Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Былқ-сылқ етіп ауылдың шетіне құлап жатады екен». Сал-серілерді қазақ қалай күткен?

Дата: 08 октября 2019 в 17:23 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Қазақ жиын-тойына өнер адамдарын шақыру ежелден қалыптасқан құбылыс. Сегіз қырлы, бір сырлы сал-серілер мен жезтаңдай әншілерді шақырып, асыр салып, думан той жасау қазақ халқының ерекшелігін танытатындай. Бүгінгі өнерпаздардың райдері ұғымымен бұрынғы сал-серілеріміздің талабы болды ма деген сұрақ туындайды. Жеке райдер — бұл өнер көрсететін әртістің қоятын талаптар тізімі. Бірі бес жұлдызды қонақүй сұраса, ендігі бірі қымбат маркалы көліктің күтіп алуын талап етеді екен. Ежелде қазақ өнерпаздарында жиын-той иелеріне арнайы талаптары болды ма? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі мамандардан сұрап көрді.

Талабы айтылмаса да сый-сыяпатсыз қалмайтын

Болат Бопайұлының айтуынша, ежелде сал-серілер ауыл-ауылды аралап, оларды шақырсын-шақырмасын қазақ даласында өнер көрсеткен екен. 

«Бүгінгі сахналық үлкен шығармаларды сал-серілер атқарған. Әрине ол кездегі өнерпаздар әдемі киімдерін киіп, бес қаруын асынып, қасына жолдас-жораларын ертіп өнер көрсеткен. Сол арқылы мәдени үгіт-шаралар жасаған. Олар да ешкімге бұлданып, талап қоймайтын. Бірақ ауыл адамдары міндетті түрде өнерпаздардың алдына шығып, жорға жетектеп, тонын жауып, тымағын кигізіп күтіп алған», — дейді этнограф. 


Қазақстан, ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Ал қайтарында ат мінгізіп, қонышына ақшалай, заттай сыйлығын жасап келесі ауылға ұзатып жіберетін. 

«Сал-серілер «маған бәленбай түйе, ақша, ат, тон беріп, үй тігіп бер» деп талап қоймаған. Бірақ оның барлығын халық саналы түрде қабылдап, құрметтейтін. Себебі біз өнер мен өнерлі азаматтарды сыйлайтын халықпыз. Ондай әрекеттерді халқымыз айтқызбай-ақ жасайтын», — дейді Болат Бопайұлы. 

Сал-серілер ештеңе талап етпеген

Ал бай-бағландар өнерпаздарды ақ отау тігіп, үлкен дайындықпен күткен.

«Бірақ сал-серілер ештеңе талап етпеген. Олар тек өнерімен аңқылдап жетіп баратын. Олар ауылға таяғанда бір белдің аясына барып жатып алатын. Мұндағысы — біріншіден, той иелері дайындық көрсін деп ойласа, екіншіден «бізді келіп қарсы алсын» дегені. Сөйтіп ауылдың біраз өнер сүйетін азаматтары сал-серілерді әспеттеп, құрметтеп күтіп алған. Еш уақытта қазақтың өнерпаздары той иелеріне арнайы талап қоймаған», — дейді этнограф.

Этнографтың айтуынша, әртістердің өнерінен бөлек аламан айтыс, бәйге болып, батырлар мен көсемдер шақырылған. 

«Тойға мал сойылған кезде ауылдың үлкен қарияларын шақыртып арнайы бата алып, оларды да кәдесіз қалдырмайтын. Қазақтың дәстүріндегі торқалы тойдың бәріне туыс-туғандар жұмыла кірісіп, ортақ тамаша той жасайтын», — дейді Болат Бопайұлы.


Қазақстан, Павлодар облысы. (Семей губерниясы, Павлодар уезді), ХХ  ғасырдың бірінші жартысы

Салтты білмегенге айыппұл

Ал қазақтың салт-дәстүрінен бейхабар адамдарға арнайы айып та тағылған екен. 

«Салт-дәстүрдің жөн-жосығын білмейтін адамдарға тоғыз ірі қара көлемінде айып тағатын. Қазақ тойда өкпелеу — жаман ырым деп қараған. Тойда өкпелесе — аяғы өлімге соғады деп айтылған. Соғыс шығады, жамандық болады, береке кетеді деп ырымдаған. «Той — тойға ұлассын» деген сөз осыдан қалған», — дейді этнограф. 

Сал мен серінің айырмасы бар ма?

Ал филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сейілбек Сәкен серілер мен салдардың айырмашылығын айқындап, әрқайсына жеке тоқталып өтті. 

