Ерназар-Бекет туралы не білеміз?

Дата: 31 октября 2019 в 10:32


Ерназар-Бекет туралы не білеміз?

Облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының қазақ труппасы өзінің 29 — маусымын «Ерназар-Бекет» спектаклінің премьерасымен бастады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл шығармашылық жұмыстың мәні зор еді.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың 1939 жылы жазған «Бекет» пьесасының желісімен дүниеге келген «Ерназар-Бекет» туындысы араға сексен жылдай уақыт салып театр сахнасына қайта оралып отыр. Бұл — қазақ елі үшін, оның ішінде Ақтөбе өңірінің мәдениетіндегі үлкен, қуанышты жаңалық.

Қойылым режиссері Фархадбек Қанафин Шахмет Хұсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында режиссер болып еңбек етеді. «Ерназар-Бекет» спектаклінің қойылуына біз айтқан «Бекет» пьесасы мен екі батырға арналған жырлар негіз болды. «Бекет батыр» тарихи жыры кезінде Қазақстанның түкпір-түкпіріне кең тараған. 1960 жылы Алматыдан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітапта «Жанқожа көтерілісімен бір мезгілде басталып, соның артын ала аяқталған Кіші жүз қазағының отаршылдық қысымға қарсы күресін көрсеткен ұзақ жырдың бірі –«Ерназар-Бекет». Бұл жыр Арал, Ақтөбе, Қазалы төңірегінде және қарақалпақтар арасында көп таралып айтылған.  Жырда патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы 1847-1858 жылдарындағы  ұлт-азаттық қозғалыстың даңқты батырлары — Бекет Серкебайұлы мен Ерназар Кенжалыұлының ерліктері баяндалады» деп жазылған.

Бұл игі іс-шараға облыстық мәдениет басқармасы бастамашы болып, Т. Ахтанов атындағы драма театры ұжымы екі ай үздіксіз дайындықтан соң көрермендер назарына аталған қойылымды ұсынды.

Спектаклдің алғашқы үш күн болған премьерасын ел жақсы қарсы алды, көрермендер қойылымды зор ықылас-ниетпен тамашалады. Театр сахнасындағы рольдерді сомдап ойнаған актерлердің шеберлігі, шынайы ойыны көрермендерді тәнті етті.

Айта кету керек, ұлы классик Мұхтар Әуезовтың өлмес мұраларының бірі, — «Бекет» пьесасы  Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған заманда жазылған дүние еді. Режиссер Фархадбек Қанафин үлкен жауапкершілікті мойнына алып, театр ұжымымен бірлесе еңбектеніп, сахнаға «Бекет» пьесасының желісімен заман талабына сай сәтті, көркемдігі биік, көрермен көңілінен шығатын жақсы, жарасымды қойылымды ұсынды. Ол өзінің кәсіби деңгейі жоғары, талантты өнер иесі екендігін білдірді. Көрермендер сахнадағы актерлердің ойынына, режиссердің мәні мен сәні жарасқан қойылымына  риза болып, жақсы әсер алып, бір жасап қалды, бұл да бір ғанибет.

Әрине, бұл спектаклді әлі көре қоймаған жұртшылық та жеткілікті. Сондықтан да қойылым кейіпкерлері — Ерназар, Бекет батырлар туралы ел біле берсін деп оқырман назарына олар жайлы аздап болса да қолда бар деректерді ұсынғанды жөн көрдім.

Есет Көтібарұлы басшылық еткен патшалық Ресейге қарсы 1838-1858 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс туралы сөз қозғалған жерде зор құрметпен ауызға алынатын тұлғалар — Бекет Серкебайұлы мен Ерназар Кенжалыұлы. Жастайынан сан қырлы қасиетімен жарқырап көзге түскен Бекет қозғалыс кезінде де белсенділігімен ерекшеленеді. «Ақтөбе» энциклопедиясында төмендегідей мәлімет берілген: «Бекет батыр Серкебайұлы жас кезінен алғыр, қайратты әрі шешен, өте сымбатты болған. Халық оны «Паң Бекет», «Сал Бекет», «Сал мойын Бекет» деп атап кеткен. Бекет шөбере інісі Ерназармен бірге өскен, батырлық жолдары түрікпендермен шайқастан басталады. Олар түрікпеннің Аллақұл батырын байлап-матап әскерлер қосына әкелген. Сонда Бекет 17 жаста, Ерназар 15 жаста екен, олар осы кезден батыр атанған. 1847-1858 жылдары патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қатынасып, әскери тактикалық қимылдарға басшылық етті. Бекет батыр Есет батыр бастаған көтерілісшілерге қарсы шыққан Кіші жүз Орта бөлігінің аға сұлтаны Арыстан Жантөриннің тоқтаған жерінде1855 жылдың 7 шілдесінде таңсәріде шабуыл жасап, оның қазақтардан, башқұрттардан тұратын 500 әскерін талқандауға қатынасты. Сол жылы көтерілісшілер Орал казактарының отрядымен де шайқасты. Орынбор шекара комиссиясы Есетті келісім  жасауға шақырады. Есет 1856 жылдың ортасында інісі Бекетті, тумалары Көтік Көрпебевты, Жәнібек Ақпановты, Байжарық Кемаловты, Тілеу руының старшинасы Құлекеновты, баласы Назарды, т.б. жібереді. Шекара комиссиясының төрағасы В.В.Григорьев «Посланных Есетом сына Назара, Пан-Бекета с напроважатыми сегодня арестоват…» деп жарлық береді.

Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісінің белсенді ұйымдастырушыларының бірі — Ерназар Кенжалыұлы. «Ақтөбе» энциклопедиясында ол туралы «Кіші жүз батыры Бекет батырмен шөбере, өжет, қайратты адам болған. Ол 1840 жылы түрікпендермен шайқаста олардың белгілі бір батырын Бекет екеуі қолға түсіріп, ат құйрығына байлап алып келеді. Содан бастап халық оны Ерназар батыр деп атап кеткен. 1841 жылы Есет батыр бастаған шектілер жасағының құрамында патшалық Ресейдің Ақбұлақтағы әскери бекінісін, Ембі әскери қарауылдығын талқандауға қатынасқан.

Есет Көтібарұлы қозғалысына белсене қатынасып, 1855 жылы патшалық Ресейдің қолшоқпары сұлтан Жантөринді өлтірушілердің бірі болған. Бекет батыр екеуін Орынбордағы патша әкімшілігі қолға түсіреді.

Қазақ елін зерттеушілердің бірі И.В.Аничков бір еңбегінде «Ерназар және Бекет сұлтан — правитель Арыстанды өлтіруге қатысқаны үшін 12 ай бойы Орынбор түрмесінде отырып, Сібірге айдалды», — деп көрсетеді. Содан хабарсыз кетеді. Бірақ халық ел үшін ерен ерлік қылған өз батырларының есімін ұмытпай, мәңгілікке таңбалау үшін атақты «Бекет», «Ерназар-Бекет» жырларын шығарды. Жырда Бекеттің Арыстан сұлтанды өлтіру себебі, содан соң Сібірге айдалуы, артынан оған анасының іздеп баруы, әйелінің көмегімен түрмеден қашып шығуы баяндалады. Жырдың идеялық, көркемдік дәрежесі әр түрлі бірнеше нұсқасы бар…

Жыр Бекеттің өз аузынан айтылады. Бекеттің қандай роль атқарғандығын «Бекет батыр» жырындағы өзінің мына монологынан байқауға  болады:

Төрт жүз қолды алдымен,

Іркілмей барып мен бұздым.

Арыстан жатқан орданы,

Дауылдатып жатқан қорданы,

Тайсалмай барып енгенмін.

Арыстан мінген Көкқасқа

Астынан алып мінгенмін.

Жібек баулы құлпы тон

Үстінен алып кигенмін,

Бүгін өліп кетсем де

Арманым жоқ аллаға…

Өлтірген неше төрені

Сал мойын Бекет дегенмін…

Осы оқиғадан кейін патша үкіметі көтерілісті басуға, оны ұйымдастырушыларды ұстауға бар күшін салды.

Шекаралық комиссия төрағасы В. Григорьевтың 1856 жылы 20 қыркүйекте Орынбор генерал-губернаторына берген рапортында «Осы жылы 26 тамызда Ерназар Кенжалиннің ауылын шауып, 350 жылқы, 200 түйе, 500 қой, 40 ірі қара, 11 қарақшы отбасымен айдап алынды. Оның ішінде Кенжалин де бар. Отрядқа қарсылық жасаған 8 адам өлтірілді», — деп көрсетеді.

Орынбор түрмесінде жылға жуық отырғаннан кейін Ерназар мен Бекет, оларға қоса он алты адам Ресей отаршылдығына қарсы бағытталған көтеріліске белсене қатысқаны, патша үкіметінің шенеунігі Арыстан төрені өлтіруге қатысқаны үшін Орынбор әкімшілігінің жанындағы әскери соттың шешімімен Сібірге мәңгілік каторгаға айдалады, содан елге оралмайды.

Жырды алғаш рет орыс зерттеушісі И.В.Аничков 1896 жылы Қазалыда халық аузынан жинақтап, Қазан университетінде баспаға басқызып, «Ерназар және Бекет батырлар жыры» деген кітап шығарған. Этнограф-ғалым башқұрт Әбубәкір Диваев ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарында Шекті еліне келіп «Бекет жырын» ел аузынан жинақтап алады да, өзінің «Тарту» атты кітабына жариялайды.

Ел тәуелсіздігі үшін күресіп, Сібірге айдалып, қыршын кеткен  батырларға арналған «Ерназар-Бекет»,  «Бекет батыр» жырын жыр алыбы Жамбыл Жабаев, Кердері Әубәкір, Сарышолақ Боранбайұлы, Нұрпейіс Байғанин, т.б. жыраулар кеңінен таратып, батырлықты паш еткен. (Ұлттық Ғылым академиясында осы батырлар туралы жырдың  7 нұсқасы сақталған.

Белгілі күйші Қазанғап Тілепбергенұлы Ерназар, Бекет батырларға арнап «Қос қыран», «Шырылдатпа», «Жіберсейші», «Ерназардың, Бекеттің зары», «Бекеттің жыр күйі» сияқты бірнеше күйлер шығарған. Бұл туралы күйші Cәдуақас Балмағанбетовтің «Саз зергері Қазанғап», жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбектерінде баяндалады.

1922 жылы Анненкова — Бернар «Бекет» пьесасын сол кездегі астанамыз Орынбордағы театрда қойған, осы спектаклде ол  Бекеттің анасының ролін сомдаған.

Мұхтар Әуезов осы жыр негізінде төрт актілі, бес суретті, музыкалық «Бекет» пьесасын жазған,  опера алғаш рет «Әдебиет және искусство» журналының 1939 жылғы №2 санында жарияланған. Пьеса ақ өлеңмен жазылған. 1940 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында қойылды. Режиссері — Қанабек Байсейітов, бишілер ролін ойнағандар ішінде Шара Жандарбекова бар.

Ә.Диваев 1922 жылы «Бекет батыр» жырын Ташкентте кітап етіп шығарды. Осы еңбек туралы Н.Төреқұловтың редакторлығымен Мәскеуден шығатын «Темірқазық» журналының 1923 жылғы №1 санында Әлихан Бөкейхановтың қысқаша пікірі жарияланады.

«Бекет батыр» жыры Қазақ ғылыми комиссиясында көркем суретті алғашқы киноның сценарийі болып 1922 жылы рұқсат етілді.«Бекет батыр» — ұлттық ізашар көркем фильмнің киносценарийі, көлемі 7 беттік 86 бапқа бөлінген (Ә.Диваев, Х.Досмұхамедов).

«Бекет батыр» дастаны туралы 1940 жылдары жазушылар М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ. Жұмалиев пікір жазып қалдырған.

Қ.Жұмалиев орта мектептің 8-сыныбына арналған оқулығында «Бекет батыр» жырының оқу бағдарламасына еніп, оқыла бастағанын айтады («Қазақ эпосы мен әдебиет  тарихының мәселелері», 1 том, 1958 жыл).

Қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов те өзінің «Әдебиет тарихы» деген еңбегінде «Қалың қазақтың наразылығын қолына ту қылып ұстап, көштің жоқшысы болған ел қаhармандары қазақ даласының қай бұрышынан болса да шығып бой көрсетті. Осы қалыпта болған көтерілістің басы Кіші жүздегі Сырым батырдың қозғалысы. Онан соң Исатай, Махамбет қозғалысы. Осымен заманы бір болған оқиға Орта жүзден шыққан Кенесары, Наурызбай қозғалысы. Бұлардан соң тарих пен әдебиетте орын алған көтеріліс — Есет пен Бекеттің көтерілісі», — деп көрсетті.

Ал, халқымыздың аяулы ұлдарының бірі Халел Досмұхамедұлы XVIII-XIX ғасырлардағы патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы жүргізілген халық-азаттық қозғалысын төрт кезеңге бөліп, оның үшіншісіне 1850-1860 жылдардағы Әлімұлы Шекті руынан шыққан Нұрмұханбетұлы Жанқожа мен Көтібарұлы Есеттің көтерілісін жатқызады. «Есет сұлтан-правитель болған Арыстанды өлтіреді. Есеттің інісі Бекет ұсталады», — деп көрсеткен («Аламан», Алматы, 1992ж.).

Ерназар Кенжалыұлы мен Бекет Серкебайұлы туралы «Қазақ Совет энциклопедиясында» (Алматы, 1999 жыл, 2-том), «Қазақ тарихи жырларының мәселесі» кітабында (Алматы, 1979 жыл), ғалым З. Байдосовтың «Азаттықтың сұңқары», Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында»,  Т.Төлепбергенидің «Аянбай жаумен алысқан»,  Т.Төрехановтың «Қанмен жазылған тағдырлар», «Дала геркулесі» кітаптарында кеңінен баяндалған.

2012 жылы Бекет батыр Серкебайұлы мен Ерназар батыр Кенжалыұлы атына Шалқар қаласынан көшелер беріліп, ескерткіш-белгі қойылды, ғылыми конференция өткізілді.

Т.Ахтанов атындағы драма театры ұжымының жаңа маусымды «Ерназар-Бекет» спектаклімен сахналауы — М.Әуезовтың «Бекет» пьесасын жаңғыртуы іспетті әсер сыйлады.

«Ерназар-Бекет» пьесасы өскелең жас ұрпаққа рух беріп, отансүйгіштікке баулитын өнер туындысы екенін сезіндік. Демек, бұл қойылымды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бір тағылымды еңбек деп қабылдағанымыз жөн.

Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН,

өлкетанушы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями