Архив қоры Орынбордан әкелінген құжаттармен толығады

Дата: 17 октября 2019 в 13:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Архив қоры Орынбордан әкелінген құжаттармен толығады

Ең алдымен тарихыңды тану, тарихи сананы қалыптастыру арқылы ғана ұлттық сана қалыптаспақ. Жазба ескерткіштерде, деректер мен құжаттарда қалған ата-бабалардың ерлік істеріне, ізгілікті, елдікті қорғау жолындағы ұшан-теңіз еңбегіне, яғни өз тарихыңа деген мақтаныш ұлттық рухты көтеруге жол ашады.

1995 жылы қабылданған «Тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы», 1998 жылдың Қазақстан халқының бірлігі мен ұлттық тарих жылы болып жариялануы, 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» және 2013 жылғы «Халық тарих толқынында» бағдарламалары елімізде о бастан-ақ қазақтың тарихын зерттеуге бағытталған жұмыстарды жандандыру мақсаты алға қойылғанын көрсетеді. Мысалы, «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ТМД елдерінің, Германия, Қытай, Түркия мемлекеттерінің архивтерінен мыңдаған құжаттар мен деректердің көшірмелері әкелінді.

2017 жылы қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы осы істерге тың серпін беру көзделді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған бағдарламаның жалғасы болып табылатын бірнеше ірі жобалар нақты көрсетілді. Солардың бірі — «Архив-2025» жобасы. Осы жоба аясында облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері Ресейдің көршілес Орынбор қаласында болып, тарихымызға қатысты 70-тен астам істің көшірмесін алып келді.

Бұл сапардың анық-қанығын біз облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебайдан білдік:

 — Орынбор сапарының мақсаты, нәтижелері қандай?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылғанын айта келіп, «Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр», — деп атап өткен еді.

Мақалада «Архив-2025» жобасына баса мән беріліп, оны жүзеге асыру барысында тарихшылар мен деректанушылардан құрылған топтардың отандық және шетелдік архивтерде іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуі  керектігі айтылған. Орынбор облыстық архивіне ғылыми экспедиция осы жоба аясында ұйымдастырылды.

Орынбор облыстық мемлекеттік архиві — біздің тарихымызға қатысты құнды деректерге толы ірі архивтердің бірі. Бұл архив пен біздің мекеме арасында өзара ынтымақтастық қатынастар жолға қойылған, түрлі халықаралық форумдар, мәдени шаралар кезінде ол жақтағы әріптестерімізбен бірлесе жұмыс істеп, бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Осы сапар барысында да орынборлық әріптестеріміз бізді өте жылы қабылдады.

Орынбор облыстық мемлекеттік архивіндегі зерттеу жұмыстары бір аптаға созылды. Біздің архивтің ғылыми қызметкері Нұрлан Есетов екеуміз осы уақыт ішінде 100-ден астам істі қарап, олардың арасындағы халқымыздың, соның ішінде біздің өлкенің тарихына қатысы бар 70-тен астам істің көшірмелерін алып келдік. Сөйтіп, 95 жылдық тарихында біздің архивіміздің қоры бірінші рет шетелдік архивтен әкелінген құнды деректермен толыққалы отыр.

Бұл деректер архив қорына қабылданғаннан кейін, жергілікті зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылмақ. Яғни олар енді қажетті деректерді алыстан іздемей, Ақтөбеден де таба алатын болады. Сапардың түпкі мақсаты да осы —тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар үшін көне деректердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

— Әкелінген құжаттар архив қорына қашан енгізілмек?

— Бұл — мамандардан құралған сараптамалық комиссия шешетін мәселе. Барлық құжаттар алдымен зерттеліп, сараптамадан өткізіледі, содан соң ғана архив қорына қабылданады. Бұған, шамамен, бір жылдай уақыт кетеді. Содан кейін бұл құжаттарды әрі қарай ғылыми айналымға енгізу үшін зерттеушілерге ұсына аламыз.

