай» болуы ықтимал деп топшылайды, архивтегі ескірген қолжазбадан қате көшірілуі мүмкін деген ой айтады. Бұл хатта Арал, Алтай батырлар есімдері де аталады. Тарихтан Құттыбай есімді батырлар өткен шығар-ақ, оған дауымыз жоқ. Бірақ, жұртының келешегін ойлаған Әжібай бидің жанында, оның сенімді адамы ретінде Құттығайдың жүруі заңдылық. Себебі, Аққошқардан туған Айдар мен Әлмәмбеттің – біреуі Айдарынан, біреуі Әлмәмбетінен өрген туыс адамдар емес пе еді?

Тарихи деректерге сүйенсек, Ебескіұлы Құттығай XVIII ғасырда өмір сүрген. Ғалымдар Алтай батырдың 1703 жылы дүниеге келгенін растайды (Б.Құрманбеков. Алтай батыр. Ақтөбе, 2008 ж. 10 б.). Алтай батырдың інісі Құттығай да  1710  жылдар төңірегінде туған деп болжам жасауға негіз бар, мүмкін одан да беріде (әлі де нақтылану үстінде).

Құттығайдың кезі тұс-тұстан жау анталаған, шеңгелі қанды дәурен еді де. Өңшең баһадүрлер елі мен жұртын аман сақтап қалудың қам-қарекетін қылып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған кезең болды ғой. Үш жүз үрім-бұтағымен санасына сәуле іздеп сандалып кеткен дәуір еді-ау. Қала берді, хандыққа таласып, қарашаны қойдай бөліп алып, қасқырша қаржасқан шұбар төс сұлтандардың тырнағы батқан сұрқылтай заманың — осы.

Осынау алмағайып тұста, Әлім Әжібай би һәм Беріш Есболай билер бас болып  Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз алқабына көш келтірген, Адай Шотан батыр, Табын Бөкенбай, Тама Есет, Ақ кете Алтай, Құттығай, Жұлдыз, т.б. батырлар қоштап, Әбілқайыр ханның тұсынан табылып, жау болса жауға, дау болса дауға түсулерінің түпкі мақсаты қазақты қазақ қылып аман сақтап, атақонысты қорғап қалу болғаны рас. Осынау баһадүрлер атамекенін жаудан қорғау жолында бүкіл ғұмырын сарп еткен деуге саяды.

Ел аманда ер туары хақ. Алтай, Құттығай, Жұлдыз батырлардың атақонысын дұшпаннан арылтып, жұртына қамқорлық жасағаны анық. Бұл туралы Ресей архивтері мен Алматыдағы орталық ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында деректер кездеседі.

Құттығай бабаның ғұмырбаяны туралы деректер іздестіріп, ел ішіндегі көпті көрген, көзі тірі қарттармен сұхбаттастық. Соның бірі, Құлсары қаласының Ембі ауылындағы 92 жастағы Қапес қарияға арнайы барып тілдескенбіз. «92 деген аз ғұмыр емес. Не көрмедік, шырағым! Халық ашығып қырылды, соны көрдім! Үш соғысты көрдім», – деп зарыға толғанған Қапес қарт Әжібай бидің сегізінші ұрпағы екен. Құлсары маңындағы «Бақашы» қорымында Әжібай би мен Арал батырға арнап мазар тұрғызыпты. Әжібай мен Арал бабаларының осы жерде қалғанын әкесі ескертіпті.

Ақсақалдың айтуынша, Әжібай Қабылға бата береді. Әжібайдың ақ батасын Қабыл Құттығайға табыстайды. Құттығай немересі Мәмбетәліге қалдырады. Мәмбетәлі Аманиязға жүктейді (Аманияздың кім екенін ашып айта алмады). Аманияз жасы ұлғайған уағында «Әжібайдың ақ батасын ұстайтын лайықты адам таппай жүрмін» деп бір жиында көзі түскен жас жігітке «Әжібайдың батасын қалдырғаным болсын» дегендей уыстап ет асатыпты.

Қапес айтқан Қабыл туралы Құрал Тоқмырзаұлы:

«Қабылдың баға-маңызын арттыру ниетімен:

«Әлімге Қабыл атанған,

Әжібайдан бата алған!», — деп ерекшелейтіні тегін емес. Кезінде Әжібай би бата берген кісінің өзі осал болмағанына осы дерек анық дәлел», — деген дәйек қалдырып, нақтылай түседі (Әулие Әжібай би немесе дала данышпандары» Қ.Тоқмырзаұлы. Ақтөбе,1998ж.-55 б.)

Қабыл Әжібайдан соңғы Кетенің белді биі көрінеді. Әжібай бидің ақ батасын Қабыл Құттығайға аманаттаса, Құттығай да Қабылдан кейінгі күллі Кетенің сөзін ұстаған кемеңгер тұлға болғаны да. Әжібайдың батасына ие болу екінің-бірінің талайына бұйырмаған бақ секілді. Аманияздың батаны көтеріп, алып жүрер лайықты адам таппауында да мән бар.

Қалай десек те Әлімнің, Ақкетесінің Әлмәмбетінен өретін Ебескі ұлы Құттығайдың батыр болғандығын һәм Әжібай бидің ақ батасын ұстағандығын бекерге шығара алмаспыз.

Әжібай би мен Арал батырдың мүрделері Атырау облысы Жылой ауданының орталығы Құлсары қаласының маңындағы «Бақашы» қорымында жатқанын ескеріп, Құттығай әулеті де Жылойдың маңын Маңғыстау даласына дейін қыстап, Ойыл, Қиыл, Қобда саласын жайлаған деген тұжырымға келеміз. Тағы бір дәлел: Осы Құлсарының оңтүстік-шығыс бетіндегі «Ұшқан әулие» қауымында да Әлімдер, оның ішінде Ақкете ұрпақтарының жатқаны. Ал Рысқали ақсақал: «Қобда өңіріндегі Әбдібұлақ, Сарыбұлақ» аймағы — Құттығайлардың атақонысы. Әбдібұлақта Құттығайлардың мешіті тұрған. Ол маңда алты хазірет, 2 әулие жатыр», — дейді.

Құттығайдан — Дәуренбек, Құдайберген, Айна, Баяу, Дауыл, Ілікбай, Киікбай есімді жеті ұрпақ өрген дейді шежіре. Кейбір мәлімет көздерінде «Құттығай батырдың Дауыл, Дайыр, Айпай, Баяу, Киікбай, Құлет деген алты баласы болған» деп келтіреді (Алтай батыр. Б.Құрманбеков. Ақтөбе, 2008 ж. 94 б.).

Біз бірінші нұсқаны мақұлдаймыз. Сексеннің сеңгіріндегі Рысқали қария: «Құттығай жеті атаға бөлінеді: Құдайберген, Дәуренбай, Айна, Баяу, Дауыл, Ілікбай, Киікбай. Мен соның Киікбайымын. Киікбайдан Шаған, Жақан, Есіркеміс, Қыстаубай. Жақаннан Жайлау, Теке.Текеден Мәтіғұл. Мәтіғұлдан Таңатар, Жаналы, Ізімхан. Таңатар — қара суды ұйытқан молда. Жаналы мен Ізімхан да мықты молдалар болды. Соңғы екеуін көзім көрді. Екеуінің де үйлері толған кітап, адам емдейтін», – деп, әкесі Қыдырбайдан, аталары Жаналы мен Ізімханнан естіген көптеген аңыз-әңгімелер мен шежірелер шертті. Ілімі мол, діни сауаты зор кісілер ағат айта қоймас деген сеніммен Рысқали қарияның аталарынан түйген сөзіне иланамыз. Өйткені бізге кезіккен Құттығай ұрпақтарының көбі, соның ішінде ататегін түгендеп жүрген, мезгілінде белгілі қызметтер атқарған көкірегі ояу екі-үш ақсақалдан суыртпақтағанымызда, олар да осылайша тарқатты.

Дәуренінде даңқы жер жарып, кейін есімі ескіріп, ұмыт қалған дүрлер қаншама? Халқына қалтқысыз қызмет қылған арқар мүйіз, айыр көмей небір шешендер мен билердің бірауыз сөзі жетпей, жым-жылас жоғалып бара жатқаны да жалған емес. Азаттық жолында аяусыз алысып, келешек үшін керілдесіп, дархан даласын даудан арашалап, жамиғи жұртын жаудан қорғап, бел шешіп көсілмей ат үстінде көз шырымын алып, бес қаруы белінен түспей, қан мен зардың ішінде ғұмыры өткен баһадүр бабалардың абыройлы жолын танып-білудің не сөкеттігі бар.

Сарғайған парақтарды ақтара отырып, талай ел ісінде елшілікте жүрген, қалың қарындастың тыныштығы мен бірлігі жолында дауға да, жауға да кірген небір асыл ерлердің есімдері мен ерлік істері төңірегіндегі жазылған дүниелерге көз жүгірткенде көңіліңіз тасиды да жасиды. Таситыны — бабаларыңның батырлығына, қаһармандығына сүйінеді, жаситыны — сол бабалардың әлі күнге дейін ескерусіз жатқаны ойға оралып, күйінеді.

Осындай, аты аталмай, есімі ескіріп жатқан жанның бірі Құттығай Ебескіұлы деп білген жөн.

Ебескі туралы, «Ебескінің үш бөрісі» атанған Алтай, Құттығай, Жұлдыз төңірегінде, олардың қаһармандық жорықтары жайында ел арасында біршама хикаялар айтылады. Әлде аңыз, әлде шындық. Оны жария қылуды кейінгі күндердің еншісіне қалдырдық. Әр жерден тергеніміз бен көргенімізді, оқығанымызды түсірдік қағаз бетіне. Кем-кетігі жоқ деп айта алмаймыз, әрине. Мақсат, Құттығай сияқты батырлардың қазақтың ұлт болып қалыптасуы жолында еткен ерлік істерін, есімін кейінгіге насихаттап, ұрпаққа өнеге ретінде көрсету ғана.

Келесі бір сөзіміз, Құттығай батырдың ғұмыр кешкен заманы, оның ерлік істері мен ұрпақтары хақында болмақ.

Есен ӘЗИ,

философия магистрі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями