Абырой биігі

Дата: 17 октября 2019 в 10:22


Абырой биігі

Атқа мінгеннің бәрі азаматтық жүгін абыроймен алып жүре алмайды. Ол үшін айқын мақсат, жігерлі жүрек, берік бағдар болуы тиіс.

Өмірлік ұстанымын осылайша бекемдеген біздің кейіпкеріміз түрікпенбай айжарықовты облыс аумағындағы көпшілік жақсы біледі. өйткені, ол қашанда жұртшылықпен жақын жүретін азамат.      

Әке үлгісімен

Байғанин өңірінде Жұбан Айжарықовтың есімі күні бүгінге дейін құрметпен аталады. Өткен ғасырдың екінші он жылдығының орта тұсында дүниеге келген ол кісінің өмірбаяны таза жанкешті еңбектен құралған десе де болады. Аласапыран отызыншы жылдары Орал қаласындағы зооветеринарлық техникумда білім алған оның ендігі еңбек жолы сол кездегі құзырлы мекеме — аудандық жер бөлімінде ветеринар-фельдшер болып басталады. 1937 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтының білім көтеру курсында оқып келген білікті маманды өз мамандығы бойынша жауапты жұмысқа жібереді.

Жұбан атаның еңбек жолы туралы айтатындар әдетте сол тұста аудан орталығы болған Жарқамыстан 350 шақырым қашықтықтағы Сам жайылымын игеруге байланыстырмай кете алмайды. Соғыс жылдарында ауданның бүкіл малы шалғайдағы Самға қыстатылатын болған. Сонда алты ай қыста үй көрмей, сыртта болғанымен, ел шаруасында жүргенін абырой санайтын азаматтар бұған еш апшымайды. Сол кезеңде ауданда мал басы өсіп, олардан алынатын өнім мөлшері көбейіп, береке молайғаны бүгінгі күні де ұмытылған жоқ. Қысқасы, Самның әңгімесі айтылса, Жұбан басшының есімі де ең алдыға шығарылады.

Елеулі еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл ту, «Қызыл жұлдыз» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған ауыл шаруашылығының ақтаңкері 1975 жылы «Ақжар» кеңшарының директоры болып жүргенінде өмірден өтті.

Бұл кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында аға мал дәрігері болып еңбек етіп жүрген Түрікпенбай көп ойланған жоқ, әке салған ізді суытпау үшін туған өңірге оралып, қызу еңбекке араласты.

…Өмірде бір сәйкестіктер болады ғой. Жұбан Айжарықов 1952 жылы Байғаниннен Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас мал дәрігері қызметіне жіберіледі. Содан 1953-1957 жылдар аралығында осы аудандағы «Коминтерн» колхозы басқармасы төрағасы қызметін атқарады.

Ал оның баласы Түрікпенбай содан кейін арада тура отыз жыл өткенде сол Ырғыз аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары — аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы қызметіне тағайындалады.

Әке ізімен жүруді қай кезде де мақсат тұтатын перзенттің бұл қадамына да тағдыр жол ашқан болуы керек, сірә.

Жауапкершілік жүгі

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп келіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында төрт жылдай еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтаған маманға ауылға оралып, шаруашылықта қызмет жасаудың жауапкершілігі тіпті де жеңіл болмағанға ұқсайды.

Он екі жылдай әкесі басқарып, облыста алдыңғы қатарға шығарған кеңшардың сол биіктен төмен түсіп кетпеуі балаға да сын екенін ол алғашқы күннен-ақ ұғынады. Бір кездегі үй көрмей, тәуліктің қай мезгілінде де шаруа ортасынан, малды ауылдан табылатын әке тірлігі өз басына ауысқанын ол бір жағынан мақтаныш тұтқандай сыңайда еді. Сондықтан қай жұмыста жүрсе де ту сыртынан сол бір өзі үшін тау тұлғалы аяулы жан сынап қарап тұрғандай сезініп, өзін жинақы ұстау дағдысын қалыптастырды.

«Ақжар» кеңшарында бас мал дәрігері болып еңбек еткен жылдарында мал ауруларын болдырмау, қатерлі әрі жұқпалы дерттердің алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізді. Ауданда бірінші болып механикаландырылған мал тоғыту орнын іске қосуға ұйытқы болды. Малдәрігерлік шаралар жоғары деңгейде өткізілген соң малдың қоңы да тез артады, беретін өнімі де сапалы болады. Сол жылдары «Облыстың үздік мал дәрігері» атағын екі рет иемденуі — Түрікпенбайдың еңбегіне берілген лайықты баға еді.

Аз ғана уақыт ішінде білікті маман ретінде танылған, сонымен бірге ілгері істерде ұйымшылдық қабілетімен де көрінген жігерлі азаматқа енді бұдан да жоғары жауапты міндет жүктелді. Ол аудандағы «Байғанин» асылтұқымды қой кеңшарының директорлығы қызметіне жіберілді.

Өзіне дейін осы қызметте болған Ідіріс Суқашев, Жадығұл Құлмағамбетов, Балтабай Молдағалиев секілді алдыңғы буын өкілдерінің орнын басу, сонымен бірге, уақыт жүктеп отырған жаңа міндеттер үдесінен көріну басты міндет болды.

Негізгі шаруа — қой тұқымын асылдандыру жұмыстары жолға қойылды. Құйрықты, қылшық жүнді қойларымен бұл шаруашылықтың атағы алысқа тарала бастады.  Шаруашылықтың рентабельділігі арта түсті. Республика бойынша тағайындалған ауыспалы Қызыл ту осы ауылдың төріне тігілді. Аудан бойынша түсетін пайданың 85 пайызы «Байғанин» кеңшарының үлесіне тиесілі болды. Мәскеуден шығатын одақтық «Сельская жизнь» газетінде шалғайдағы шаруашылық басшысы Түрікпенбай Айжарықовтың жақсы істері атап көрсетілді.

Бұл шаруашылықты одан әрі дамытудың жоспарлары жасалып жатқан тұста кеңшар директорына Ырғыз ауданына жаңа қызметке баруға ұсыныс түседі. Ол кезде партия айтты — орындалуы тиіс. Қаншама сылтау-себеп айтқанымен, жоғары басшылар тарапынан қабылданбады. Көңілі қобалжып тұрған сәтінде қарсы алдынан кезіккен сыйлы аға Алтынбек Әкімжановтың «Шырағым, өзіңді қозғап жатса, қозғала бер, әйтпесе отырып қаласың бір жерде» деген бірауыз сөзі ғана оған демеу болып, күш бергенін әлі күнге дейін ұмытпайды.

Тарихи мекен Ырғыз мектебі сынынан мүдірмей өтіп, ол елдегі еңбегі де бағаланып, араға бір жарым жылдай уақыт салып, Байғанин аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып оралды. Бұл — 1988 жыл болатын. Заман өзгеріп, кеңестік экономиканың қадасы босап, жаңа нарықтық қатынастар қыр астынан бой көтере бастаған тұс болатын бұл. Шаруашылық мәселелерімен тікелей айналысатын атқару комитеті басшысы ендігі талап басқаша екенін тез ұқты. Айналаға жіті көз салып, жаңаға жаппай ұмтылғанмен, бардың берекесін кетіріп алмауды ойластырды. Ондай жағдайда жалпы халыққа салмақ түсетін еді.

Осындай тұста оны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. «Ел ерге қарайды» деген тәлімді сөздің терең мағынасын ол осы кезде айқын сезінгендей болған-ды. Өйткені, әр күн сайын дерлік бір проблема алдан шығады, халық түсінбейтін жәйттер де жеткілікті болатын. Сол мәселелердің барлығының мән-жайын аудан басшысы алақанындағыдай сезініп, қажетті бағытты айқындап, елге ендігі қадамды көрсетіп отырмаса не қадірі қалады?!

Осылай ұғынған Түрікпенбай Жұбанұлы күні-түні дерлік ел ортасында жүрді. Уақыт талабына сай Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтында сырттай оқып алғаны да осы кез. Оның да көп пайдасы тиді.

Әйтеуір 1999 жылға дейін аудан тізгінін берік ұстады. Бір кездері ертеңгі күніне алаңы мол ауылдастарын жақсы жолға қарай алып шықты. Көптеген азаматтар күш-қайратына қарай кәсіпкерлікпен айналысты, жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылды. Аудан аумағындағы мұнай-газ өндіретін компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, елге, елдің тұрғындарына пайдасы тиетін бірқатар мәселелер шешімін тапты. Қысқасы, жаңа ғасырдың қақпасы ашылар тұста Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының бастығы қызметіне бекітілгенде артына алаңдамай кетті.

Содан кейін арада он бес жылдай уақыт өткенде өзіне «Байғанин ауданының құрметті азаматы» атағы берілгенде өмірдегі ел-жұртынан алған басты бағасы осы болғандай сезінгені де бар.

Әрине, кеудесіне құрметпен тағылған «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің, басқа да марапаттарының әрқайсысының орны бөлек қой.

«Ел құрметіне ештеңе жетпейтінін сезіну — жүректегі жауапкершілігіңді арттыра түседі» дейді кейіпкеріміз көңіл толқынысының бір сәтінде.

Кәсіподақтағы кезең

Облыстың кәсіподақтары кеңесін басқарған тұсы — оның өміріндегі елеулі бір кезең деп айтуға болады. Бір кездері көптеген кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымдары өз-өзінен тарап, қажетсіз болып қалғандай болғаны бар. Бірақ, уақыт өте келе жұмысшы-қызметшілердің мүддесін қорғайтын, сөзін сөйлейтін бір ұйым бәрібір қажеттігі айқын біліне түсті. Сөйтіп, кәсіподақ қозғалысы қайта жанданды.

Кәсіподақ жұмысы облыс аумағымен шектеліп қалған жоқ сол тұстарда. Қашаннан көршілік қарым-қатынас негізі қаланған орынборлық әріптестермен тәжірибе алмасу жақсы жалғасын тапты. Сонау 2010 жылы Орынбор облысы кәсіподақтары федерациясының төрағасы Виктор Антоновтың бастауымен үлкен делегация келгені жадымызда. Қонақтар біздегі кәсіподақ жұмысымен танысып қана қойған жоқ, бір топ ақтөбеліктерге «Ресей кәсіподақтарына 100 жыл» мерекелік медалін тапсырды.  Сол жолы көршілеріміз біздегі бір жүйелі жүргізіліп жатқан шара — ұжымдық келісімшарттың тиянақты жасалуын, оның нәтижесін көздерімен көріп, қолдау білдіргені бар. Бұл игілікті істе де Түрікпенбай Жұбанұлының бастамашылдығы айқын көрінген.

Сол кезеңде бір топ ақтөбелік кәсіподақ белсенділері арнайы іссапармен сонау Үрімшіге жол шегіп, Қытай Халық республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы Бас кәсіподағымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Бұл халықаралық қатынас та кәсіподақ жұмысын жаңа қырынан танытуға септігін тигізгені сөзсіз.

Әдетте кәсіподақ жұмысына қай тұста да сын айтылып қалатыны жасырын емес. Өйткені, жалақының аздығы, жұмыс барысындағы теңсіздіктер, басқа да әртүрлі олқылықтар себебін іздеген кезде, жұмысшылардың көпшілігі мұның түп-төркінін кәсіподақ ықпалының аздығына тіреп жататыны бар.

Түрікпенбай Жұбанұлының осы қалыптасып қалған қасаң қағиданы бұзуға талпыныстар жасап, көпшіліктің арасында жаңаша көзқарас қалыптастырудың жолын іздестіріп те көргені бар. Соның бір бағыты ретінде келісімшарттың нақты жасалуын, талаптарының толық орындалуын қадағалауды жергілікті кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінен үнемі талап етіп отырды.

Кәсіподақта басшылықта жүрген кезінде оның атқарған бір елеулі еңбегі — музей ашуға ұйытқы болуы. Тарихты уақытында түгендеп отыру, кешегі күннің келбетін сол қалпында сақтау, оны алдағы ұрпақтың жадына жеткізу — кім-кімге де сын. Бүгінде облыстық кәсіподақтар орталығына бас сұққан адам осы саланың жүріп өткен жолдарымен жан-жақты таныса алады. Мұнда облыс кәсіподақтарын әр жылдарда басқарған Хайрулла Иманалин, Алтынбек Әкімжанов, Диас Құлшаров, тағы да басқа елге танымал алдыңғы буын өкілдерінің өмірбаяны, атқарған қызметтері кеңінен көрініс тапқан.

Жақсы іс қашанда жалғасын табады. Бүгінде сол музей жаңа деректермен тұрақты түрде толығып отырады. Ең бастысы — елдіктің бір шаруасы тындырылғаны.

Сабақтастық

«Әке — балаға сыншы». Қай кезде де әке балаға жақсы жолды көрсетіп, жөн сілтеп отырғанымен, бір жағынан сынап қарауды да ұмытпайды. Мұндайда баланың жетістігінен гөрі кемшін тұстары көбірек көрініп қалады. Дегенмен, бұл әулеттегі Жұбан атадан тартылған желі әдемі сабақтастықпен астасып, жас буын арасында да жарасымды жалғасын табуда.

Бүгінгі күні жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған Түрікпенбай Жұбанұлы құрметті зейнет демалысына жеткенімен, әлі де қызу еңбектің ортасында. Қазіргі уақытта С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде болашақ ауыл шаруашылығы мамандарына дәріс береді. Бір кездері Орынбордағы жоғары оқу орнында «Етті мал шаруашылығы» саласы бойынша қорғаған кандидаттық диссертациясын кейін одан әрі жетілдіріп, біраз ғылыми ізденістерге барғанының бүгінгі күні пайдасы тиюде.

Жас кезінен еңбек ұғымын басты орынға қойғанымен, ол үшін отбасы жылуы, шаңырақ шаттығының орны бөлек. Өйткені, адамның жігерлі жүруі мен еңбегінің өнімді болуы әдетте өз үйіңдегі өнегелі тірліктен бастау алады емес пе?!

Жұбан ата мен Үзіл әжеден тараған тоғыз бала бүгінде алып бәйтеректің бір-бір бұтағы секілді көктеп-көгеруде. Олардың өзі ата-әже атанып үлгерді.

Түрікпенбай аға да өзінің өмірлік қосағы, ұстаздық ұлағатымен көпшілік құрметіне бөленген Күләй жеңгеймен ұрпағының қызығына бөленіп, шүкір дерлік бақытты ғұмыр кешуде.

Олардың үлкені Әлжан бүгінде Мексика трансұлттық компаниясының аумақтық директоры. Мейіржаны Қашаған кен орнында «Қазмұнайгаз» компаниясының үйлестірушісі болып еңбек етеді. Кенжесі Гүлфайрусы — қаржыгер.

Балаларынан тараған немерелері Әлихан, Темірлан, Арухан, Тарлан, Әмірхан ата-әжесінің көз қуанышы. Олардың да алды бұл күнде студент атанып, таңдаған мамандықтары бойынша білім алуда.

Түрікпенбай аталары немерелерінің жақсы азамат боларына, олардың тәуелсіз еліміздің ілгері дамуына қызмет етеріне сенімді.

Ия, ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасуда.

Жетпіс жыл ғұмыр белесінде өзінің адал қызметімен, азаматтық ұстанымымен алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан, елге сыйлы, жан-жағына қадірлі аға — Түрікпенбай Жұбанұлының бүгінге дейін жүріп өткен жолы жас буынға жарқыратып көрсетуге болатын жақсы үлгі.

Мерейлі той иесіне алдағы күндерде де ізгілікті істеріңіз көпшілікке шапағатын тигізе берсін дегіміз келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Поделитесь новостью с друзьями