Жаңашылдық аймағы

Дата: 17 октября 2019 в 12:22


Жаңашылдық аймағы

Кітапханашылар күнінде С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында заманауи кітапхана жұмысын жүйелеу, іс-тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Жастар кітапханасы — жаңашылдық аймағы» атты ІІ аймақтық кітапханашылар конференциясы өтті.

Аталған конференцияға еліміздің Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау өңірлерінен және облыс аудандарынан келген кітапханашылар мен қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.

Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев ашып, аудандық кітапхана кітапханашылары баяндама жасады.

Конференция барысында «Жастар» коворкинг орталығының ашылуы өтті. Облыстық Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова мен С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Калдина бірлесіп жұмыс атқару мақсатында арнайы меморандумға қол қойды.

— Бүгінгі кәсіби мерекемізде, облыстық жасөспірімдер кітапханасына келіп, Сағи Жиенбаевтың шығармаларымен жете таныса түстік. Әр облыстан жиналған мамандармен өзара тәжірибе алмасып, коворкинг орталығының, кітап көрмелерінің ашылуына куә болдық.

Жастар білімді, мәдениетті болуы керек десек, оған рухани орталықтардың қосар үлесі орасан. Тарихи, әдеби мұраларымызды келешек ұрпаққа жеткізетін рухани байлық ордасы кітапхана екені белгілі.  Кітапханашылар кітап алу және беру жұмыстарымен ғана шектелмейді. Бүгінде олар көптеген білім және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, цифрландырылған жүйелерді, жаңашыл бағыттарды игеріп жатыр, — дейді Батыс Қазақстан облыстық Х.Есенжанов атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Ақмарал Кульчукова.

Кітапхананың акт залында бейнематериалдар мен деректі фильмдер көрсетіліп, әр тақырып бойынша безендірілген кабинеттерге экскурсия жасалды.

Сондай-ақ шарада «Ақтөбе» облыстық газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлымен кездесу кеші өтті. Кеште ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы айтылып, оқырмандар сауалдарына жауап берілді.

Конференция соңында С.Жиенбаев пен Т.Жармағанбетовтің 85 жылдығына және облыстық жасөспірімдер кітапханасының 40 жылдық мерейтойына арналған ғылыми жобалар жұмысының қорытындысы жарияланды. Жүлдегерлерге Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, бүгінде аталған кітапханада 80 мыңнан аса кітап қоры және 9 мың 500-ге жуық оқырман бар.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Поделитесь новостью с друзьями