«Серілер де, салдар да — жан-жақты өнер иесі. Олар әрі ақын болады, әрі әнші болады, әрі сол әндердің орындаушысы болады. Бірақ екеуінің айырмашылығы туралы айтқан кезде серілерде батырлық, аңшылық жалпы серілік қасиеттері басым болады. Серіні бүгінде орыс тіліндегі «рыцарь» сөзінің қазақшасы деп айтады. Негізінен XIX ғасырда қазақта сал-серілік өнер жақсы дамыған. Бұл саланың мықты өкілі ретінде Ақан сері мен Біржан салды айтуға болады», — дейді маман. 

Ғалымның айтуынша, сал сөзі орыс тіліндегі «паралич» сөзіне ұқсас мағынада айтылған. 

«Ал салдарға келетін болсақ, қазақта айтады ғой «сал болып қалыпты» деп, яғни орыстың «паралич» сөзінің мағынасына ұқсас келеді. Сондықтан да салдар көбіне талапшыл болған. Мысал ретінде Біржан салдың Абайдың ауылына барған сәтін айтуға болады. Салдар былқ-сылқ етіп ауылдың шетіне құлап жатады екен. Оларды көбіне ауылдың сұлу қыз-келіншектері келіп, қолтықтап, тіпті көтеріп ауылға алып келуі керек екен. Сол себепті қозғала алмай, былқ-сылқ етіп жатқандары үшін де оларды сал деп атаған», — дейді ғалым.


Дудин С.М. Қазақстан, Павлодар облысы, 1899 жыл

Салдардың талабы мықты болған

Сондықтан салдардың өнерін асыға күтіп отырған халық та олардың бұл қылығына шыдас беріп, олардың өнер көрсетуін асыға күтіп отыраған екен. 

«Салдар ауылға өздері кірмейді екен. Ауылдың шетіне жақындағаннан кейін жатып алады екен. Салдардың қасынды өнерпаз нөкерлері де болған. Бар сән-салтанатымен, қызылды-жасылды әдемі көйлектерімен, елде жоқ киімдермен ауылға кіріп келген. Сол арқылы олар сол кездері қазіргі тілмен айтқанда сән өнерін насихаттаған», — дейді Сейілбек Сәкен. 

Салдардың талабын райдер десек қателесеміз

Қазақ халқы сал, серілерді бар салтанатымен күтіп алғанымен қоймай оларды әдемі шығарып салып отырған. 

«Сал өнерінің ең бір айтулы өкілдерінің бірі Біржан салды жергілікті өнерпаздардың барлығы келген салдың жанында бірнеше күн жүріп, қозы-көш жерге дейін шығарып салып отырған. Одан артық уақытқа дейін кетіп жатады. Жалпы жиын-тойға, елге келгенде серілерге қарағанда салдар күтімді ерекше талап еткен. Салдар дүркіретіп қарсы алғанды, назар аударғанды жақсы көретін», — дейді ғалым. 


Қазақстан, Семей облысы, 1927 жыл. © А.Л.Мелков

Ғалымның айтуынша, сал-серілер өнері үшін арнайы сый талап етпеген. Әр адам өзінің шама-шарқына қарай сый үлестіріп берген. 

«Қазірдің өзінде той-томалақта өнер көрсету — әртістердің негізгі нәпақасы болып тұр ғой. Ол кезде де солай болған. Сал-серілер басқа кәсіппен не шаруашылықпен айналыспаған. Ал өнер көрсеткен кезде оларға атын да мінгізген, отбасына жылқы, малын беріп, ең қымбат маталардан киім тігіп беріп, алтын, күміс әшекейлерді сыйға тартқан. Себебі олар өнерімен өмір бойы қартайғанға дейін жүреді ғой. Халық қашан да сал-серілердің жағдайын көтерген», — дейді Сейілбек Сәкен. 

Қонақжайлық — қазақтың бренді

Ғалымның сөзінше, сал-серілер кәсіби өнер адамдары болғандықтан дүние-мүлікті, ертең қалай күн көретінін ойламаған. Қонақжай қазақ халқы өнерпаздарын қонақ қылып, үйден құр қол шығармаған.

«Қонақжайлық — қазақ халқының бренді деген түсінік бар. Кезінде өз көзімізбен көрдік әке-шешеміз табақты өздері жемей сақтап отыратын. Қонақ келгенде ас болмаса, бұл — сүйегімізге таңба болып жағылады ғой деген ой болатын. Қонақжайлық — көшпелі қазақтың салты, жазылмаған заң деп айтуға болады. Көшпелі қазақ ешқашан ас арқалап жүрмеген. Қиын қыстау кездерге түскен қазақ малын, тіпті әйелдерін де сыйлап жіберген», — дейді ғалым. 

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями