Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Көне ғұндардың салт-дәстүрлерін біздің заманға қазақтар жеткізді»

Дата: 10 октября 2019 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Көне ғұндардың салт-дәстүрлерін біздің заманға қазақтар жеткізді»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді», — деп жазған еді. Бұл сөздің, әсіресе, ежелгі ғұндар тарихына қатысты екені бүгінде көзі ашық әр адамға  аян.

Ғұндар тарихын зерттеу ісімен 40 жылға жуық уақыт бойы айналысып келе жатқан ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Мадрид университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязовпен жуырда Ақтөбеге келген сапарында сұхбаттасудың сәті түскен еді:

— Самат Көшенұлы, біз оқып жүрген орыс тіліндегі еңбектерде хун да, гун да бар. Бұл екеуін бір халық деп қабылдау керек пе, әлде екі бөлек ел ме?

— Ертедегі қытай деректерінде бабаларымызды «хун» деп атаған, сондай-ақ Рим империясының мемлекеттік тілі — латын тілінде де «хун» болып жазылған. Бұл екі хунның арасындағы байланыстың бар-жоқтығы туралы мәселе көтеріліп, зерттеулер арқылы олардың бір халық екені белгілі болған. Мысалы, VІ-VІІІ ғасырлардағы Еуропадағы хун мемлекеті Уархун қағанаты аталған. Осы Уархунның арғын руымен байланысы бар.

Ал орыс зерттеушілері «гун» сөзін қолданған. Біз де осы сөзді аударып қолданып жүрміз, яғни «ғұн» — орысша «гунның» аудармасы. Осылайша оны түпнұсқадан алшақтатып алдық. Мысалы, Хунгарияны да біз орыс нұсқасы бойынша «Венгрия» дейміз. Бұл ел 425 жылдан Хунгария атала бастаған ғой. Сол тұста жас қолбасшы Аттила, яғни Еділ бастаған ғұн әскері Шығыс Рим империясын герман тайпасы — вестготтардан қорғап қалады. Осы жеңіс үшін Шығыс Римнің Паннония провинциясы түгелдей ғұндарға сыйға беріліп, латын тілінде Хунгария аталып кеткен.

— Бүгінде ғұндардың өркениетке қосқан үлесі, өз заманында жауынгерлік күш-қуаты толысқан, мықты халық болғаны мойындалған. Жалпы, ғылымда ғұндар туралы зерттеулерге қай кезден ден қойылды?

— Адамзат тарихындағы ғұндардың ролі, әйгілі Атилла туралы көп уақыттан бері зерттеліп келеді. Соның ішінде алғашқы көлемді еңбектің иесі — француз ғалымы Жозеф Дегин. Оның ғұндар мен түркілер тарихына арнаған алғашқы еңбегі 1748 жылы Парижде басылып шыққан. 1756-1758 жылдары бұл еңбек толықтырылып, моңғолдар туралы деректер қосылып, нәтижесінде, ғұндар тақырыбына арналған көлемді зерттеу жарық көрген. 1768 жылы Дегиннің бұл еңбегі неміс тіліне аударылған. ХVІІІ ғасырда тағы бір француз ғалымы Амадей Тьерридің «Атилла және оның ізбасарларының тарихы» атты құнды еңбегі жазылды. Бұл еңбек 1856 жылы екі том болып жарыққа шыққан. Осы кітапта алғаш рет жоғарыда айтылған Уархун (Арғын) қағанаты туралы жазылған.

Ал ХХ ғасырда тарих ғылымындағы осынау көкейкесті мәселені зерттеушілер қатары толыға түсті. ХХ ғасырдың бірінші жартысына тоқталсақ, Бартольд, Томпсон, Иностранцев, Мак Говерн, Мэншен-Хэлфэн, Толстов, Бернштам сынды көрнекті ғалымдар есімдерін, ал ІІ жартысына келсек, Гордон, Гумилев, Артомонов, Такат, Мандельштам, Марғұлан, Зацеская, Удальцоваларды атап өтер едік. Осылардың арасында Александр Бернштамның аттилатану мен ғұнтануға қосқан үлесі зор. Еуропа ғалымдары ғұндарды, негізінен, өз аумақтарына баса-көктеп кірген күйретуші, оңды-солды қиратушы ретінде ғана көрсетуге тырысқан болса, Бернштам олардың Еуропаға келуінің прогрессивтік маңызын атап өтті, соны дәлелдеді. Мұнысы үлкен ғылыми жетістік еді, бірақ осы жетістік өзіне жақсылық әкелген жоқ. Кеңес өкіметі оны «пантюркизмнің идеологы» атап, қудалады, «ғұндарды әспеттеп, олардың көсемі Атилланы тым әсіре дәріптеген» деп, еңбектерін сынға алды. Ақыры, нағыз дер шағында, 46 жасында қайтыс болды.

