Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Батырлар мекенінің 90 жылдық тойы

Дата: 08 октября 2019 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Батырлар мекенінің 90 жылдық тойы

Өткен аптада Қобда ауданының іргесі қаланғанына 90 жыл толуы салтанатты түрде аталып өтті. 1929 жылы шілде айында құрылған елдік пен ерліктің мекені — Қобда ауданында бүгінде 20 мыңға жуық халық тұрады.  14,2 мың шаршы шақырымды алып жатқан киелі өлкенің өткен тарихы қаншалықты бай болса, болашағы соншалықты жарқын. Қобдадағы 31 елді мекеннің 11-і Ақтөбе агломерациясы аймағына кіреді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде газетіміздің өткен сандарында толық жазылды, сондықтан салтанатты той кезінде қобдалықтармен бірге қонақтар да куә болған қуаныштар жөнінде сөз қозғамақпыз.

Ауданның 90 жылдық тойына алыс-жақындағы қобдалықтар жиналды. Қобдалықтармен бірге қонақтар да ауданда жасалып жатқан жұмыстармен танысып, жаңадан ашылған нысандарға барды, мәдени-көпшілік шараларға қатысты. Бегалы ауылдық округіне қарасты Калиновка ауылында осы күні магистралдық газ құбыры іске қосылды. Құрылысы былтыр басталған Бестамақ-Қобда бағытындағы магистралдық газ құбыры мен Калиновка  ауылішілік газ құбыры биыл толық аяқталды. Жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын магистралдық газ құбыры арқылы ауданның 4 елді мекеніне —  И.Білтабан, Калиновка, Бегалы, Егіндібұлақ ауылдарына газ жеткізілді.

Бұл шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиевтер қатысты. Өңір басшысы тұрғындарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады:  «Төрт елді мекенде ауылішілік газ құбырының салынуы нәтижесінде  2 848 тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады және ауданның газбен жабдықталу көрсеткіші 58,2 пайызға жетеді», — деді ол. 

Бегалы ауылдық округі әкімі Юмагул Утяновтың айтуынша, ауылда 1200-ге жуық адам тұрады. Осы 1200-ге жуық тұрғын енді от жағу машақатынан құтылды.  Осы ауылда 60 жылдан астам уақыт бойы тұрып келе жатқан ардагер Айса Ізтілеуов көгілдір отынның келуі — Калиновка тұрғындарының екі арманының бірі екенін айтады: «Біздің екі арманымыз болды: бірі — ауызсу болса, екіншісі — газ. Бірінші арманымыз былтыр, екінші арманымыз биыл орындалды», — дейді ақсақал.

Бұдан соң аудан орталығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі қабатты сегіз пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің кілттері табысталды. Бұл күні жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар баспаналы болды.  Облыс әкімі О.Оразалин мен Сенат депутаты М.Жұмағазиев тұрғындарды ауданның 90 жылдығымен һәм баспаналы болу тойларымен құттықтады.

Қобдада 2017 жылы екі қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 197,0 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, көпбалалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған 16 отбасына пәтер кілттері табысталған болатын.  Солардың бірі — көпбалалы ана ретінде мемлекеттің үй кезегінде тұрған 90 жастағы Ғайнижамал Махамбетова. Соғыс кезінде анасымен бірге тылда еңбек еткен, соғыстан кейін де қолынан кетпен-күрегін тастамаған кейуана жолдасынан ерте қалып, шиеттей алты баласын қатарынан қалдырмай өсірген. Бүгінде ол балалары мен отыздан астам немере-шөбересінің арасында шүкірін айтып отыр. Жүзге аяқ басқан еңбек ардагері елдегі саясатқа, осы саясатты жүргізіп отырған халық қалаулыларына алғысын білдіріп, батасын берді. Оңдасын Оразалин бастаған қонақтар аудан «құрдасының» шаңырағына арнайы кіріп, мерекесімен құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етті.

Осы күні бір мезгілде аудан орталығында спорт, білім алаңдары, «Руханият әлемі» аллеясы ашылды. «Шәріп молда» мешітінің алдындағы бұл «Руханият әлемі» аллеясында ауданнан шыққан хазіреттер мен ахундарға, діни қайраткерлерге арналып 13 ескерткіш-тақта қойылған.  Облыстың бас имамы Төлеби Оспан Құран бағыштап, діни қайраткер ұрпағы Жібек Абдуллина «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында қолданысқа берілген аллеяның құрылысына атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, сый-сияпаттарын тарту етті.

Білім сквері де ерекше жасақталған. Мұндағы биіктігі бір жарым метр болатын Кітап макетіне келушілер суретке түсіп жатты. Сондай-ақ, ардагер ұстаздар туралы барлық ақпараттар жазылған стенд, арнайы глобус та қойылған.  Сонымен қатар «Мәңгілік Ел» саябағында еңбек адамдарына арналған «Ауданның Ерен еңбек иелері» тақтасы ашылып, тал көшеттері егілді. Тоқсан жылдық той аясында медицина қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Денсаулық» аллеясы да ашылды. Ал Исатай Тайманұлы атындағы мектеп-гимназияның алдында «Ұлы даланың жеті қыры» сквері жасақталды.

Орталық стадион маңында ауылшаруашылық және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Орталық стадиондағы «Батырлар мекені Қобда ауданына — 90 жыл» атты салтанатты шара барысында ауданның өткен-кеткенін бір мезетте көз алдыңа әкелетін театрландырылған қойылым көрсетілді. Облыс басшысы О.Оразалин мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Жұмағазиев қобдалықтарды мерейтоймен құттықтап, көпбалалы аналарға пәтер алуға арналған сертификаттар, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілік көрсеткен кәсіпкерлерге «Жомарт жүрек» сыйлығын тарту етіп, ауылшаруашылық саласының үздіктерін марапаттады.

Облыс әкімі ауданның, жалпы Қобда өңірінің тарихына тоқтала келіп, былай деді:

— Ынтымақ пен бірліктің түпқазығы болып саналатын Қобда  ауданында тұр­­ғын­дар игілігі үшін соңғы жылдары жасам­паз жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда соңғы 5 жылда барлық салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс, инвестиция көлемі өсіп, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді. Қобда ауданы — бірнеше рет облыста «Үздік аудан» атанды. Бүгінгі жаңғырған Қобда ауданы ұрпақтар мен іскерлік сабақтастығы орын алған, түтіні түзу шыққан қасиетті мекен. Құт қонған Қобда төрінде  аудан тұрғындарының дәулетті де сәулетті ғұмыр кешуіне барлық жағдай жасалған. Тамыры терең Қобда ау­даны  биыл өзінің 90 жылдық айтулы мерейтойын атап өтуде. Заманмен бірге жасара  қуаттанып келе жатқан ауданның әлі де берері көп деп сенеміз.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қобдалықтарды құттықтап, құрметті қонақтарға алғысын білдірді. Одан соң сахнаға ауданның дамуына зор еңбек сіңірген азаматтар көтерілді. Қобда ауданында басшылық қызмет атқарған Зәкіратдин Байдосов пен осы ауданда бірнеше жыл бұрын білім саласында табысты қызмет еткен Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменоваға «Ауданның құрметті азаматы» атағы табысталып, тағы бес адам  «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Онға жуық шаруашылық басшысына облыс әкімнің алғыс хаты тапсырылды.  

Ауданның 90 жылдық мерекесі этноауыл алаңында жалғасып, бәйге, қыз қуу, теңге алу, көкпар, қазақ күресі  секілді ұлттық ойын түрлерінен  жарыстар өткізілді. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне автокөлік, екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға үй кинотеатры тігілді. Мәреге бірінші болып жеткен Атырау облысының шабандозы автокөлікке ие болды. Батыс Қазақстанның үмітін арқалап келген тұлпар мәреге екінші, Ақтөбенің арғымағы үшінші болып жетті.

Той аясында аудандық Мәдениет үйінде «Ұлы Қобданың даңқты батырлары» атты ғылыми-танымдық конференция өтіп, «Қобыланды батыр» спектаклі сахналанды.

Ал кешке қобдалықтар аудан тойына ән шашуын алып келген әнші Заттыбек Көпбосынұлы мен жергілікті өнерпаздардың гала-концертін тамашалады. Қобданың 90 жылдық тойына көрші облыстармен қатар Ресейдің Тұзтөбе ауданынан да арнайы қонақтар келді. Қонақтардың барлығы ауданның бүгінгі жеткен жетістіктерін паш еткен шараларға куә болды. Ал тойдан қалған тәбәрік — жаңадан ашылған нысандар қобдалықтар үшін қызмет ететін болады…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями