Популярные темы

Жақсының жарығы өшпейді

Дата: 03 октября 2019 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Жақсының жарығы өшпейді

Бір кездері орталығы Ембі қаласы болып, өзіндік жетістіктерімен айналаға танылған Мұғалжар ауданынан көптеген білікті кадрлар тәрбиеленіп, өсіп шықты. Солардың қатарында Жеткерген Оралмағамбетов те бар еді.

Жеткергеннің туып-өскен жері Шалқар ауданы, оның ішінде Талдықұм ауылы болғанымен, көпшілік жұрт оның есімін Мұғалжар өңірімен байланыстыратын. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, ол шынында жүрген ортасымен, араласқан ел-жұртпен етене байланысып кететін. Аз-кем әңгімеден соң ол өзі әңгімелесіп отырған адамымен ескі танысындай, байырғы жолдасындай болып кететін.

Жеткерген Тілеулесұлы Алматыдағы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Қостанай облысының  Наурызым ауданындағы «Молақсай» кеңшарында экономистік қызметке жіберіледі. Содан кейін көп ұзамай әскер қатарына шақырылып,  азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтады.

1980 жылдан оның еңбек жолы Мұғалжар ауданында  өрбиді. Асылтұқымды жылқы зауытына бас экономист болып тағайындалған ол әке тәлімімен істі бірден ілгері жылжытып алып кетеді.  Шамалы ғана  уақыт ішінде жігерлілігімен, іскерлігімен көрінген оны көп ұзамай комсомол қызметіне шақырады. Сөйтіп,   1984 жылы Мұғалжар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол кездегі тәртіп бойынша, партияның нұсқауымен комсомол көп жұмыстарды тікелей араласып жүріп атқаратын.  Жеткерген бұл қызметте де жасындай жарқылдап, жалынды жастардың нағыз көшбасшысы бола білді. Көптеген тың бастамалардың иесі атанып, жақсы істерді өмірге әкелуге ұйытқы болып жүрді.  Осы қызметте жүргенінде республика комсомолының XVI, сондай-ақ Одақ жастарының ХХ съездеріне делегат болып қатысты. Алқалы жиындардан келген соң облыс көлеміндегі кездесулерде ол сол уақытта маңыздылығы жоғары саналатын съезден алған әсерлерін көпшілікпен байыпты бөлісіп, салиқалы әңгімелер айтып, әсіресе жас буынды тәрбиелеу бағытында жұмыстар жүргізіп жүргеніне талай рет куә болғанбыз.

Әдетте комсомолда шыңдалған, өзін көрсете білген кадрларды одан әрі жауапты жұмыстарға жібереді. Жеткерген 1987 жылы «Жаңажол» кеңшары партия ұйымының  хатшысы болып сайланды. Бұл қызметті екі жылға жуық жемісті атқарғаннан кейін осы кеңшардың директоры болып тағайындалды. Ол директор болған бес жылдай уақыт ішінде шаруашылық ауданда алдыңғы қатардан көрінді. Елдегі еңбек адамдары жас басшыға сенді, оның соңынан ұйымшылдықпен ере білді. Сондықтан да шаруа бұл ауылда оңынан жүрді, артық-ауыз әңгіме өрбіген жоқ.

1992 жылы оны өзінің туып-өскен еліне, Шалқар ауданына жауапты қызметке — аудан әкімінің бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне  шақырды. Бұл кезде баяғы ауыл баласы ел сыйлайтын азамат деңгейіне көтерілген білікті басшы болатын. Мұнда төрт жыл басшылық тізгінін ұстаған кезең оңайға соққан жоқ. Өйткені нақ осы тұста бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, кеңшарлар таратылып, жекешелендіру бастау алған. Әр өзгерістің жақсы тұстарымен бірге қиындықтары да қатар жүреді. Соның барлығы әдетте аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына келіп шешімін табатын. Жеткерген салиқалы іс-қимылымен соның бәрін үйлестіріп отырғанын көпшілік жақсы сезінді.