Жалпы, ХХ ғасырға дейін ғұндар тарихын нысана етіп ұстаған екі үлкен мектеп болды: француз және неміс мектептері. Бұлардың ішінде француз тарихшылары еңбектерінің кейбірін жоғарыда айттық. Ал ағылшын-америка және кеңес мектептері кейіннен, ХХ ғасырда пайда болды. Әрине, ғұндар аз зерттелген жоқ. Бүгінге дейін жүздеген еңбек жазылды, әлі де жазылып жатыр. Бірақ осы тақырыпты қолға алған белгілі ғалымдардың арасында реалистік көзқарасты ұстанғандары, өкінішке қарай, саусақпен санарлықтай ғана… Көп еңбектер христиан дінінің, дінбасыларының ықпалымен жазылып, шындыққа қиянат жасалды.

Мысалы, Рим империясын құлатуға Ғұн ордасының қатысы бар деген тұжырым қате болатын. Ғұндардың Еуропаға келген кезі — Рим империясының христиан дінінің ықпалымен ыдырай бастаған тұсы. Керісінше, егер, ғұндар болмағанда, герман тайпалары Римнің екі империясын да 410 жылға жеткізбей, күлін көкке ұшырған болар еді. Ғұндардың қолдауының арқасында Рим империясының ғұмыры 80-90 жылға ұзарды…

— Ғұндардың шыққан тегі мен мұрагерлері төңірегіндегі пікірлерге тоқталсаңыз? Соның ішінде, өз пікіріңізді де тарқатып айтсаңыз?

— Жоғарыда аталған Дегиннің еңбегі жарық көрген күннен, яғни 1748 жылдан бастап ғалымдар арасында ғұндар төңірегіндегі айтыс-тартыстар тоқтамай келеді. Бастапқы даулы мәселе — еуропалық хундар мен Қытай деректеріндегі ертедегі хундардың арасында байланыстың бар-жоқтығы болды. Бұл мәселенің нендей қорытындымен аяқталғаны жоғарыда айтылды. Ал ғұндардың этникалық шығу тегі төңіріндегі тартыстар өте қызу жүрді. Бұл мәселеге байланысты бүгінге дейін төрт түрлі болжам — түркі, моңғол, фин-угор және славянтілдес халықтарға қатысты пікірлер айтылды. Мұның ішінде, ғұндардың түп-тамырын түркі халықтарымен байланыстыратын зерттеушілер қатарында Амадей Тьерри, Абель Ремюзе, Василий Радлов, Жирар де Риалл, Николай Аристов, Василий Бартольд сынды көрнекті ғалымдар бар. Ғалымдардың екінші бір үлкен тобы ғұндарды моңғол тайпаларымен байланыстырады.

Батыс ғұндардың бастапқы ордасы Еділ, Жайық өңірінде, яғни Орал тауының баурайында пайда болғандықтан, ғалымдардың үшінші тобы ғұндарды осы аймақты ежелден мекен еткен фин-угор тайпаларынан тараған деген болжам жасады. Ал төртінші болжам — славяндарға қатысты пікірді айтқан зерттеушілердің қатары аз және оларды қолдаушылар да табыла қоймаған.

Әрине, зерттеушілердің бір бөлігі ғұндардың арғы тегі түркі тайпаларынан шыққанмен, Қытайдан Еуропаға жеткенге дейінгі, жүздеген жылдарға созылған уақыт аралығында түрлі тайпалармен араласқан, байланыста болған деп есептейді. Бұл пікірдің де жаны бар. ІV-V ғасырларда ғұндар тек Еуропада ғана атой салмай, Орталық Азияда да тасы өрге домалап, қазіргі Ауғанстан жерін түгел, тіпті Иран мен Үндістанның бір бөлігін де жаулап алған еді.

Мен өз басым ғұндардың түркітілдес халық болғаны, бүгінгі барлық түркі халықтарының атасы екені әлдеқашан дәлелденген жайт деп есептеймін. Айталық, орыстың лингвист-түрколог ғалымы Николай Баскаков түркі тілдерін таратқанда, «Батыс-Хун тармағы» және «Шығыс-Хун» тармағы деп жіктеген. Қазақтың тілін батыс хундар тармағының қыпшақ тобына жатқызады. Мұндай мысал көп…

Дегенмен, осы жерде ерекше айтар жайт, сол көне ғұндардың салт-дәстүрлерін қаймағы бұзылмаған қалпында біздің заманымызға жеткізген халық кім десек, ол — қазақтар. Қазақтар да киіз үйде тұрып, баланы бесікке бөлеген, қазақтың ұлттық дастарқаны мен ғұндардың дастарқаны бірдей, тіпті құмалақ ашу да — ғұндар заманынан бері келе жатқан өнер.

— Сізді қазақты ғылымдағы Атилла бейнесімен алғаш таныстырған зерттеуші ретінде білеміз. Жалпы, ғұнтануға қалай келдіңіз?

— Мен Одесса мемлекеттік университетінде оқыдым. Осы университеттің роман-герман филологиясы факультетінің испан тілі мен әдебиеті бөлімін бітіргенмін. Бірде, ІІ курста оқып жүрген кезімізде, француз әдебиетінен драматург Пьер Корнельдің шығармашылығын талқыладық. Оның туындылары арасында 1667 жылы жазылған бес актілі «Атилла» атты трагедия бар екен. Сол жылы бұл трагедия сахнаға да шығарылған. Мұны білу маған ерекше әсер етті, көңілімді бір керемет мақтаныш сезімі биледі. Содан бастап Атилла, ғұндар десе елеңдеп, олар туралы деректерді тірнектеп жинап жүретін болдым. Әлі күнге дейін сол істі жалғастырып келемін.

— Аға буын тарихшыларымыз неліктен бұл тақырыпқа тереңдей алмады?

— Жоғарыда мен Бернштамның тағдыры туралы айттым. Оның «пантюркист» деп айыпталып, қуғынға ұшырауы ХХ ғасырдың 50-жылдарының басы еді. Нақ сол тұста Алматыда біздің ғалымдарымыздың басына да қара бұлт үйіріліп тұрды. «Казахстанская правда» газетіне Әлкей Марғұланды «Ленинградта оқып келсе де, Қазақстан ғылымына ештеңе бере алмады» деп айыптаған мақала басылды. Ал Ермахан Бекмаханов 25 жылға сотталып кетті. Тіпті оған ату жазасын беруге аз-ақ қалды десе де болады.

Сондықтан ғұндар мен Еділ қағанға қазақ ғалымдары жолай алған жоқ. ХХ ғасырдың 40-жылдарында ғұндарға қатысты мақала жазған Әлкей Марғұлан да Еділдің тарихын зерттеумен тікелей айналыса алмады, бірақ үнсіз жүріп, ғұндардың материалдық мұрасын өмір бойы зерттеді.

Ал Қазақстандағы қазіргі аттилатанушылар арасынан Еренғайып Омаровтың еңбегін атап өту керек. 2000 жылы Еділ патшаның туғанына 1600 жыл толды, біз осыны кең көлемде атап өту жөнінде хат жазған едік, бірақ Ғылым Академиясы тарапынан қолдау таппады. Бұл өтінішіміз аяқсыз қалған соң, Еренғайып Омаров 2003 жылы «Қайнар» университетінің қаржысына халықаралық конференция ұйымдастырып, өз еліміз ғана емес, Ресей, Еуропа елдерінде Атилланы зерттеп жүрген ғалымдардың басын қосты. Сондай-ақ, оның Атилла және ғұндар тарихына қатысты көптеген еңбектері шетелдік басылымдарда жарыққа шықты.

— Халықтың санасында тарих тұлғаландыру сипатына ие. Ал, әдетте ғұн дегенде, Атилла ғана алға тартылады…

— Әрине, бізге жеткен деректерден ғұндардың Мөде, Хухунье, Чжичже, Баламбер, Шарато, Руғила, Ақтар, Мыңзық (Еділдің әкесі), Едіге, Еллақ, Баянхан және басқа да тарихи тұлғаларының есімдері белгілі. Енді оларды жан-жақты зерттеп, насихаттай алсақ, бұл тарихымызды тереңдете түсуге зор үлесі бар, игілікті іс болар еді.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями

Читайте также