Біліммен озған әулет

Дата: 31 октября 2019 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Біліммен озған әулет

Ұшқан ұя

Ермектің ата-анасы құйттай кезінде-ақ: «Оқы, оқысаң адам боласың» деп ұдайы құлағына құйып отыратын. Өйткені ол кісілер сол кездің өзінде өздерінің білімдері аз болса да, біліміне сенген адамдардың түбінде өз мақсатына жететінін білетін-ді. Мұны талай-талай тағдырды бастан кеше жүріп, өмірден түйген-ді. Әкесі  Сәлімгерей Иманчиев киелі Құбасай-Қуырдақты саласының бойындағы Қызылқорған елді мекенінде дүниеге келген. Бірақ әке-шешеден ерте айырылып, Атырау өңірінде тұратын нағашыларының тәрбиесінде болған. Кейін мұнайшылық кәсіпті таңдауына да солардың себебі тигені анық. Әйтсе де қазақта «Ер — туған жеріне» деген мақал бар. Мұның мәнісі — нағыз азаматтың туған жерін аңсайтынына байланысты айтылса керек. Сәлімгерей аға да нағашылары енші беріп, отау етіп шығарғаннан кейін, орта жасқа келгенде, өзінің баяғы туған жеріне оралды. Еңбек Қызыл Ту орденді «Жетікөл» кеңшарында есепші-жобалаушы, қосалқы бөлшектер қоймасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Оның сыртында, кеңшардың машина-трактор шеберханасы партия ұйымының хатшысы, халықтық бақылау ұйымының кеңесшісі сынды қоғамдық жұмыстар атқарды.

— Марқұм әкеміздің аулымыз бүгінге дейін еске алып отыратын тағы бір хоббиі болды. Қаймағы бұзылмаған қазақы өңір Атыраудан келгесін болар, бас көтерер ағалары балаларын үйлендіргенде ұдайы құдалыққа жұмсайтын. Сол ретпен, ауылда сол жылдарда отау құрған жас жұбайларға құдалыққа барып, олардың мерейлі отбасы болуына мұрындық болып жүрді. Әкем бақытты отбасы болуына себепші болған бұл жұптар қазіргі күні өздері де үлкен әулеттің иесіне айналып, немере-шөбере сүйіп отыр, — дейді Ермек.

Біздің кейіпкеріміз анасын да үлгі етіп айтады. Атырау өңірінде дүниеге келген анасы Сағи Қорғанбаеваның ерекше тәрбиелі, зиялы болып өсетін реті бар екен. Әкесі Қабдеш кеңес заманының өзінде дін жолын ұстанған. Нағашы жұртына жақын болып, жиі барып тұрған жиені Қабдеш ақсақалдың жас жүрегіне имандылық нұрын ерте сепкенін бүгінде алғыспен еске алады. Нағашысының  Доссор, Мақат кенішінде қызмет істейтін ұрпақтарына ықыласпен қарайды.

Жалғасқан жол

Ұшқан ұялары, отбасы осындай болған Ермек Сәлімгерейұлы 1966 жылы Ойыл орта мектебін бітіргесін негізгі арманы оқу, мамандық алу болса да, сол кездегі заманның талабымен туған ауылына келіп, ауыл шаруашылығында 2 жыл еңбек етті.

Өндірістің дәмін татып, шыңдалып, 1968 жылы Гурьевтің мемлекеттік  педагогикалық институтына оқуға түсіп, орыс тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша диплом алып шықты. Дипломмен туған ауылына оралып, бір кезде білім алған Қараой орта мектебіне мамандығы бойынша мұғалім болып орналасты. Содан 38 жыл бойы табан аудармай бір мектепте жас ұрпаққа терең тәрбие мен білім берді.

— Әлі де жұмысты жалғастыра беретін едім. Ауылымнан қоныс аударғым жоқ-ты. Балаларым жұмыс бабына, оқуларына байланысты Ақтөбеге көшті. Немерелерім де жоғары оқу орындарында оқыды. Сосын амалсыздан қозғалдым, балаларымның жағдайын, ыңғайлы болуын ойладым, — дейді қызмет істеген мектебін, ортасын, туған жерін, ауылын қимайтынын анық сездіріп ұстаз.

Қимайтын орны да бар, зайыбы Алтынзермен екеуі сонша жыл қол ұстасып бір мектепте отбасылы ұстаз болып, бірге шәкірт тәрбиеледі. Осы жылдарда ресми орындардан алған абыройы, атақ-дәреже, ел-халықтан алған алғыс өз алдына бір әңгіме. Тек түзде ғана емес, үйде, отбасында да бақытқа кенелді. Бес  ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Өзінің ата-анасы, сөзіміздің басында айтқанымыздай, оқысаң адам боласың деп миына күнде құйып отырса, жары Алтынзердің  ұшқан ұясы да қайнар білімнің ұясы сияқты еді. Әкесі Қайыржан Мұхтаров осы өңірдің білім ошағының негізін қалаған, халық ағарту саласының аудан, облысқа мәлім ардагері болатын-ды. Ол шаңырақта тәрбиеленген қай бала да оқуға зейінді келетінін біздің ел жақсы білетін.

«Екі енені тел емген» дегендей, осындай  екі отбасының үлгісін көріп өскен Ермек пен Алтынзердің бес баласы мектепте де, жоғары оқу орындарында да ерекше оқыды. Бір сүйсінерлігі, әке-шеше жолын қуып, бәрі дерлік ұстаздық мамандықты қалады. Алайда олар мектепте емес, жоғары оқу орындарында ұстаздық етеді. Олардың әрқайсысының білімге, ғылымға құштарлығы мен табандылығы жеке-жеке тартып айтуға тұрарлық, кейінгі жастарға жақсы өнеге.

Өмірден әлдеқашан өткен атасы мен әжесінің тәрбиесін көрген үлкен ұл Кенжебек  Ермекұлы Иманчиев  қазір Қ.Жұбанов университетінің биология пәні бойынша магистратурасын аяқтап, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Оның зайыбы Күнтөре — орта мектепте бастауыш сыныптар пәнінің мұғалімі. Кенжебек пен Күнтөренің балалары Аида «Тарлан» колледжінде актер мамандығы бойынша дәріс алуда, оқу озаты, Бекасыл №51 гимназия-мектебінде 3-сыныпта үздік оқиды.

Ермектің ортаншы ұлы Асқарбек Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы физика-математика мектеп-интернатында білім алып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің математика факультетін бітіріп, 2010 жылы  Алматы қаласында аспирантураны аяқтады. Бүгінде өзі білім алған

Қ.Жұбанов атындағы университеттің математика кафедрасында доцент, шәкірттерге дәріс береді. Ал оның зайыбы Гүлнаш Қибашқызы магистратураны аяқтап, Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясының докторантурасының екінші курсында оқиды. Осы жас отбасының қызы Айжан Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қызыл дипломмен аяқтап, қазір Алматы қаласында магистратураның бірінші курсында оқиды. Санжар есімді ұл Назарбаев интелектуалды мектебінің 12-сыныбында оқиды.

Біз әңгімелеп отырған әулеттің кенже ұлы Жандарбек Алматы қаласындағы Абай атындағы университеттің педагогика-психология бағытында докторантурасын аяқтады. Бұл күнде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде педагогика кафедрасында деканның орынбасары. Оның келіншегі Нұргүл Нығметқызы Алматы қаласындағы бір университеттің физика-кибернетика мамандығы бойынша докторантурасын аяқтады. Қазір ол да Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университетінде «Магистратура және докторантура» бөлімінің директоры, доцент. Қызы Жанерке №51

мектеп-гимназияның 6-сыныбында оқиды, оқу озаты, республикалық олимпиданың жүлдегері. «Судың құрамы және адам ағзасына пайдасы» деген тақырыпта ғылыми жұмыс қорғады.

Ұлдары Жанасыл 51мектеп-гимназияның төртінші сыныбының оқушысы, ол да оқу озаты.

«Байлығым — балаларым»

Бақытты отбасы Ермек пен Алтынзер ұлдарымен бірге, қыздарын да мақтан тұтады. Үлкен қызы Гүлзира Ақтөбенің медициналық колледжін бітірді. Одан соң сырттай оқып, университетте жоғары білім алды. Екі мамандықтың иесі. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында тұратын Гүлзира медбике болып қызмет атқаруда. Есесіне жолдасы Сүйіндік Нұғманов орта мектепте ұстаз. Ұлдары орта мектепті аяқтап, университеттің газ және мұнай факультетінде оқып жүр.

«Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғы доңғалағы да солай жүреді» деген, қарап отырсаңыз, бұл үйдің ұл-қызы түгел оқу қуған, ғылым жолында. Ең кіші қызы Гүлжанат та Ақтөбе университетінің магистратурасын тәмамдаған, университетте ғылыми қызметкер. Оның жолдасы Ысқақ — банк қызметкері, отбасында Әли есімді кішкентай ұл өсіп келеді.

— Бұл күнде зайыбы Алтынзер екеуміз немерелерімізді бағып, тәрбиелеп, ұзақ жылғы еңбектің зейнетін көріп отырған жайымыз бар. Қатарларым біздің отбасының барлық балаларының білім, ғылым қуғанына таңғалады. Бір әулеттен сонша ғалым шыққанын айтып, «Байлығың балаларың екен» дейді. Ол рас.  Солар оқысын деп, аянғаным жоқ, қиын кезде соңғы зейнетақыма дейін  салдым. Соған ризалықтары шығар, өздері ұйғарып, балаларым менің таяуда 70 жас мерейтойымды атап өтпекші болып отыр. Бұған қалай қуанбайсың! Және бұл жасқа мен Қуат, Оралбай, Өмірәлі, Шарифолла, Серікқали, Бекболат, Амангелді, Шығырбай, Қосай, Жалғас сынды бірге ойнап өскен жора-жолдастарыммен бірге толып отырмын. Мерейтойға құрдастарыңмен бірге жеткен қандай жарасымды! —дейді ардагер ұстаз, бақытты отбасының көшбасшысы Ермек Иманчиев.

Иманчиевтер отбасының біз әңгімелеген көпке үлгілі жақтары туралы Ақтөбе телеарналары да кезінде хабар таратқан болатын. «Бақытты отбасы»  байқауының жүлдегері болғаны да есімізде. Дегенмен осындай отбасы басшысының мерейтойы алдында  соларды тағы бір қайталап қойғанның артықтығы жоқ сияқты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Поделитесь новостью с друзьями