1996 жылы ол Ырғыз ауданына әкім болып тағайындалды. Артынан естіп жатамыз, мұнда да сол елдің өз перзентіндей болып кетіпті. «Бұл киелі ел, қасиетті жер ғой» деп өзінің ақ ниетін білдіріп жүргенін де кейін талай байқадық.

Оның Ырғыздың 150 жылдығын атап өтуге көп еңбек сіңіргенін жергілікті азаматтар әлі күнге дейін ырза көңілмен айтып отырады. «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер фестивалі де сол тұстарда өрістеуі Жеткерген есімімен байланыстырылады.

Жеткерген Тілеулесұлы облыстың Қарғалы, Хромтау аудандарында да әкімдік қызмет атқарды. Әдетте басшы болу оңай емес. Артынан бағамдап қарасақ, сенімді кадр, білікті басшы ретінде оған үнемі жауапкершілік жүктеліп отырған екен ғой.

Облыстық көші-қон басқармасы мен төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке басшылық жасаған тұстарда да оның үнемі ат үстінде жүргендей күй кешкенін көрдік. Егер сол уақыттарда аталған салаларда жұмыс жүйелі жүріп, көптеген күрделі мәселелер орайымен шешімін тауып жатса, мұның барлығы тәжірибелі басшының ілкімді іс-қимылы нәтижесі деп ұққан дұрыс болар.

Ал ол облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанда көпшілік мұны дұрыс таңдау деп ұқты. Өйткені, облыстың жай-күйін, шаруаның ретін, басқа да жағдайларды нақ Жеткергендей білетін және жұртшылыққа сөзі өтетін, көпті соңынан ерте білетін адам сиректеу тұс еді ол.

Әдетте адамның жақсы қасиеттерін тегінен, берігірек алсақ, отбасындағы тәлім-тәрбиеден өрбітеді.

Жеткергеннің әкесі Тілеулес өз уақытында ішкі істер саласында қызмет еткен Оралмағамбеттен жалғыз ұл болыпты. «Жалғыздың жары — құдай» дегендей, ол жастайынан шаруақор, талапты болып өскен.  Сол Тілекең де өз заманында Шалқар өңіріне еңбегімен, іскерлік қабілетімен танымал азамат болған. Көп жыл бойы ферма меңгерушісі болып еңбек еткен. Оның іскерлігі, ұйымдастырушылық таланты туралы Талдықұм өңірінен шыққан азаматтар әлі күнге дейін айтады.

Жеткерген Тілеулестен тараған біраз баланың үлкені болып өсіпті. Тұңғыштың өзіндік ерекшелігі болады ғой, басқа бауырларына қарағанда кішкентайынан әжесінің жылы құшағы мен мейіріміне көбірек бөленген секілді.

Дегенмен, Тілеулес әке ретінде баласына қатаң талаппен қарап, қазақы малдың төресі — түйенің ботасын қарпып сүйгені секілді үнемі сынақ көзімен қарап отырғандай.

Мұғалжар асылтұқымды жылқы зауытына бас экономистік қызметке қабылданғанын айтқанда Тілеулес ағаның өзгелердің әкелері секілді бұған қуаныш білдірмей, «ойбай-ау, сен бас экономист түгілі жай экономисті атқарсаң да аз емес қой» деуі де сондай ретпен айтылса керек.

Сол бас экономистікті Жеткерген абыроймен атқарды. Жылқы зауытының экономикалық көрсеткіштері ауданды ілгеріге жетеледі. Сол ілгерілеуде оның да үлесі айтарлықтай еді.

Жалпы осы ауданда тұстас қызмет еткен көптеген азаматтар кейін жоғары лауазымдарға көтерілді. Кеңес Абдуллин, Балихан Жоламанов, Серік Шаңғұтов, Сағынадин Салықбаев, Жангелді Құрмашев, Жеткерген Оралмағамбетов, Бауыржан Қаниев және басқа да іргелес те өкшелес буын өкілдері жас кездерінен қатарласа еңбек етті, бір-бірін қолдады, жетістіктеріне қуанып, тілектестікпен жүрді.

Жеткерген елдің тарихын тануға, өткенді жаңғыртуға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға әрдайым көңіл бөліп жүретінін байқайтынбыз. Соның бір нәтижесі, шалқарлық қаламдасымыз Мұқанбетәли Есмағанбетовпен бірлесіп, «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесi» атты кітап дайындап шығарды. Бұл еңбектің халыққа қажеттігі болар, Алматы баспасынан араға шамалы уақыт салып, екі рет басылып шықты.

Журналистер Жанғабыл Қабақбаев, Рахымжан Өтеміс, басқа да бірқатар інілеріміз ол туралы әртүрлі басылымдарда азаматтың іскерлігін, әсіресе рухани бағыттағы сергектігін өзгелерге үлгі етіп жазып жүрді.

Ел өз жақсысын әсте ұмытпайды. Соның бір айғағы — алдағы жұма күні Жеткергеннің қажырлы еңбек еткен жылдары өткен Мұғалжар ауданында оның рухына арнап іс-шаралар өткізілмекші. Ембі қаласындағы «Нұр» мешітінде Құран оқылады.

Содан кейін Ембі қалалық №1 орта мектебінде Жеткерген Оралмағамбетов атындағы кабинеттің ашылу рәсімі болады. Сонымен бірге қалалық музейден арнайы бұрыш ашылмақшы. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен еске алу турнирі өткізіледі. Сөз арасында айта кетейік, Жеткергеннің өзі мектепте оқып жүргенде күреспен шұғылданып, институтта да осы өнерін кеңінен дамыта түскен екен. Сондықтан да мұндай сайыстың ұйымдастырылуы өзгеше бір сабақтастықты білдіріп тұрғандай.

Ал «Жақсының аты өшпейді» атауымен өтетін практикалық конференцияда Жеткергеннің өнегелі өмір жолы, еңбек ету кезеңдері, атқарған істері, ең бастысы азаматтық тұлғасы паш етілмекші. Содан кейін «Құстар қайтып барады» атты концерттік бағдарлама жиналғандар назарына ұсынылады.

Міне, осының бәрі өмірден ерте өткен нар тұлғалы азаматымызға деген құрмет, елдің өз жақсысын іздеуі деп білеміз.

Ол дүниеден өткен соң жыл шамасында «Жеткерген» атты естеліктер жинағы қолымызға тиді. Оның алғы сөзінде «…кітап қоғам қайраткері Жеткерген Тілеулесұлы Оралмағамбетовтің  көзі тірі кезінде өзі бастап кеткен туынды. Ол өзінің өмірі мен қызметі туралы баяндау арқылы туған жерге, халқына деген құрметін, қызметке  адалдығын  кейінгілерге үлгі  етуді көздеген. Бірақ, ол мұратына жете алмағанымен, жары Әнуар  оның аманатын орындады. Кітап өмір үшін күрес жөніндегі әдістемелік оқулық жүгін  көтеріп тұр» делініпті.

Осы кітапта Жеткергенмен бала кезден бірге өскен, қатар оқыған, кейін қызметте болған бірнеше буын өкілдері ол туралы жақсы көңілдерін білдірді, ойларын ортаға салды. Кітапты оқып шыққан адам жалындап өткен жақсы ғұмырдың шапағатын сезінеді, оның жақсы істерінің куәсі болады.

Жақсының жолы әманда жалғасын табады. Жеткергеннің ұлы Баубек биыл ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғанын естіп, көзімізге жас алып қуандық. Баубек баламыздың бауырлары Гүлдана, Ақбота, Ағлен де бүгінде өмірден өз орындарын тауып, барлығы бірдей аналары Әнуардың жанына сая болуды дұрыс көреді.

…Оның арамыздан кеткеніне төрт жыл уақыт өтіпті. Күні кеше сияқты еді оның ортамызды толтырып жүргені. Жайдары күлкісі, жүріс-тұрысы, сөз саптауы бәрі көз алдымызда…

Ел серкесі сынды үнемі алдыңғы қатарда жүретін атпал азаматымыздың орны оңалып жатқаны жүрегімізді жылытады. Тәубе етерлігіміз де сол…

 Қуаныш КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями