Қазақстандық жастардың басты 3 проблемасы аталды

Дата: 04 ноября 2019 в 11:43


Қазақстандық жастардың басты 3 проблемасы аталды

Қазақстандық жастардың басты 3 проблемасы — жұмыссыздық, баспана және суицид. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар жылында атқарылған шаралар туралы айтылған Үкімет отырысы барысында мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министр бірінші кезекте жастар жұмыссыздығының деңгейін төмендетіп, онымен күресу керектігін айтады.

«Басты проблемалардың бірі — жұмыссыздық. 2019 жылдың II тоқсанында Қазақстанда жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,7 пайыз болды. Жұмыспен қамтылған жастар арасында бұл 2 миллионнан аса адам деген сөз. Олардың 77 пайызы — жалдамалы қызметкерлер: 388 000 қазақстандық — сауда саласында, 253 000 адам ауыл шаруашылығында, 239 000 қазақстандық білім саласында, 218 000 адам өнеркәсіп саласында. Ал қалғандары өзін-өзі қамтығандар. Бұл аса жақсы көрсеткіш емес. Сондықтан бұл проблемаларды шешу үшін «Жас кәсіпкер» мен «Жас маман» бағдарламаларынан бөлек, басқа да қолжетімді бағдарламалар жүзеге асырылады», — дейді Абаев.

Қазақстандық жастардың екінші проблемасы деп министр баспана мәселесін атады.

«Қазіргі уақытта баспананы қолжетімді ету мақсатында көптеген жоба бар. Ендігі жылы жастарға 9 мың пәтер береміз деп отырмыз. Бірақ мұны жастар баспаналы болу үшін міндетті түрде Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент қалаларына көшуі керек деген сөз емес, бұл пәтерлерді алу шарттарының бірі — жастар соңғы екі жыл сол қалада тұрақты тұруы тиіс.

Жастарға арналған жалға берілетін пәтерлерді 2022 жылдан бастап басқа қалаларда да салу мәселесі қарастырылатынын айтамыз. Әрине, сіздер қолдасаңыздар», — деді Абаев Үкімет отырысы барысында.

Сондай-ақ, ол жастар арасында суицидтің азаймай жатқанын айтып өтті. Министрдің айтуынша, былтырдың өзінде уәкілетті өкілдер жастар арасында 27 суицидтің алдын алған.

Поделитесь новостью с друзьями