Айта кетейін, бұл құжаттардың барлығын бірдей бұрын ғалымдардың қолына түспеген тың деректер дей алмаймыз, олардың бір бөлігі қазақ тарихын зерттеу мақсатында Орынбор архивіне барған тарихшылар бұған дейін де көрген, өз еңбектерінде пайдаланған, яғни ғылыми айналымда бар дүниелер. Дегенмен, зерттеушілердің жаңа буыны үшін ол деректердің шекараның арғы жағынан емес, өз елімізден табылуы әлдеқайда тиімді екені сөзсіз.

— Орынбор архивінен әкелінген құжаттардың қандай салаларды қамтитыны, хронологиялық шеңбері, қандай тарихи тұлғаларға қатысы бары жөнінде әңгімелесеңіз?

— Бұл құжаттарда, негізінен, ХVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың басы аралығына, яғни тарихымыздың өте маңызды кезеңдеріне қатысты деректер сақталған. Қазақ билеушілерінің — хандар мен сұлтандардың мөрлері басылған хаттар сол тұстағы қолданыстағы әліпбиге сай, араб қарпімен жазылған. Көне құжаттардан Әбілқайыр, Әбілғазы, Арынғазы, Шерғазы, Шығай, Қаратай және басқа хандар мен сұлтандар есімдері кездесті.

Орынбор комиссиясы канцеляриясынан қалған «Указы из разных мест к тайному советнику Неплюеву 1742 года присланные» деп аталатын іс 85 беттен тұрады. Бұл іс Орынбор облыстық мемлекеттік архивіндегі 2-қордың 1-тізімдемесінде сақтаулы тұр. 1742 жылдың 20 қаңтары мен 21 қазаны аралығындағы құжаттар тіркеліпті. Осы істе Әбілқайыр ханның Елизавета патшайымға қала салу жөнінде сұрау жібергені туралы дерек бар.

Орынбор әскери губернаторы кеңсесінде тіркелген істердің бірінде Кіші жүз сұлтаны Әбілғазының Бердянка өзені жағасынан үй салуға рұқсат сұрағаны, оның құпталмағаны туралы дерек бар. Бердянка — осы күнгі Орынбор облысының аумағындағы өзен.

Орынбор генерал-губернаторына Торғай облыстық архитекторының Ақтөбе қаласы жоспарының жобасын қарауға ұсынғаны жөніндегі істі Орынбор архивінің 6-қорынан таптық. Біздің өлкенің тарихы үшін маңызды бұл құжаттың мерзімі 1881 жыл деп көрсетіліпті.

Сондай-ақ құжаттарда тұрмыстық мәселелер, білім саласына, кен орындарын игеру, соның ішінде, мұнай, алтын кендерін өндіруге қатысты істер, егіс салу, мал шаруашылығы, өлім-жітімге қатысты деректер, тіпті өрт оқиғалары мен олардың салдарлары жөніндегі мәліметтер де бар. Деректерге қарасақ, кен орындарын игеру мәселесі ХХ ғасыр басынан қолға алынған.

Жалпы, ғылыми экспедиция барысында әкелінген құнды құжаттар жеткілікті. Ендігі тілек — болашақта ғалымдарымыз осы құжаттарды пайдаланып, зерттеуге неғұрлым ықыласты болса екен дейміз. Архив деректерін ел тарихын тану жолындағы қазына дейтін болсақ, тіпті біздің архивтің қорында осы кезге дейінгі бар құжаттардың өздері де әлі толық игерілмей, зерттелмей жатыр. Сондықтан тарихшылардың, әсіресе, жас ғалымдардың осы іске белсенді араласқанын қалар едік.

— «Архив-2025» жобасын жүзеге асыру мақсатында тағы қандай жұмыстар жоспарланып отыр?

— Алдағы екі жылда осы жоба аясында Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология және Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеу жоспарланған. Атап айтқанда, 2020 жылы Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы архивтерден, ал одан арғы жылы Өзбекстанның Хиуа, Бұхара қалаларындағы архивтерден Ақтөбе өңіріне қатысты деректер жинау көзделген.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями