Ерекше із қалдырған тұлға

Дата: 02 ноября 2019 в 13:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ерекше із қалдырған тұлға

А.Досжанова атындағы конференц холда мемлекет және  қоғам қайраткері Марат Оспановтың 70 жылдығына арналған «Егемен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Марат Оспановтың рөлі» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік, мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Құралай Қарекен және М.Оспанов атындағы қоғамдық қордың президенті, қайраткердің зайыбы  Бақыт Оспанова, ұлы Арсен Оспанов,  М.Оспанов атындағы қоғамдық қордың қамқорлық кеңесінің төрағасы, генерал Рүстем Қайдаров қатысты.

Жиында университет ректоры Мұрат Телеуов 2000 жылы оқу орнына қайраткердің есімі берілгенін, әрбір студент оның еңбек жолын жақсы білетінін айтып, білім ордасының  жетістіктерін баяндады.  ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік, мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова Марат Оспановтың еліміздің кәсіби парламентаризмінің негізін қалаушылардың бірі екенін айтып, Парламент Мәжілісінің атынан ілтипатын білдірді.

— Әрбір халықтың, елдің тарихында абыройлы істерімен із қалдырған, қоғамның дамуына  пәрменді үлес қосқан азаматтар болады. Сондай тұлғалардың бірі — Марат Тұрдыбекұлы. Осыдан бір ай бұрын, 17 қыркүйекте Парламент Мәжілісінде қайраткердің туған күніне орай іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның өмір жолы мен қызметін бейнелейтін фотокөрмелер өтті. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин Марат Оспановтың ел Парламентінің негізін қалаушылардың бірі екенін,  демократияны қалыптастыруға  зор үлес қосқанын, Қазақстанның шынайы патриоты, ел игілігіне адал еңбек еткен нағыз еңбекші екенін атап өтті.  

Марат Оспанов — Елбасының сенімді серіктерінің бірі болған саяси тұлға.

Егемендікке жол ашқан ең алғашқы Тәуелсіздік декларациясынан басталатын маңызды құжаттардың  бәрін әзірлеуге қатысты. Елдің мұң-мұқтажын қорғауға бағытталған заңдарды әзірлеуде барлық білімі мен күш-жігерін жұмсай білді, — деді.

Облыс  әкімі Оңдасын Оразалин  тарихи тұлғаның  ел дамуына  қосқан үлесін ерекше атап өтті.
— Тәуелсіз Қазақстан тарихында елдің  өсіп-өркендеуіне, егемен мемлекет ретінде аяғынан тік тұруына зор үлес қосқан жандар аз емес. Тағдырдың жазуымен солардың біразы біздің ортамызда жоқ. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, артында  өшпес  із қалдырған азаматтардың бірі —  ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановтың орны айрықша. Біз оны республиканың Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, бірінші шақырылымындағы Парламент Мәжілісінің төрағасы ретінде ел дамуына үлес қосқан зор тұлға деп танимыз, — деді  облыс әкімі.
Қайраткердің зайыбы  Бақыт Оспанова жұбайының жарқын бейнесін еске алды.

— Марат тірі болғанда биыл 17 қыркүйекте 70 жасқа толар еді. Бірақ тағдыр оны 50 жасында арамыздан  алып кетті. Қаңтарда Мәкеңнің өмірден өткеніне 20 жыл болады екен. Осы уақыттарда  оның кіндік қаны тамған туған жері — Ақтөбе, оның ішінде медициналық университет ескерусіз қалдырған емес. Түрлі шаралар өтіп жатады,— деген Бақыт Оспанова университет ұжымына, өзіне сабақ берген оқытушыларына ыстық ықыласын білдірді. Жұбайымен қалай танысқанын, бірге өмір сүрген 25 жыл ішінде оның жақсы жар, аяулы әке және елінің патриоты бола білген адам екенін еске алды. Сондай-ақ  облыс  әкімі мен қонақтарға  академиктің өмірі мен еңбегі баяндалған «Мен сенемін» атты кітапты сыйға тартты. Университеттің бірқатар оқытушыларын Алғыс хатпен марапаттады. Қайраткер туралы бейнефильм көрсетілді.

Жиынның соңы пленарлық кеңеске ұласты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями