«Әрбір тұрғын мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықты сезінуі тиіс»

Дата: 03 октября 2019 в 12:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Әрбір тұрғын мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықты сезінуі тиіс»

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық терроризмге қарсы комиссияның отырысы өтіп, онда «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қорытындыланды.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Жиында алдымен жоба аясында өткен бір айда атқарылған шаралар туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев баяндама жасады.

Оның айтуынша, 20 тамыз-20 қыркүйек аралығында өткізілген «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының 8 кезеңінде облыс бойынша жалпы саны 469 шара ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам адам қамтылған. Оның ішінде 266 іс-шара дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушыларға арналған.

Отырыста жобаның бірнеше бағыты бойынша атқарылған шаралар туралы облыстық білім, кәсіпкерлік, ішкі саясат, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары да есеп берді.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың айтуынша, жоба аясында тұрғындарға кәсіпкерлікпен айналысудың тетіктерін үйретуге бағытталған 66 іс-шара ұйымдастырған. Оған барлығы 1100-ден астам адам қатысқан. Тұрғындарға несие алу, кепілдік беру, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша грантқа ие болудың жолдары түсіндіріліп, «Еңбек», «Бизнес-Бастау», «Бизнес-Кеңесші» жобалары туралы ақпарат берілген. Атап айтсақ, аталған жоба аясында 12 азамат «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Ақтөбе қаласындағы 23 кәсіпорын қолдауға ие болған. Сондай-ақ «Даму» қоры арқылы «Еңбек» бағдарламасымен 10 кәсіпкер жалпы мөлшері 67,8 млн теңге несие алған.

Ал облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша,   ақпараттық топ бір ай көлемінде Ақтөбе қаласында 6000-нан астам тұрғынмен 46 кездесу өткізген. Кездесулерде тұрғындар тарапынан атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, қоқыс шығару және қоғамдық көлікке қатысты сұрақтар қойылып, әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде қала тұрғындарын бағаның өсуі, автокөлік жолдарының сапасы, экологиялық мәселелер қатты алаңдататыны байқалған.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов жоба аясында атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 270 адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Сондай-ақ 195 тұрғын қысқа мерзімді кәсіби даярлаудан өткен.

Жиында сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин облыс орталығында жоба бойынша бір ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы баяндаса, облыстық денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы басқармалары мен облыстық полиция, тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерінің басшылары облыс әкімінің екпе алу, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жұмыссыз және жеке кәсіп ашқысы келетін тұрғындарға қолдау көрсету, медицина саласындағы бірқатар мәселелер бойынша қойған сауалдарына жауап берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі: 

— Облыстағы әрбір азамат мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықты сезінуі тиіс. Президенттің халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған тапсырмалары Ақтөбе өңірінде жүйелі түрде шешіліп келеді. Сондықтан өңір тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына барынша қолдау көрсетілуі керек. Сондай-ақ облыстағы дәстүрлі емес діни ағымдарда жүрген азаматтарды дәстүрлі дінге қайтару мақсатында жасалып жатқан іс-шараларды жандандырып, жастарға жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Ең бастысы, жоба аясында атқарылған шараларды жыл бойы жалғастырып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай жұмыс істеу керек, — деді.

Отырыс соңында облыс басшысы алдағы уақытта «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын бірнеше бағыт бойынша қарқынды жүзеге асыруды тапсырып, облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями